Кот

Мысық 9 айлық сәбиді тұншықтырып өлтірді

383
(Жаңартылды 10:14 03.12.2019)
Әйел баласын үйдің ауласында арбаға жатқызып, кетіп қалған, қайтып келгенде нәрестенің үстінде мысық жатқанын көрген

НҰР-СҰЛТАН, 3 желтоқсан – Sputnik. Украинаның Винница облысында жазатайым оқиға болып, салдарынан тоғыз айлық қыз көз жұмды.

30 қарашада 22 жастағы қыздың анасы ұйықтап қалған баланы үйінің ауласында тұрған бесікарбаға жатқызып, үй шаруасымен айналысқан.

Ол қайтып келгенде, баланың үстінде мысық жатқанын көрген, деп хабарлады Vinbazar жергілікті жаңалықтар порталы.

Баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілді. 

Қыздың ата-анасымен психологтар жұмыс істеп жатыр. Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады.

Екі жасар қыз анасын абайсызда қылқындырып өлтірді

Бұған дейін екі жасар қыз анасын кездейсоқ өлтіріп қойғаны хабарланған еді. Әйел баланы көліктің терезесінен алмақ болған, осы кезде қыз әйнек көтергіштің түймесін басып жіберген.  

383
Кілт сөздер:
Украина, мысық
Тақырып бойынша
Көкшетаулық жігіт әкесінің қол-аяғын байлап, қарға іш киіммен тастап кеткен
Бес жануар сарқырамадан пілдің баласын құтқарамын деп өздері де өлді – видео
Терісі салбырап қалған: жауапсыз ана баласын өлтіріп алды
Еуроодақ жалауы

Келешекте АҚШ пен Еуропаның арақатынасы қалай дамуы мүмкін

10
Еуропалық Кеңестің басшысы Шарль Мишель Еуроодақ атынан Джо Байденге "күшті трансатлантикалық альянсты" қалпына келтіруді ұсынды

Егер ол Ақ үйге кірсе, оның ақиқатқа айналуы әбден мүмкін. Ал мұндай бастаманың АҚШ-тың ықтимал мемлекеттік хатшысы "Вашингтон батпағының" тазартылған өнімі әрі "әлемдік альянстардың қорғаушысы" Энтони Блинкеннің атынан ұсынылуы, жоспардың жүзеге асуының белгісі іспетті, деп жазады РИА Новости.

Батыс Еуропаның Джо Байденді АҚШ президенті рөліне қосқанына қуанышты болатыны о баста белгілі болған. Еуропалық көшбасшылар оны сайлаудағы жеңісімен едел-жедел құттықтап, Германия "Трамппен тағы төрт жыл жұмыс істеуге" ықыласы аумағанын ашық мойындады.

Сонымен қатар, өз елін АҚШ-қа құрбан етуге дайын америкашыл күштер Еуропада да жеңіске жетті деп болжауға болады. Алайда, нақты фактілер керісінше сөйлейді. Мысалы, Германия үкіметі "Солтүстік ағын–2"-ге қарсы АҚШ-та пысықталып жатқан экстерриториялық санкциялардың қолайсыздығы туралы өз ұстанымын тағы бір рет растады.

Осылайша, Еуропа өзінің мүдделерін қорғау және геосаяси рөлін күшейту үшін дегенінен таймауды жалғастыруда. Бірақ Вашингтондағы билікке күштің қайта оралуын қызу қолдайды. Ал оларға бұл теория жүзінде мүлдем қолайсыз.

Мұндай таңқаларлық қайшылықтардың шешімін төрт жыл бұрынғы оқиғалардан іздеу керек.

Ақ үйге келген Дональд Трамп алдын ала дайындалған көптеген шаралардан, тіпті Америка Құрама Штаттарының қатысуымен қол қойылған халықаралық келісімдерден бас тартты. Осы уақытқа дейін кеңінен танымал болған әйгілі Трансатлантикалық сауда және инвестициялық серіктестіктің да тағдыры дүдәмал күйге түсті. Дабыл қағушылар Американың көмегімен оның Еуропадағы ресурстарын өз пайдасына сорып алатындығын ескертті.

