Зертхана қызметкері

Коронавирусқа қарсы жаппай егу қашан басталуы мүмкін ғалым пікірі

2239
(Жаңартылды 09:04 28.07.2020)
Қазіргі кезде Гамалеи орталығы жасаған вакцинаны сынақтан өткізу аяқталып келеді. Сондай-ақ, "Вектор" орталығы клиникалық зерттеулер жүргізуге рұқсат алуда

НҰР-СҰЛТАН, 28 шілде – Sputnik. Ресей ғылым академиясының басшысы Александр Сергеев Ресей мен басқа елдердің тұрғындарын коронавирусқа қарсы жаппай егу 2021 жылдан ерте басталмауы керек деп санайды.

"Әрине, жұмылдыру туралы барлық шешімдерге келер болсақ, қауіпті топ пен қызыл аймақта жұмыс істейтін дәрігерлерді қорғау үшін тез әрекет жасау керек. Бірақ жалпы ондаған, жүздеген миллиондаған тұрғын мен вакцинация дозасы туралы айтқанда мұны тез істеу мүмкін емес. Егер біз де, басқа елдер де, тіпті ірі компаниялар жоспарлағандай болса, онда бұл келесі жылдың басы шығар", – дейді Сергеев.

Ол вакцинаны тестілеу көп уақытты қажет ететінін айтады.

"Мен мұнда консервативті позицияны ұстанамын және бұл жерде біз панацеямен ауыратынымызды болжап, аса сақтықпен тұрғындарға жалпы вакцинация жасалғаны жөн. Вакцина жасау – бұл өте ұзақ процесс. Егер жасаған вакцинаңыз пациентті алты ай бойы шынымен қорғайтынын дәлелдегіңіз келсе, оның клиникалық сынағы ұзақ уақыт жүргізілуі керек. Кем дегенде алты ай ішінде сіз вакцинация қоздырған антиденелермен не болатынын байқауыңыз керек", – деді Сергеев.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко Ресейде коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация ерікті түрде жүргізілетінін және оған халықтың қызығушылығы жоғары екенін айтқан. Оның сөзінше, қазіргі уақытта Гамалеи орталығы жасаған вакцинаны сынақтан өткізу аяқталуда. Ал "Вектор" орталығы клиникалық зерттеулер жүргізуге рұқсат алуда.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина адамдарға сыналуы мүмкін

Айта кетейік, жуырда Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин коронавирусқа қарсы төрт вакцинаның қауіпсіздігі дәлелденгенін мәлімдеген болатын.

2239
Кілт сөздер:
ғалымдар, екпе, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (2434)
Тақырып бойынша
Қазақстандағы екпе салу туралы шындық - денсаулық министрі жазба жариялады
Балаларға профилактикалық екпе салынып жатыр – денсаулық сақтау министрлігі
Ресейде коронавирусқа қарсы вакцина қалай сынақтан өткізіліп жатыр
Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцина бірінші кезекте кімдерге егіледі
Жамбыл облысында коронавирусқа қарсы вакцина шығарылады
Путин

ҰОС басталуының 80 жылдығына орай Путиннің мақаласы жарық көрді

28
(Жаңартылды 17:20 22.06.2021)
Ресей көшбасшысы өз мақаласында Еуропа елдерін тарихтан сабақ алып, Ресеймен ынтымақтастыққа назар аударуға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Кремль сайтында Ресей президенті Владимир Путиннің Ұлы Отан соғысы басталуының 80 жылдығына арналған мақаласы жарияланды. Мақала немістің Die Zeit апталық газетінде жарық көрді.

Төменде мақаланың толық мәтіні ұсынылады.

"Өткенге қарамастан ашық болу"

Тура 80 жыл бұрын, 1941 жылдың 22 маусымында нацистер КСРО-ға шабуыл жасады. Кеңес халқы үшін Ұлы Отан соғысы басталды. Он миллиондаған адам қаза болды, елдің экономикалық әлеуеті мен мәдени игілігіне орны толмас нұқсан келді. Біз Отанның тәуелсіздігі мен даңқын қорғап қана қоймай, Еуропа мен әлемді құлдықтан құтқарып қалған Қызыл армия батырлары мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін мақтан тұтамыз.

