Пойыз

Кішкентай қыз пойыз астына құлап кетті видео

1410
(Жаңартылды 19:01 25.02.2020)
Кішкентай бала пойыз бен платформа арасындағы қуысқа сырғып кетті. Ол вагон астынан аман-есен шығарылды

НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан - Sputnik. Австралияның Сидней қаласындағы теміржол станциясында кішкентай қыз пойыз бен платформа арасындағы саңылауға түсіп кетті. Бала құтқарылды, деп хабарлайды ABC

Қыз пойызға кірер сәтте вагон мен платформа арасындағы қуысқа құлап кетті. Машинист бұл туралы жедел түрде хабарланғандықтан, пойыз орнынан қозғалған жоқ.

Қолында сәбиі мен бесік арбасы болған баланың анасы шошып қалған. Ал үш ер адам вагондардың астынан қызды іздеуге кіріскен.

Бала табылып, пойыз астынан шығарылды. Ол анасына тапсырылды.

Атап өтсек, пойыз бен платформа арасындағы саңылау – Австралиядағы үлкен проблемалардың бірі. Ол әртүрлі станцияда әртүрлі, бір жерде үлкен, екінші жерде кішкентай болуы мүмкін.

2019 жылдың шілдесінде Австралия станциясындағы қуысқа бес жастағы ұл сырғып кеткен болатын.

Осыған ұқсас оқиға екі жыл бұрын тағы Австралияда тіркелген еді. Ол кезде саңылауға екі жастағы ұл түсіп кеткен екен.

1410
Кілт сөздер:
оқиға, бала, пойыз
Тақырып бойынша
Қарағанды ​​облысында боран кезінде жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті
Ер адам пойыздың алдына құлап түскен баланы денесімен жапты – видео
Орал-Алматы жолаушылар пойызы кері қайтарылды
Жолаушылар пойызында коронавирус "табылды": вагон қоршауға алынды
Алматы-Қостанай пойызынан тоғыз бірдей жолаушының неге түсірілгені белгілі болды
Агдам қаласы

Түркия Әзербайжанға өз әскерін не үшін кіргізіп жатыр?

41
Бітімгершілік сылтауымен Әзербайжанға түркиялық әскерді кіргізу Анкараның Оңтүстік Кавказ бен Каспий маңы өңірінде әскери-саяси ықпалын арттырып, Түркияның халықаралық аренадағы жалпы позициясын нығайтуға ұмтылысын айқындайды

Бұл мәселелерді шешу үшін бір жыл жеткіліксіз болары анық. Біз посткеңестік кеңістіктегі мәселелерге НАТО қатысуын кезекті кеңейту кезеңінің куәсі болып отырмыз.

Түркияның ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар 21 қарашада елдің құрлықтағы әскері дайындықтарын аяқтағанын және жақын арада республиканың әуе күштері арқылы Әзербайжанға жеткізілетінін мәлімдеді. Әскери қолбасшы, сондай-ақ, "Түркияның халықаралық аренадағы көшбасшылығы" туралы да айтты,. Ол көшбасшылыққа жеткізер жолда "түрік қарулы күштері республика тарихындағы ең қысылтаяң кезеңдердің бірін бастан өткеріп" жатқанын мәлімдеді.

Әзербайжандағы түрік әскери контингентінің сандық және сапалық құрамы әлі де белгісіз. Анкара мен Баку арасындағы әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық аясында түрік армиясының бөлімшелері Әзербайжан аумағында тұрақты түрде жүргенін де ескеру керек. Таулы Қарабақтағы атысты тоқтатуды бақылау бойынша орыс-түрік орталығы аясында тағы бір офицерлер тобын жұмыс жасауға жіберу президенттің жарлығы мен Түркия парламентінде талқылауды қажет етпегені анық.

Анкара мен Мәскеу 11 қарашада Таулы Қарабақтағы келісімді бақылау орталығы туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжатта бірлескен бітімгершілік күш құру туралы ештеңе айтылмаған. Алайда, Әзербайжан мен Түркия президенттері Ильхам Әлиев пен Режеп Тайып Ердоған бұдан бұрын да түрік әскерлерінің қатысуымен "бірлескен бітімгершілік миссиясын" құру туралы бірнеше рет мәлімдеме жасаған болатын.