Алайда, Трамп өзінің президенттігі жылдарында еліне экономикалық пайда келтіру үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды. Оның үстіне, ол бірнеше рет бұл келісімдердің барлығы АҚШ үшін өте қолайсыз екенін мәлімдеді. Бизнесте мол тәжірибесі бар қаһарлы америкалық патриотқа сенуге болады деген күдік те жоқ емес.

Ең негізгі қате түсінік – глобалистердің (соның ішінде америкалықтардың) ұлттық бағыттағы мүдделері бар деп болжау. Олар үшін АҚШ негізгі эмиссия орталығы және планетаның ең қуатты армиясы ретінде өте маңызды бола алады. 330 миллионға жуық халқы бар алып мемлекет өз алдына, оған ақша салудан және оның мәселелерін шешуден гөрі оны есептен шығару оңайырақ.

Бірақ глобалистердің әлем азаматтары ретіндегі шынайы мүдделері мен сентименталды сезімдері мүлде басқа жерлермен байланысты болуы мүмкін. Сол Энтони Блинкен балалық шағының маңызды бөлігін Парижде өткізді және еуропалық өгей әкесі оның жеке тұлға болып қалыптасуына қатты әсер етті. Сондықтан да оның мемлекеттік хатшы ретінде тек АҚШ-тың ұлттық мүдделерін басшылыққа алатындығына күмән тууы орынсыз емес.

Мұндай жағдайда Еуропаның позициясы мағыналы. Соңғы онжылдықта ол "еркін әлемнің көшбасшысына" және жалғыз супер державаға тізе бүгіп, сәлем бере отырып, түп-тамырынан ажыраған америкалық терең мемлекетпен өзара әрекеттесу арқылы өз дегеніне жетуді үйренді. Мысалы, Иранның ядролық келісімін алайық. Оны Обама президенттігіндегі жетістіктің бірі деп атайды, бірақ оған АҚШ-қа қарағанда ЕО анағұрлым қызығушылық танытты.

Сонымен қатар, ЕО-ға мемлекеттер көп жағдайда қажет. Атап айтқанда, еуропалықтардың өз армиясын құруға деген ұмтылысы бар және ол еліктеу емес. Ал ақиқатына келгенде әскери күш – оңай емес. Бұл мағынада америкалықтарға балама жоқ және жақын болашақта болжанбайды. Бірақ Трамп кәрі құрлықтағы әскери "қолшатыр" үшін ең жоғары мөлшермен төлем төлеуге мәжбүр етті. Ал Брюссель мен Берлиннің "Вашингтон батпағымен" бітімгерлік келісімге келуге әлі де мүмкіндігі бар.

Еуропалық Одақ Ресейге қарсы геосаяси, экономикалық және әскери тепе-теңдікте әлі де қажет. Әйтпесе, Мәскеу батыс Еуропа астаналарын қуанта қоймайтын тым қолайлы жағдайлар жасауда.

Нәтижесінде парадоксалды жағдай туындайды: көпшіліктің көз алдында Еуропа АҚШ үшін тұтынылатын зат болып көрінгенімен, іс жүзінде еуропалық сатқындықтың құрбаны болып, өз элиталарына сатқындық жасау мүмкіндігі артқан америкалықтарға жаны ашитын кез келді.

10
Кілт сөздер:
еуропа, АҚШ
коронавирусқа қарсы вакцина

G20 саммитінде ескерусіз қалған мәселелер

16
G20 виртуалды саммиті қатысушылардың күш салуына қарамастан, жаһанданудың өлгенін, постковидті әлемде жеке-даралылық орын алғанын көрсетті

Мұнда мәселе шартты "америкалық бірполярлы әлемге" қарсы сөз байласуда немесе ХХ ғасырдың екінші жартысының үлгісі бойынша "блоктық қарсы тұруды" қайта тірілтуде емес. Деглобализация және көпполярлылық – бұл вашингтондық немесе брюссельдік "басшылардың" не ойлайтынына қарамастан орын алған ақиқат, деп жазады РИА Новости.

Мәселелерді талқылауға арналған бірыңғай саяси тілдің жоқтығы секілді бірыңғай әлемдік саяси күн тәртібінің жоқтығы проблема болып отыр. Оның үстіне, әлемдік қауымдастық үлгі алатындай "геосаяси камертон" да жоқ. 