Қазір бәзбіреулер тарихты бұрмалағысы келгеніне қарамастан ақиқат анық – кеңес әскері Германия жеріне кек алу үшін емес, азат ету мақсатында келді. Біз үшін нацизмге қарсы күрескен батырлар мәңгі есте болады. Біз ортақ Жеңісті жақындатуға үлес қосқан антигитлерлік коалиция бойынша одақтастарды, Қарсы тұру қатысушыларын, неміс антифашистерін ерекше алғыспен еске аламыз.

Дүниежүзілік соғыстың бар зұлматын көргеннен кейін Еуропа халқы өзара сенім мен сыйластықты қалпына келтіріп, интеграцияға қарай бет ала алды. Мұндай Еуропаның қалыптасуына біздің халық пен қазіргі Германияның шығысы мен батысында тұрған немістердің татуласуы үлкен рөл атқарғанын атап өткім келеді.

Дәл осы неміс кәсіпкерлері соғыстан кейінгі жылдары біздің елмен кооперациядағы пионерлер болғанын да ерекше атап өткім келеді. 1970 жылы КСРО мен ГФР арасында Еуропаға ұзақмерзімді жеткізу туралы "ғасыр мәмілесіне" қол жеткізілді. Бұл "Солтүстік ағын" секілді түрлі ауқымды жобалардың бастамасы бола алды.

Біз қырғи-қабақ соғыстың аяқталуы Еуропа үшін ортақ жеңіс болады деп үміттендік. Біршама уақыттан кейін Шарль де Гольдің Лиссабоннан Владивостокқа дейінгі бірыңғай континент туралы арманы орындала ма деген ой келді. Сол себепті Ресей ортақ құндылықтар және мүдделермен біріккен Үлкен Еуропаны құру логикасын ұстанып, осы бағытта еуропалықтармен өз қарым-қатынасын дамытуға тырысып келді. Бұл жолда біз де, Еуроодақ та үлкен жұмыс атқарды.

Алайда басқа әдіс басым түсті. Оның негізінде Солтүстікатлантикалық альянсты кеңейту миссиясы жатты. Ол одақ сол шақтағы текетіреске қарсы тұру үшін құрылған болатын. Кеңес басшылығының біріккен Германияны НАТО-ға мүше болуға көндіруінен басталған блоктың шығысқа қарай ығысуы Еуропадағы өзара сенімсіздіктің қарқынды өсуіне негізгі себеп болды. Сол кезде "бұл сендерге қарсы бағытталмағаны", "блок шекарасы сендерге жақындамайтыны" туралы сөз жүзінде берілген уәде тез ұмытылып кетті. 

1999 жылдан бері НАТО кеңеюінің тағы бес толқыны жүрді. Ұйымға жаңа 14 мемлекет мүше болды. Олардың қатарында бұрынғы Кеңес Одағының республикалары да бар. Бұл шекарасыз құрлыққа қатысты арманның күл-талқанын шығарды. Осы туралы ГСДП көшбасшысы Эгон Бар 80-шы жылдардың ортасында ескерткен болатын. Ол КСРО мен АҚШ-тың қатысуымен Германия біріккеннен кейін бүкіл еуропалық қауіпсіздік жүйесін түбегейлі өзгертуді ұсынды. Бірақ ол шақта КСРО-да да, АҚШ-та да, Еуропада да ешкім оның айтқандарына құлақ асқысы келмеді.

