Ребенок у окна, архивное фото

Мас адам бір отбасын ойрандады: 12 жасар бала ғана аман қалды видео  

943
(Жаңартылды 16:15 04.12.2019)
Ер адам бұрынғы әйелін, сондай-ақ 19 жастағы өгей баласы мен туған ұлын пышақтап тастады. Қанды қырғыннан отбасының бір ғана мүшесі – 12 жасар бала аман қалды

НҰР-СҰЛТАН, 4 желтоқсан – Sputnik. Татарстанда ер адам бұрынғы әйелін, үлкен өгей баласы мен туған ұлын пышақтап өлтірді. Он екі жасар жасөспірім қашып құтылған.

Әлеуметтік желіде "Россия 24" телеарнасы жариялаған видеодан жараланған баланың көмек шақыру үшін тәулік бойы жұмыс істейтін наубайханаға жүгіріп кіргенін көруге болады.

Дүкен қызметкерлері есеңгіреп қалған жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырған. Кейін бала ауруханаға жеткізілді.

Қайғылы оқиға Татарстанның Менделеевск қаласында болған. Үш рет сотталған ер адам бұрынғы әйелін, екі жасар туған ұлын және 19 жастағы өгей баласын өлтірді, деп жазды РИА Новости. Тергеушілердің айтуынша, ер адам мас күйінде отбасы мүшелеріне пышақ салған.

"Балталап тастадым": павлодарлық қанішердің өлер алдындағы ашық әңгімесі 

Алдын ала мәлімет бойынша, қаскүнемнің 12 жасар өгей баласы ғана аман қалды. Қылмыс жасалған кезде ол өз бөлмесінің есігін іштен іліп алған. Кейін пәтердің терезесінен секіріп түсіп, оқиғаның мән-жайын хабарлаған.

943
Кілт сөздер:
видео, қанды қырғын
Тақырып бойынша
Екі миллион доллар: Алматыда бұрынғы прокурор үш адамды жайратып салды
Балалар үйіндегі қанды қырғын: павлодарлық үш жасөспірім 6 адамды қалай өлтірді
Күйеуін өлтіріп, анасының қабіріне көмген: елордалық әйелдің адам шошырлық қылмысы
Ресейде ер адам балабақшаға баса-көктеп кіріп, баланы өлтірді

АҚШ әскери-теңіз флотын қайта жарақтандырмақ

24
Ондаған кеме мен сүңгуір қайықтар, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін жеңу, ғаламдық жылдам соққы жасау стратегиясы – Пентагон барлық "Арли Бёрк" класындағы эскадрильялық жойғыштарды гипердыбысты зымырандармен қайта қаруландыру туралы шешім қабылдады

Бұл ауқымды жоба жетпістен астам жойғышты қайта жарақтандыруды көздейді, деп жазады РИА Новости.

Пентагонның жоспарына сәйкес, жаңа "Виргиния" атомдық сүңгуір қайықтары мен "Замволт" жойғыштары бірінші болып гипердыбысты қаруға ауысады. Содан кейін АҚШ әскери флотының жаппай соққы беретін "Арли Бёрк" класты кемелері ауысуы мүмкін.

Дегенмен, оның өз қиындығы бар: америкалық гипердыбысты зымырандар көлеміне байланысты жойғыштардың ұяшықтарына сыймайды. Кемелер елеулі модернизациядан өтуді қажет етеді: мысалы, ұшыру модульдерін сыйымдылығы жоғары модульдерге ауыстыру, сондай-ақ өртті бақылаудың штаттық жүйелерін жетілдіру. Ал оның құны қанша болатыны және жасап шығару қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.