Коронавирус пандемиясынан бастап экономикалық дағдарысқа жалғасатын ортақ проблемалар бар болғанымен, олардың ортақ шешімі принципті түрде жоқ. Себебі, жаһандық деңгейде мемлекеттер арасындағы өзара әрекеттестік нөлге дейін төмендеді. Яғни, нақты бір елдің қандай да бір табысы бәсекелестердің жеңіліс табуы секілді бағаланады. Геосаяси бәсекелестердің қайсыбірі кез-келген имидждік, саяи немесе экономикалық жеңісті өз қоржынына салмауы үшін ортақ мүдделерді құрбан етуге дайын.

Бұл сөзге айқын мысалдар келтіруге болады. "Жиырмалықтың" саммитінде ҚХР елдер арасындағы жүріс-тұрыс пен келім-кетімді қайта ашатын қандай да бір цифрлық механизм құруды ұсынды. Бұл әлемдік экономикаға, халықаралық саудаға және туризмді қалпына келтіруге үлкен қолдау болар еді. Қытай тестілердің нәтижелеріне негізделетін "Денсаулық QR-кодын" өзара мойындаудың халықаралық механизмін құруды ұсынды.

"Оған мейлінше көп ел қосылады деп үміттенемін", - деді Си Цзиньпин.

Әділін айту керек, қандай да бір турист, дипломат немесе бизнесменнің дені сау және түрлі шекаралық шектеулерге қарамастан мемлекеттердің аумағына кіре алуын қамтамасыз ететін халықаралық және жаппай мойындалған "цифрлық растауды" құру өте жақсы идея. Бұл шара дәл қазір аса қажет болып тұрғанымен, оны жаһандық деңгейде жүзеге асыру мүмкіндігі жоқтың қасы. Бұған дәл осы ұсынысты Си төрағаның ұсынуы да өз ықпалын тигізеді. Себебі, батыс көшбасшыларының имидждік көзқарасы бойынша қытайлық ақпараттық технологиялардың жоғары дамуын паш ететін ресми Бейжің ұсынысына келісуге болмайды. Бұл – принцип.

Келесі мысал кедей елдер үшін коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның қолжетімсіздігі турасында болмақ. Бұлай болған жағдайда ол елдер "коронавирустың ошағына" айналуы ықтимал. Владимир Путин өз сөзінде вакциналауға жаһандық қолжетімділікті қамтамасыз ету қажеттілігін баса айтты: "Ресей осы саммиттің тиімді және қауіпсіз вакциналарды барлығы үшін қолжетімді етуге бағытталған шешімдер жобасын қолдайды. Біздің ел, әрине, мұқтаж мемлекеттерге біздің ғалымдар әзірлеген вакцинаны ұсынуға дайын. Бұл әлемде бірінші болып тіркелген және адамның аденовирустық векторлары платформасындағы " Спутник V" вакцинасы, новосібірлік ғылыми орталықтың "ЭпиВакКорона" вакцинасы да дайын. Қазір ресейлік үшінші вакцина әзірленіп жатыр.

Пандемияның ауқымы бізді барлық қолда бар ресурстарды пайдалануға міндеттейді. Біздің ортақ мақсатымыз – вакциналық препараттар портфелін құрып, бүкіл ғаламшар тұрғындарын сенімді қорғаныспен қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз, құрметті әріптестер, барлығымызға жеткілікті жұмыс бар және бәсекелестік болғанымен, біз ең алдымен гуманитарлық ойларды басшылыққа алып, осыны алдыңғы қатарға қоюға тиіспіз".

Декларациялық деңгейде барлығы дұрыс болғанымен, "Жиырмалық" әлдеқайда қолжетімді және тиімді вакциналарды қолдану арқылы кедей мемлекеттердің халқын вакциналауды ортақ қаржыландыру қорын құруға келісім бермейді. Себебі, бұл америкалық және еуропалық препаратқа қарағанда арзан ресейлік "Sputnik V" вакцинасын қолдануды білдіреді.

Владимир Путин бәсекелестікті бір шетке ысырып қойып, гуманизм көзқарасымен адамгершілік танытуға шақырды. Бірақ, оның бұл үндеуіне құлақ асатындар кемде-кем. Оның үстіне, батыстық БАҚ ресейлік және қытайлық вакциналарды қаралау бағытындағы ақпараттық-насихаттау жұмыстарын бәсеңдете қойған жоқ.