Көп елдің алдында таңдау тұрды – олар не ұжымдық Батыспен бірге, не Ресеймен бірге болуы керек еді. Бұл ультиматум болатын. Мұндай агрессивті саясаттың қандай салдарға алып келгенін 2014 жылғы Украинадағы жағдайдан көріп отырмыз. Еуропа Украинадағы антиконституциялық қарулы төңкеріске белсенді түрде қолдау көрсетті. Барлығы осыдан басталды. Мұны жасаудың не қажеті бар еді? Сол кездегі президент Янукович оппозицияның барлық талабына келісті. Неге АҚШ Украинаны екіге қақ жаратын және оның құрамынан Қырымның шығып кетуіне алып келетін төңкеріс ұйымдастырды және Еуропа елдері оны неге қолдады?

Қазір барлық еуропалық қауіпсіздік жүйесі үлкен дағдарысқа ұшырады. Шиеленіс артып, қару-жарақтың жаңа жарысының қаупі туып отыр. Біз кооперация ұсынып отырған үлкен мүмкіндіктерді жіберіп алатын түріміз бар. Бұл әсіресе барлығымыздың алдымызда пандемия және оның ауыр әлеуметтік-экономикалық салдары секілді ортақ сын-қатер алдымызда тұрғанда аса маңызды.

Неге бұлай болып отыр? Біз ортақ қандай шешім жасау керекпіз? Тарихтың қандай сабақтары жайлы еске алу керек? Ең алдымен соғыстан кейінгі Үлкен Еуропа тарихы біздің ортақ контингентіміздің өркендеуі мен қауіпсіздігі барлық елдің бірігіп күш салуының арқасында ғана іске асатынын растап отыр. Біз осыны түсіну керекпіз. Ол елдердің қатарында Ресей де бар. Себебі Ресей Еуропадағы ең ірі мемлекеттің бірі. Біз Еуропамен мәдени және тарихи ажырамас байланысымызды жақсы сезініп отырмыз.

Біз әділ жасампаз өзара іс-әрекетке әркез ашықпыз. Мұны Атлантикадан Тынық мұхитына дейінгі ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің бірыңғай кеңістігін құру туралы біздің идеямыз растап отыр. Ол идея Еуроодақ пен Еуразиялық экономикалық одақты қоса алғанда түрлі интеграциялық форматты қамтитын еді.

Тағы қайталаймын: Ресей Еуропамен көпмақсатты серіктестік орнатуды қолдайды. Бізде ортақ қызығушылық тудыратын тақырып өте көп. Бұл қауіпсіздік және стратегиялық тұрақтылық, денсаулық сақтау және білім беру, цифрландыру, энергетика, мәдениет, ғылым мен технологиялар, климат пен экологиялық мәселелерді шешу.

Әлем қарқынды дамып келеді және түрлі сын-қатерге тап болуда. Сондықтан біз өткеннің өкпесі мен ренішін, текетіресі мен қақтығысын болашаққа жүк етіп арқалап жүре алмаймыз. Бұл жүк бізге өзекті проблемаларды шешуге кедергі келтіреді. Бізге бұл қателіктерді мойындап, оны түзетуге тырысу керек. Біздің ортақ мақсатымыз – шекара сызығы жоқ континентальдік қауіпсіздікті, тең құқылы ынтымақтастықтың бірыңғай кеңістігін және Еуропа мен әлемнің өркендеуіне бағытталған жалпыға ортақ дамуды қамтамасыз ету.

28
Архивтегі фото

Тас боратқан: Әкесін жерлеп келе жатқан ер адамды қан-жоса етіп ұрып кетті видео

1555
Ерегістің соңы көп ұзамай төбелеске ұласқан. Ер адамдар бір-біріне тас лақтырған  

НҰР-СҰЛТАН, 22 маусым – Sputnik. Өзбекстанның Науаи облысында әкесін жер қойнына тапсырып келе жатқан жергілікті тұрғынға бір топ адам тас боратқан.  

Жанжалдың видеосы желіде тарап кетті. Бұл жағдай облыстық ішкі істер басқармасының назарына ілікті, деп жазды Sputnik Өзбекстан.

Оқиға Газганда 16 маусымда таңғы сағат 8-дің кезінде болған. 

ІІБ мәліметінше, ер адам жерлеу рәсімінен үйіне қайтып бара жатқан. Жолда жергілікті тұрғынды кездестіріп, онымен сөзге келіп қалған.  