АҚШ әскери-теңіз күштерінің көптеген жерүсті кемесі қанағаттанарлықсыз жағдайда. Оны тіпті Пентагонның өзі де мойындайды. Қазір "Арли Бёрк" отызға жуық жойғышының қызмет ету мерзімі аяқталуға жақын. Ал оны модернизациялау үшін жүздеген миллион доллар мөлшерінде  қаржы жұмсау жағдайды айтарлықтай дәрежеде жақсарта алмайды. Әсіресе, кеме радарларына техникалық қызмет көрсету және күш қондырғыларын жұмыс жағдайында ұстап тұру кезінде айтарлықтай қиындықтар туындайды.

Қарқынды түрде ескіріп келе жатқан жойғыштарды жаңа ұшыру қондырғыларымен және гипердыбысты қарулармен жарақтандыру орынсыз екені анық. Сарапшылардың пікірінше, Пентагонның даулы мәлімдемелеріне қарамастан, бұл кемелер "Томагавк" қанатты зымырандарында қалады.

"Осыншама жойғышты тез арада қайта жабдықтау мүмкін емес, – деп атап өтті әскери сарапшы Алексей Леонков. – Бағдарлама екі бағытта жүруі әбден мүмкін: тек жаңа "Арли Бёрк" қана жаңартылатын болады, сонымен қатар жаңа кемелер үшін гипердыбысты зымырандарға арналған ұшыру қондырғылары жөндеуден өтеді. Америкалықтар бағаға қарсы тұра алмайды. Бүгінде олар күштердің әлемдік теңгерімін ұстап тұру және өзінің басым позициясын қалпына келтіру үшін кез келген ақшаны жұмсауға дайын".

Америкалық сарапшылар өз кезегінде флотты гипердыбысқа қайта қаруландыру бағдарламасы сәтті болуы үшін оған жаңа жойғыштар немесе көлемі кіші зымырандар қажет болады деп санайды. Бірінші нұсқа жақсырақ, өйткені Пентагон зымыранға қатысты мәселені шешті.

"Біз флоттың негізі ретінде құрлық әскеріне қатысты жобаны таңдадық. Ол – Advanced Hypersonic Weapon, - деп нақтылады Леонков.  – Екісатылы, қатты отын. Бірінші саты – жеделтетілген, екіншісі - жоспарлау блогы. Теңізге негізделген зымырандар "Арли Бёрк" жойғыштарына ғана емес, сонымен қатар "Огайо" және "Виргиния" класындағы сүңгуір қайықтарында да орнатылмақ. Олар дәл қазір осы үшін жаңартылып жатыр". 

Гипердыбысты қарудың болашақтағы тасымалдаушыларына келетін болсақ, Пентагон жаңа буын кемесінің жобасын әлі де зерттеп жатыр. Мысалы, DDG Next жойғышы "Арли Бёркпен" салыстырғанда айтарлықтай үлкен болмайды, бірақ оны сыйымдылығы жоғары ұшыру қондырғыларымен және күшейтілген қару-жарақпен жасау жоспарланған.

Еске салайық, америкалықтар бұған дейін "Арли Бёркті" ауыстыруға тырысқан, бірақ ол қадамы сәтсіз болды. Себебі, технологиялық тұрғыдан дамыған Zumwalt жойғыштары тым ауқымды болып шықты және сәйкесінше, теңізшілерге қиындық туғызды. Шын мәнісінде, құрал-жабдық пен қару-жарақтың көзге көрініп тұрған шикілігінің  салдарынан олардың жұмысқа жарамдылығы күмән туғызды.

Осылайша, алғашқы "Замволтты" іске қосқаннан кейін бір апта өткен соң ең негізгі күш қондырғысы істен шықты – кеме Панама каналында "тоқтап" қалды, ал оны жөндеу үшін жақын тұрған әскери-теңіз базасына апаруға тура келді.

Бұл ретте, "Замволт" құнын авиациялық кемелермен салыстыруға болады. Әрбір жойғыш АҚШ бюджетіне шамамен 4,5 миллиард доллар шығын келтірді. Нәтижесінде, Пентагон өзі жоспарлаған 32 кеменің орнына тек үшеуімен ғана шектелді.