Мәскеудің түрік әскерлерін шиеленіс аймағына кіргізбеу туралы өтінішін Анкара мен Баку елеген де жоқ. Әзербайжан территориясындағы Түркияның құрлықтағы әскері бірнеше ондаған мамандардан тұратын мониторинг орталығы аясында Ресеймен өзара іс-әрекеттерден басқа өз жоспарына дайындалып жатқаны белгілі.

Түркияның Ресеймен Оңтүстік Кавказда ауқымды қақтығысты бастау үшін ешқандай стратегиялық себебі жоқ. Діттегеніне қол жеткізуі де екіталай. Одан гөрі Әзербайжанмен екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастықты немесе «бітімгершілік миссиясының» әрекеттерін сылтау етіп,  аймаққа тұрақты ену әлдеқайда тиімді және қауіпсіз.

Түрік әскерлерінің Таулы Қарабақтағы әрекеттері ешқандай келісіммен, соның ішінде үшжақты (Әзербайжан, Армения, Ресей) келісіммен де қарастырылмаған. Әзербайжанда түрік әскери қызметкерлерінің болуы заң тұрғысынан постфактум рәсімделген. Себебі, Ресей Федерациясының беделді әскери сарапшыларының пікірінше, қыркүйек айының соңынан бастап шамамен 1 500 түрік әскери қызметкерлері Әзербайжан аумағында болған.

Кеңесшілер ретінде түрік генералдары мен офицерлері Әзербайжан әскерінің Бас штабынан бастап полк деңгейіндегі штабқа дейінгі бөлімшелерде толыққанды әрекет етті. Анкараның қақтығыс кезінде әзербайжандық тарапты біржақты әскери қолдауы түрік әскеріне Қарабақтағы бітімгершілер рөлін атқаруға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, мұнда оқиға түрлі нұсқада өрбуі ықтимал.

Түркия Әзербайжанда нық бекіп алды. Ендігі ретте түрік әскері екіжақты келісім негізінде Әзербайжан аумағында жылдар бойы бола алады. Бұл халықаралық құқық нормаларын бұзбағанымен, бейбітшілікке де кепілдік бермейді. Ешбір мемлекет Таулы Қарабақ Республикасының егемендігін мойындамағандықтан, Баку мен Анкара Таулы Қарабақтағы армян халқына қатысты ойына келгенін істеймін деген қиял қалыптасып қалуы мүмкін.

Түркияның сыртқы істер министрлігі "кей жерлердегі бақылау бөлімшелері" жайлы сөз қозғаған болатын. Оның үстіне, Әзербайжаннан Сириядан келген тегі түрік содырлардың шығарылғаны туралы еш ақпараттың болмауы да көңілге күдік ұялатады. Мұнда жағдайда министр Хулуси Акар айтқандай, "әзербайжан бауырлардың жетістігі" бас айналдырмауы маңызды.

Анкараның "түркі әлемін" қалыптастырудың жаһандық жоспары бар. Болашақта бұл жоспар Әзербайжан аумағынан тыс Каспий өңірі мен Орталық Азия елдерін қамтуы әбден мүмкін.

355 мың әскери қызметкер, 2600-ден астам танкі, F-16 көп нысанды жойғыштары бейнесінде қуатты қарулы күштері бар және Global Firepower әлемдік рейтингінде 11-орынға ие Түркия өзінің ұшақ, ұшқышсыз ұшу аппараттары, зымыран, танк өндірісін белсенді түрде арттырып келеді. Соңғы он бес жылда түріктерде қарулы қорғаныс құралдарын дайындайтын кәсіпорындарының саны 56-дан 1500-ға дейін өсті.

Үкімет 75 миллиард доллардан асатын әскери-өнеркәсіптік кешен бағдарламаларын басқарып отыр. Анкара шет елдерден көптеп қару-жарақ сатып алуда. Түркияның қорғаныс бюджеті 18 миллиард доллардан асады. Бұл 2020 жылғы бюджеттің жалпы шығындарының шамамен 13%-ін құрайды.

Түркия Сирияның солтүстігінде, Ливияда әскери құралдарды белсенді қолданып келеді. Басқа мемлекеттердің қарсылығына қарамастан, Жерорта теңізіндегі көмірсутегін өндіретін белгілі бір учаскелерге таласуда. Осылайша, айтарлықтай мұнай қоры бар Әзербайжан Түркияның агрессивті сыртқы саясаты дамытуға аса қолайлы алаң болып отыр. Мұндай бауырластықтың артында Ердоғанның кез келген географиялық нүктедегі іс-әрекетіне қолдау көрсететін Солтүстік атлантикалық альянстың тұруы да қауіпті еселеп тұр.