G20 саммитінде субстанциялық диалог орнатылмаған мәселелер тақырыбын ұзақ жаза беруге болады. Оның қатарында ДСҰ реформасы, дамушы елдердің валюталық қарыздары, протекционизмге бағытталған жаһандық тренд те бар. Батыс көшбасшылары нақты позицияны ұстанатын секілді: біз көп сөйлейміз, біз ешкімді тыңдамаймыз және барлығы біздің айтқанымызды бұлжытпай орындап, шешімдерімізбен келісуі керек. Ел президенті ауысқаннан кейін де Вашингтонның бұл позициясы өзгере қоюы екіталай.

G20 саммитіндегі субстанциялықтың жоқтығы әлем "геосаяси блоктар" бәсекелестігі мен "америкалық әлемді" қалпына келтіруге қарай дамып келе жатпағанын айқын көрсетті. Олардың бағыты мүлде бөлек. Әлем елдері тек екіжатқы келіссөздер жұргізу арқылы ғана күрделі мәселелердің де шешімі табуға болатынын түсініп, осы бағытты бетке алды.

16
қалам, иллюстрация

2021 жылғы атаулы күндер мен мерейтойлар

0
2021 жылы елімізде қандай атаулы даталар мен мерейтойлар аталып өтетінін Sputnik Қазақстан материалынан біле аласыздар

Исатай Тайманұлының 230 жылдығы

Исатай Тайманұлы 1791 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Тайсойған құмында "Тайман жалы" деген жерде дүниеге келген. Кіші жүздің беріш руынан шыққан. Жоңғар шапқыншылығы кезінде атағы шыққан Ағатай батырдың ұрпағы.

Тайманұлы 1836-38 жылдары Батыс Қазақстанда болған халық көтерілісінің саяси көсемі, қайсар қолбасшысы ретінде таныс. Әуелде Исатай Таймаұлына жала жабылып, ол 1818 жылы Сарайшық түрмесіне қамалады. Беріштің биі Жүзбатыр 20 мың сом ақша беріп, оны түрмеден босатып алады. Ішкі Ордадағы қара халықтың мұң-мұқтажын қорғап, сұлтандар мен билердің әділетсіздігін, зорлық-зомбылығын әшкерелеймін деп жүріп, Исатай 1824 жылы тағы да тұтқындалып, Орынбор түрмесіне жабылған. Тағы да кінәсі дәлелденбей, босатылған. 

19 ғасырдың 30 жылдары әртүрлі алым-салықтан күйзелген, жайылым жерден айырылған халық қару алып, көтеріліске шыққан. Бұл 1836-37 жылдары Бөкей хандығындағы Тайманұлы бастаған халық азаттық көтерілісі еді. Исатайдың жанында рухты өлеңімен жігерлендірген Махамбет Өтемісұлы да болды.

1838 жылы Ақбұлақ өзенінің жағасындағы кескілескен шайқаста Исатай батыр да, оның 16 жасар ұлы Оспан да қаза табады.

Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы

Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин 1841 жылдың 20 қазанында қазіргі Қостанай облысы, Қостанай ауданында дүниеге келген. Үш-төрт жасында әкесі Алтынсары қайтыс болып, атасы Балғожаның қолында өскен.

Қыпшақ тайпасының ұзын руынан шыққан. Атасы Балғожа би өз аймағының атақты кісілерінің бірі болған. Ол кішкентай Ыбырайды Орынборда ашылады деген орыс-қазақ мектебіне күні бұрын жаздырып қояды. Мектеп 1850 жылы ашылып, оған қабылданған отыз қазақ баласының бірі – тоғыз жасар Ыбырай болды.

1879-1883 жылдар аралығында Торғай облысының төрт уезінде (Торғай, Ырғыз, Троицк, Ақтөбе) жаңа мектептер ашылады. 1883 жылы Торғай қаласында қолөнер мектебі ашылды. Ол қазақ даласындағы техникалық білім беретін тұңғыш оқу орны болды. Ыбырай қазақ қыздарын оқыту ісіне ерекше көңіл бөледі. 1887 жылы Ырғызда қыздар мектебін ұйымдастыраған.

Өзі 1876 жылдан бастап "Қазақ хрестоматиясын" жазуға кірісіп, оны 1879 жылы Орынборда бастырып шығарды. Жинаққа кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады.