"Замволттарды" гипердыбысты қарумен жабдықтау туралы шешім, оларды ешқайда орналастыруға мүмкін болмауымен байланыстыруға болады. Себебі, кемелер қызметтік немесе жауынгерлік операцияларға жарамсыз болғандықтан, басшылық оларды жаңа зымырандарды сынайтын алаң ретінде қарастырып отыр.

Суасты тасымалдаушылары, ең алдымен, "Виргиния" көп мақсатты сүңгуір қайықтары. Оларды 2028 жылға қарай қайта қаруландыру көзделіп отыр. Бұл сүңгуір қайықтары ғаламшардың кез-келген нүктесіне бір сағат ішінде ядролық емес дәлдікпен шабуыл жасауды көздейтін жедел ғаламдық соққы беру бағдарламасына енеді. Құрлық әскерлері бірінші гипердыбысты кешендерге сәл ертерек 2023 жылы қол жеткізеді.

Ресейде бұның бәрі қазірдің өзінде бар және олар атыс қаруын қолдану кезінде үнемі тексеріліп отырады.

Осылайша, жерде орналасқан "Авангард" стратегиялық кешенінің тетігі 2018 жылдың көктемінде іске қосылды. Соққы жасайтын бөлігі – УР-100Н құрлықаралық зымыраны, ал өте жоғары температураға төтеп бере алатын жоспарлау блогы атмосфераның тығыз қабаттарында сағатына 25 мың шақырымға дейін жедел қарқынмен қозғала алады. Кешен тетігі екі жыл бұрын іске қосылғанымен, "Авангардпен" қаруланған бірінші полк жауынгерлік кезекшілікті 2019 жылдың желтоқсанында бастады. Осы жылдың соңына дейін Ресей қорғаныс министрлігі Орынбор облысында тағы екі зымыранға арналған инфрақұрылымды дайындайтын болады.

Флот та артта қалған жоқ. Қазан айының басында Бас штаб сынақтан өткізу кезінде "Адмирал Горшков" фрегатынан "Циркон" гипердыбысты қанатты зымыранын сәтті ұшырғаны туралы хабарлады. Ол сегіз Мах-тен жоғары жылдамдықты еңсерді (сағатына 9,5 мың шақырымға жуық) және 4,5 минут ішінде 450 шақырымды артта қалдырды. Болашақта зымыран мыңдаған километр қашықтықтағы нысандарды дәл көздей алады.

Кешен 2021 жылы пайдалануға берілуі мүмкін. Ол қолданыстағы және салынып жатқан кемелермен және сүңгуір қайықтармен жабдықталады. Атап айтқанда, 2025-2026 жылдар аралығында әскери-теңіз күштері үшін 22350 жобасының екі фрегаты салынады, "Цирконмен" қаруланған алғашқы сүңгуір қайығы "Ясен-М" жобасындағы "Қазан" көп мақсатты атомдық суасты қайығы болады деп көзделіп отыр. Ол теңізшілерге желтоқсан айында тапсырылады. Қазір қайық сынақтан өтіп жатыр.

Сонымен қатар, Ресейдің "Кинжал" гипердыбысты қаруы бар. Олар қазірдің өзінде Оңтүстік әскери округінде орналасқан, 2024 жылға дейін "Кинжалдармен" Краснояр өлкесіндегі авиация полкін жабдықтау көзделіп отыр. Кешен екі мың шақырымға дейінгі қашықтықтағы нысанды жоятын мүмкіндікке ие.  Оның оқтұмсықтары әдеттегідей қарапайым немесе арнайы ядролық зарядпен жарақтануы мүмкін.