Түркияның Ыгдыр провинциясы мен "үлкен Әзербайжаннан" тым алыс орналасқан Нахичеван автономды республикасының түйісінде Әзербайжан мен Түркияның ортақ учаскесі бар. Аса қымбатқа айналатын әуе-әскери күштері арқылы әскерді, қару-жарақты жеткізу үшін Армения, Грузия немесе Ирагмен келісу керек болады. 

41
мәйітхана, архив

Туыстары апарып тастаған: мәйітханада жатқан ер адам тіріліп кетті

4633
Мәйітхана қызметкерлері ер адамды бальзамдауға дайындап жатқан кезде оның қимылдағанын байқап қалған

НҰР-СҰЛТАН, 28 қараша— Sputnik. Кенияда мәйітханада жатқан ер адам тіріліп кеткен, деп жазады РИА Новости жергілікті The Standart басылымына сілтеме жасап.

Питер Киген үйде есінен танып құлаған соң туыстары ауруханаға жеткізген. Жақындарының айтуынша, бірнеше сағаттан кейін дәрігерлер оның ауруханаға жеткенше қайтыс болғанын хабарлайды.

Бірақ аурухана қызметкері Гирберт Черуйотаның сөзінше, Питердің туысқандары өздері оны өлді деп санаған. Дәрігерлер науқастың жағдайын тексеру үшін уақыт керек екенін айтады, ал олар ақ халаттыларды айыптап, марқұмның денесін мәйітханаға өздері жеткізген.

Оқи отырыңыз: Депутат мәйітханада болған сұмдық жағдайдың себебін айтты

Мәйітхана қызметкерлері ер адамды бальзамдауға дайындап жатқан кезде оның қимылдағанын байқайды. Содан кейін оны палатаға ауыстырған. Бірнеше күннен кейін ол ауруханадан шығады.

Питердің айтуынша, туыстары оны өлдіге санап, мәйітханаға жібергенін білгенде қатты таңғалған.

4633
Кілт сөздер:
мәйітхана
Геннадий Головкин

Головкин Елеусіновті неге құттықтаған жоқ боксшының менеджері өз болжамын айтты

0
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов жартылай орта салмақта IBF Intercontinental белбеуін жеңіп алған еді

НҰР-СҰЛТАН, 29 қараша — Sputnik. Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Әлиев Геннадий Головкиннің отандасын жеңісімен неге құттықтамағанына қатысты өз болжамын айтты, деп жазады sports.kz.

Белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин Голливудта Seminole Hard Rock Hotel & Casino аренасында өткен кәсіби бокс кешінде болған. Осы кеште оның отандасы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов екінші раундта бұрынғы әлем чемпионы Джулиус Индонгоны нокаутқа түсірді.

Sports.kz Данияр Елеусіновтің менеджері Зия Әлиевтен Геннадий Головкин отандасын жарқын жеңісімен құттықтап-құттықтамағанын сұраған.

"Жоқ, кірген жоқ, құттықтаған жоқ. Тіпті жолаған жоқ – өйткені Covid-ке қатысты сондай тәртіп", - деді ол.

Оның айтуынша, қазір Геннадий Головкин мейленше өзін вирустан қорғап жүр, өйткені жекпе-жек жақындап қалды.

"Оған рингке шығуға да рұқсат берер еді. Бірақ, білуімше, Геннадий Головкин барынша вирустан сақтанып жүр – лагерьге кіретін адамдардың барлығын тексеріп, тесттен өткізеді. Сондықтан, бұл қалыпты жағдай, оның жекпе-жегі жақындап қалды, Covid жұқтырып алса тағы...", - деді Елеусіновтің менеджері.

Айта кетейік, Головкиннің жекпе-жегі биыл 18 желтоқсанда өтеді. Ол польшалық боксшы Камил Шереметамен жұдырықтасады.

Оқи отырыңыз: Данияр Елеусінов қарсыласын нокаутқа түсіріп, чемпиондық белбеу жеңіп алды

0
Кілт сөздер:
Данияр Елеусінов, Геннадий Головкин