Алтынсариннің "Қарға мен түлкі", "Әй, достарым", "Әй, жігіттер", "Өзен" өлеңдері мен "Асыл шөп", "Ақымақ дос", "Бір уыс мақта", "Білгеннің пайдасы", "Бай баласы мен жарлы баласы", "Жаман жолдас", "Жамандыққа жақсылық" секілді бірқатар әңгімесі бар.

Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл

Жамбыл Жабаев 1846 жылы 28 ақпанында Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл "Шағым", "Жылқышы", "Шәбденге", "Сәт сайланарда", "Өстепкеде", "Патша әмірі тарылды", "Зілді бұйрық" сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен.

Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған.

Жамбыл 1945 жылы 22 маусымда Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Ата тегі – Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы – атақты Сұлтан Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей осы Сұлтан Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед туады.

Әлихан жасынан зерек, алғыр болып өскен. Әкесі оны Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың оқуына берді. Бірақ кішкентай Әлихан молданың оқуына қанағаттанбай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке өз қалауымен ауысады. Оны бітіргеннен кейін Қарқаралы қаласының қазақ балаларына арналған метепте жеті жыл оқыған.

1886 жылы Омбыдағы 4 жылдық техникалық училищеде, одан кейін Санкт-Петербург қаласындағы Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде білім алды. Әлихан Бөкейхан Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломын да алып шыққан. Ал оқудан кейін Омбы қаласына қайта оралып, орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінен оқытушы болып жұмыс істейді. Сол кезде "Степной край" газетінің редакция алқасына кіреді.

Әлихан Бөкейхан қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулерді ғана емес, тарих, этнография, әдебиет пен фольклорге арналған жүздеген мақала жазды. "Қозы Көрпеш – Баян Сұлу", "Ер Тарғын", "Ер Сайын" сынды халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгісін жинақтап, баспадан шығарды.

1916 жылы жер аудару мерзімі бітіп, Самарадан Орынборға келген Әлихан бірден қаланың қоғамдық, саяси өміріне араласып кетеді. Қаланың қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады.

Артынша, 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, Әлихан Бөкейхан сол алғашқы Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.

1937 жылдың 27 қыркүйегінде қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым Әлихан Бөкейханов жалған айыппен Мәскеуде өлім жазасына кесіледі. Үкім сол күні-ақ жүзеге асырылды.

Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы

Мұңайтпасұлы құжат бойынша 1871 жылы 7 сәуір күні қазіргі Ақмола облысының Қараөткел ауылында дүниеге келген. Алайда оның туған жеріне қатысты басқа да пікірлер бар. Зерттеушілердің бір тобы оны Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында 1883 жылы дүниеге келді деп пайымдайды.

Палуан дүниежүзінің 30-ға жуық мемлекетін аралап, 50-ден астам медаль жеңіп алған.

Мұңайтпасұлы 17 жасқа толмай жатып, мықты палуан ретінде таныла бастады. Оның Ақмола облысы бойынша барлық атақты палуандарды жеңгені туралы әңгіме бүкіл қазақ даласына тез тарап кетеді. Ал 18 жасында оны циркке жұмысқа шақырған.

1905 жылы Қажымұқан алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Харбинде өткен жарыста "джиу-джитсу" күресінен алтын медаль жеңіп алды. Осы додадан кейін  "Маньчжурия чемпионы " деген атаққа ие болды. Ал бір жылдан кейін Алманияда өткен дүниежүзілік жарыста да топ жарды.

Мұңайтпасұлы тұратын үйде қонақта болған филолог-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев палуанның физикалық өлшемдерін жазып алған. Сол кезде 75 жастағы палуан жалаңаш тұрғанда 174 келі тартқан. Шалбарының өзіне үш метр мата, көйлегіне 6 метр сұрып кетеді екен.

Жақып Ақбаевтың 145 жылдығы

Алаш зиялысы, күрескер, қайраткер, Алашорда үкі­ме­ті­нің мүшесі, заңгер, қазақтың тұңғыш құқық магистрі Жақып Ақбаев 1876 жылы 25 қазанда Семей облысы, Қарқаралы уезі, Берікқара болысы №3 ауылдың Төңіректас деген жерінде дәулетті отбасыда туған. Арғын тайпасы, қаракесек руының сары танас бұтағынан шыққан.