24
Мәскеудегі АҚШ елшілігі

Ресей елшісі АҚШ-тың Еуропадағы зымырандарға қатысты мәлімдемесіне жауап берді

24
Ресей Еуропа пен әлемнің басқа өңірлерінде жаңа қарулану жарысының жолын кесу үшін бірлескен іс-әрекетке дайын, деді елші

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. Ресейдің Вашингтондағы елшісі Анатолий Антонов Еуропадағы қарулану жарысына қатысты пікір білдірді, деп жазады РИА Новости.

Сәрсенбі АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Роберт О'Брайен Вашингтонның Еуропада гипердыбыстық қару мен баллистикалық зымырандарды орналастыруға дайын екенін мәлімдеген еді.

"Мұндай қадам өңірлік және жаһандық қауіпсіздік теңгерімін бұзуға қауіп төндіреді, текетірес ушыға түседі. Егер Вашингтон шын мәнінде "қарулануды бақылауда ұстауға" мүдделі болса, онда еуропалық контингентте зымырандық қарулану жарысын күшейтудің қажеті жоқ", - деді Антонов.

Оның айтуынша, президент Владимир Путиннің орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарттың тоқтатылуына байланысты деэскалация бойынша ұсынысы тиімді балама бола алады.

"Ресей шетелдік әріптестерімен еуропалық контингент пен әлемнің басқа өңірлерінде жаңа қарулану жарысының жолын кесу үшін бірлескен іс-әрекетке кірісуге дайын", - деді Антонов.

Айта кетсек, орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды жою туралы шарт ғаламдық стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге арналған. 2019 жылдың тамызында АҚШ келісімнен шықты. Вашингтон Ресейді тыйым салынған 9M729 зымыранын жасады және сынақтан өткізді деп айыптады. Мәскеу оның рұқсат берілген әрекет ету радиусы 500 шақырымнан аспайды деп сендіріп отыр.

Осы аптада Путин қарулану жарысын тежеу механизмін әзірлеуді ұсынды. 

24
Сапасыз жол

Жол сапасыз салынса, қайда хабарласу керек?

0
Сапасыз жолдар, көбінесе, облыста, ауданда немесе ауылда салынады. Бұл жерде бюджет қаржысын ұрлау мәселесі ғана емес, сол жолды тексеретін маман тапшылығы проблемасы да бар

НҰР-СҰЛТАН, 29 қазан – Sputnik. "Жол активтері сапасының ұлттық орталығының" бас директоры Замир Сағынов халықты жолдардың сапасын бірлесіп бақылауға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"739-739 телефонына (Нұр-Сұлтанда - Sputnik) қоңырау шалуға болады. Бұдан бөлек, ресми сайтымыз, әлеуметтік желілерде парақшаларымыз ашылған. Сол жерде жазып, арыз-шағым түсіруге болады. Біз бірден барып, жолдың сапасын тексере аламыз", - деді Сағынов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Осы орайда орталық басшысы халықты жолдың сапасын бірлесіп бақылауға үндеді. Себебі мамандар барлық жолды тексере алмайды. Ал нақты арыз-шағымдар түссе, орталық қызметкерлері сол жерге барып, зертханалық тексеру жасай алады. 

"Негізі, сапасыз жолдар, көбінесе, облыста, ауданда немесе ауылда салынады. Бұл жерде бюджет қаржысын ұрлау мәселесі ғана емес, сол жолды тексеретін маман тапшылығы проблемасы да бар. Мысалы, аудандық әкімдіктерді алатын болса, бір бөлімде екі-үш адам ғана жұмыс істейді. Сосын жолдың сапасы бойынша арнайы маманы жоқ. Ал арнайы маман болмағасын, құжаттар да дұрыс жасалмайды", - деп атап көрсетті Сағынов.

Оның айтуынша, бүгінде осы салада кәсіби мамандарды даярлау мәселесіне баса назар аударылады. Арнайы акция басталды, жоғары оқу органдарымен бірлескен шаралар қолға алынды. Соның арқасында жас мамандардың саны біртіндеп көбейіп жатыр.

0
Кілт сөздер:
шағым, жол