1903-1905 жылы Омбы сот палатасында, округтік сотта қызмет еткен. 1905-1907 жылдардағы Ресейдегі төңкеріс саяси белсенділігіне қозғау салып, митингілерге қатысқан.

1907-1927 жылы Семей, Сырдария, округтік губерниялық соттарында лауазымды қызметтер атқарған, 1907 жылдан Орыс географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүше болды.

1917 жылы "Алаш" партиясын, "Алашорда" үкіметін ұйымдастырушы қайраткерлердің қатарына қосылып, осы жылдың 21-28 шілдесінде Орынборда өткен бүкілқазақ съезіне қатысады. Орынбордағы екінші бүкілқазақ съезінде "Алашорда" үкіметінің мүшелігіне еніп, онда 26,5 мың адамнан құралған тұрақты әскер құру идеясын көтереді.

1928 жылы Голощекиндік саяси айыптаулардан аулақ болу мақсатында елден тысқары кетіп, Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі болады. Көп ұзамай бұл қызметтен шеттетіліп, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Новотроицкое селосында тұрып, ғылыми-шығармашылық жұмыспен шұғылданады.

1932 жылдың сәуір айында Воронеж облысына 5 жылға жер аударылады. Айдаудағы ауыр азаптан денсаулығы әбден нашарлаған соң, оған рақымшылық жасалған. Ол мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға емделуге рұқсат алады. Ғалым 1934 жылы 4 шілдеде өмірден өтті.

Жақып Ақбаев Қазақстан Жоғарғы сотының 1958 жылдың 28 ақпандағы шешімімен толық ақталды.

Серке Қожамқұловтың 125 жылдығы

Серке (Серәлі) Қожамқұлов 1896 жылы 5 мамырда Қостанай облысы, Қарабалық ауданына қарасты он үшінші ауылда дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Серәлі. Бала күнінде анасы еркелетіп, "Серкем менің!" деп атаған.

Ол Тройцк қаласындағы медреседе білім алған. Азамат соғысы кезінде Серке Қожамқұлов Әліби Жангелдиннің партизандық отрядында болады. Кейін білімін Орынбор қаласында жалғастырады. Оқу орнында, әскерде белсенділік танытып, әуесқой қойылымдарға қатысқан.

1923 жылы оқуын бітіріп, Қостанай қаласында сот тергеушісі болып жұмысқа орналасады. Ол жақта әртістік қабілетімен танылып, 1925 жылы тұңғыш Қазақ театрына режиссерлік қызметке жіберілген. Ол Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың іргесін қалаушылардың бірі болды. Театрда режиссер болып, сахнада Мырқымбай, Қоңқай, Көбікті, Қарабай, Еспембет сияқты образдарды сомдады.

Серке Қожамқұлов қазақ кинематографиясының дамуына сүбелі үлес қосты. "Амангелді", "Ақ раушан", Шәкен Аймановтың "Алдар көсе", "Біздің сүйікті дәрігер" музыкалық комедиясында басты рөлдерде ойнады.

Ахмет Жұбановтың 115 жылдығы

Ахмет Қуанұлы Жұбанов Ақтөбе облысы Темір ауданында 1906 жылы 29 сәуірде дүниеге келген.

1933 жылы Алматы музыкалық драма училищесіне ұстаздық қызметін бастаған.

Жұбанов қазақ музыкасының тарихы мен теориясын зерттеумен айналысқан. 1936 жылы "Музыка әліппесі" атты тырнақалды кітапшасы жарық көрген.

1945-1951 жылдары Алматы консерваториясының ректоры, 1954-1961 жылдары осы консерваториядағы өзі ашқан халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі болып, қазақ халық музыкасының тарихынан, дирижерлік өнер мен аспаптанудан сабақ берді.

Латиф Хамидидің 115 жылдығы

Композитор Латиф Абдулхайұлы Хамиди 1906 жылы 17 шілдеде Қазан губерниясының Бували ауылында қарапайым татар отбасында дүниеге келген.

Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері болып, Чайковский атындағы музыкалық училищеде, қазақ консерваториясында ұстаздық еткен.

Композитордың Ұлы Отан соғысы жылдары жазған "Аттаныңдар майданға", "8-гвардия дивизиясының әні", "Батыр қыз", "Нүркен" әндері бар.

Ол 1983 жылы Алматыда қайтыс болды.

Мәриям Хәкімжанованың 115 жылдығы

Ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хәкімжанова 1906 жылы 16 қарашада Қостанай облысы Қостанай ауданы Қобыланды ауылында туған.

Алғашқы өлеңдері 1929 жылы "Әйелдер теңдігі" журналында жарық көрді. "Жеңешем өлеңдері" деген алғашқы жинағы 1935 жылы басылып шықты.

Кеңес одағының батыры Мәншүк Мәметов жайлы "Мәншүк" поэмасын жазған. Ол 1945 жылы қазақ тілінде, 1947 жылы орыс тілінде жарық көрді.

Ақын 1995 жылы Алматы қаласында дүниеден өтті.

"Айқап" журналының шыққанына 110 жыл

Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығашының бірі "Айқап" журналының алғашқы саны 1911 жылы 10 қаңтарда Троицкіде шыққан. Ұйымдастырушысы және баспагер, редакторы Мұхамеджан Сералин болды.

"Айқап" журналының алғашқы санында Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың ғылым мен білімді игермегенін мәселе етіп көтерген мақаласы жарияланды. Қаржының тапшылығынан журнал бірінші жылы айына бір рет, шағын көлеммен жарық көрді.

1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен 12-24 бет көлемінде жарияланды.

Журнал 1911 жылғы қаңтардан 1915 жылғы қыркүйекке дейін шықты. Барлығы 88 нөмірі тарап, таралымы 1000 данаға дейін жетті.

Міржақып Дулатов бұл басылым туралы "білім әлеміне ашылған бір терезе болды" деп жазған.

Қасым Аманжоловтың 110 жылдығы

"Өзге емес, өзім айтам өз жайымда" деп жырлаған ақын Қасым Аманжолов 1911 жылы 10 қазанда қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы Қызыларай қыстауында дүниеге келген.

Әке-шешеден жастай жетім қалып, біраз жыл ағасының қолында өседі. Ес білген соң туған ауылында жаңадан ашылған ауыл мектебінде оқып, сауатын ашқан.

Алғашқы өлеңдерін 1927 жылдан кейін Семей мал дәрігерлік техникумында оқып жүрген жылдары жазған.

1930 жылы Алматыға келіп, біраз уақыт "Лениншіл жас" газетінде істейді. Кейіннен Орал қаласында "Екпінді құрылыс" газетіне қызметке орналасқан. Сол жерде жүріп 1933 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанды.

Ақын  "Социалистік Қазақстан", "Лениншіл жас" газеттерінде, Жазушылар одағында қызмет атқарады. 1938 жылы тұңғыш өлеңдер жинағын "Өмір сыры" деген атпен жарыққа шығарады.

Қасым Аманжолов ұзаққа созылған науқастан 1955 жылдың 17 қаңтарында қайтыс болды.

Хамит Ерғалидің 105 жылдығы

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Хамит Ерғали 1916 жылы Атырау облысы Махамбет ауданы Новобогат жерінде дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты – Ғабдолхамит. Кіші жүздің тама руынан шыққан.

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқыған ақынның алғашқы өлеңдері Гурьевтің облыстық газетінде 1936 жылы жарияланды.

1941-45 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Хамит Ерғали 30-ға тарта жыр жинақтың авторы, "Әке сыры", "Үлкен жолдың үстінде", "Біздің ауылдың қызы", "Сенің өзенің", "Оралдағы отты күн", "Құрманғазы", "Күй дастан" поэмаларын жазған.

1981 жылы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болды, екі рет "Қызыл ту" орденімен марапатталған.

Верныйдың Алматы болып өзгергеніне 100 жыл

Алматы – Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан қала. Кей деректе біздің заманымызға дейінгі 7 ғасырларда бұл маңды сақтар, кейіннен үйсіндер мекендегені туралы дерек бар. Себебі сол кезеңнен көптеген қорған мен қамал сақталған. Алматы маңы Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" соның бірден бір дәлелі.

Қаланың жаңа тарихы Ресей үкіметінің 1854 жылы Верный әскери бекінісін құруымен байланысты. 1855 жылдың ортасынан бастап бекініске орыс қоныс аударушылары келе бастады. Олардың келуімен Верный қарқынды дами түсті.

1865 жылы он бірінші сәуірде Верный бекінісінің атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы болды. Алайда дәл осы жылы "Дала комиссиясының" шешімімен бұл атау өзгертіліп, Верный қаласы болып ауысты. Қала атауын алған Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы болды.

Алматы алманың отаны саналады. 1921 жылы Верный атауы Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Cібір теміржолы салынатын болды. Түркісіб құрылысы бұл қаланың Қазақстанның астанасы болуға ықпал етті.

Осылайша, 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызыл-Ордадан Алматыға көшірілді.

Алматы атауы қалаға 1993 жылы берілді.

Алматы қаласында қазір сегіз аудан бар: Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Наурызбай, Медеу, Түркісіб. 2020 жылдың басындағы дерек бойынша қалада 1 916 822 адам тұрады.

Қапан Мусиннің 100 жылдығы

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Қапан Әубәкірұлы Мусин 1921 жылы Батыс Қазақстан обылысы Жәнібек ауданының Ақоба ауылында дүниеге келген. 1939-1941 жылдары Мәскеу консерваториясының қазақ студиясында дәріс алған. Ұлы Отан соғысының ардагері.

1943-1953 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің дирижері болды. 1960 жылдарға дейін Алматы консерватиясында ұстаздық қызмет атқарған.

Қапан Мусин халық аспаптары оркестріне поэмалар, симфониялық оркестрге арналған үш симфония және атақты "Жайлауда" атты симфониялық поэмасын, "Халық бақыты үшін", "Мереке" поэмаларын жазды.

Ол 1970 жылдың 21 сәуірінде Алматы қаласында қайтыс болды.

"Ақиқат" журналының шыққанына 100 жыл

Ұлттық-қоғамдық саяси журнал 1921 жылы 15 қыркүейкте "Қызыл Қазақстан" газеті деген атаумен Орынборда жарыққа шықты.

1925 жылы шілдеден бастап 1929 жылдың соңына дейін "Қызыл Қазақстан – Красный Казахстан", 1930-31 жылдары Алматыда "Қазақстан большевигі – Большевик Казахстана", 1932-38 жылдары "Ауыл коммунисі", 1938-41 жылдары "Коммунист", 1952-57 жылдары "Қазақстан коммунисі – Коммунист Казахстана", 1958-91 жылдары "Қазақстан коммунисі" деген атпен шығып отырды.

1991 жылдан бастап "Ақиқат" журналы деп аталды.

"Жас Алаш" газетіне 100 жыл ("Лениншіл жас")

Газеттің алғашқы саны 1921 жылы 22 наурызда Ташкентте шыққан. Ұйымдастырушысы әрі бас редакторы Ғани Мұратбаев болды. Ал газет редакторының жауапты хатшысы Ілияс Жансүгіров болған.

Алайда газет әр жалдары басқа атпен шығып тұрды, оған сол кездегі қаржы тапшылығы әсер еткен. Газет 1927 жылы 22 қыркүйектен "Лениншіл жас" деген атпен шыға бастады.

Газетте Смағұл Сәдуақасов, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов мақалалары жарияланып тұрды.

Қазақстан өз алдына тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін газетке "Жас алаш" атауы қайтарылды.

Салық Зимановтың 100 жылдығы

Қоғам қайраткері, заңгер Салық Зиманов 1921 жылы 2 сәуірді Атырау өлкесінде дүниеге келген.

1990-95 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесіне халық депутаты болып сайланған. Жоғарғы кеңес төралқасының, сыртқы қарым-қатынастар мен парламентаралық байланыстар комитетінің мүшесі, ардагерлер мен мүгедектер жөніндегі комитет төрағасы болды.

Заңгер ретінде тәуелсіздік алған Қазақстанның халықаралық қарым-қатынасын заңдастырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру, президенттік басқару институтын енгізу, құқықтық-демократиялық реформаларды жүргізу ісіне араласқан.

1992-93 жылдары Қазақстан Республикасы президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болды.

Зиманов 1998 жылы "КСРО-дағы автономиялау теориясы мен практикасы" ғылыми еңбек жазды, ол жерде КСРО-ның ыдырап, тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жайлы жазылған.

0
Кілт сөздер:
мерейтой, атаулы даталар, атаулы күндер