Әйел жанжалға күйеуін араластырған, ал ол бірнеше танысын жинап, әйелін ренжіткен адамның үйіне барған.

Алайда ерегістің соңы көп ұзамай төбелеске ұласыпты. Ер адамдар бір-біріне тас лақтырған.

Салдарынан олардың екеуі жарақат алды, оның бірі – жерлеу рәсімінен қайтқан ер адам.  

Зардап шеккендердің барлығы жергілікті клиникадағы дәрігерлерге көрінді. 

1555
Қыз бейнесі

"Өмір сүргім келеді": Аяжан Еділованың әпкесі оның қандай болғанын айтып берді

0
(Жаңартылды 18:59 22.06.2021)
Сондай-ақ адвокат тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты

АЛМАТЫ, 22 маусым – Sputnik. Алматыда тұрғын үйлердің бірінде кісі қолынан қатыгездікпен қаза тапқан Аяжан Еділованың әпкесі Нұргүл Әбеутәліпова мен жәбірленуші тараптын адвокаты Қадыржан Ғалымжанұлы марқұмның қандай болғанын, оның күдіктінің үйіне не себепті баруы мүмкін екенін және тергеудің қалай жүріп жатқанын айтты. "31 арнаға" берген сұхбатында бойжеткеннің өліміне қатысты тараған түрлі ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

2001 жылы туған Аяжан Еділова 19 наурызда сағат 20:43-те жұмыстан шығып, сол күйі оралмаған. Оның жоғалғаны туралы хабар 20 наурызда тарады.

Бұған дейін марқұмның туыстары полицияның бастапқыда қыздың жоғалып кеткені туралы арызды алмағанын айтқан еді. Нұргүл Әбеутәліпова іздеу жұмыстарына өзі қатысқанын, сол күндері не болғанын айтып берді.

"Таңертең Аяжанды күттік. Келмеген соң Алтынай деген сіңілім өз бетінше іздеді. Жатақханасына, жұмыс орнына барды, құрбыларына хабарласты. Өзі таба алмағаннан кейін полиция қызметкерлеріне түскі сағат 12 шамасында барды. Алтынайдың жанында Аяжанның досы – Диас болған. Екеуі бірге барды. Олардың айтуы бойынша, полиция "қалада митинг жүріп жатыр, арыз алмаймыз. Ұйқысы қанған соң өзі келеді, ондай жағдай болған" деп қайтарып жіберген. Содан кейін Алмат деген інім 102-ге хабарласып, кешкі сағат 5-те іс қозғалды", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Істің басталғанына 4 айға жуықтады. Адвокат Қадыржан Ғалымжанұлының айтуынша, іске қатысты орта есеппен 25-30 сараптама тағайындалды. Оның жартысына жуығына жауап келді.

"7-10 сараптаманың жауабы келді. Оны тергеу құпиялығына байланысты жариялай алмаймын. Қалғанына жауап келген жоқ. Себебі сарапшыларға қойылған сұрақтар өте күрделі. Мұндай іспен сарапшылардың да өздері бұған дейін айналыспаған болуы керек. Жауап беру қиынға соғып жатыр. Сол себепті олардың қорытындысы да ұзаққа созылып жатыр", - дейді адвокат.

Аяжан ол үйге не үшін барды

Нұргүл Әбеутәліпованың пікірінше, Аяжан күдікті Төребековтің үйіне киімге тапсырыс алуға барған.

Бұған дейін желіде қыздың ақша үшін тәнін сатуға барғаны туралы да алып қашпа әңгіме тарады. Адвокат сол қауесетке жауап қатты.

"Өзінің тәнін сату үшін барған", "ақшаға келіскен" деген өсек шығып жатыр. Аяжан Қыдырәлі деген досына жіберген хабарламасында бартер (айырбас) туралы айтқан. "Егер бартер болса, неге үйіне барды? ", дейтін интернет-сарапшылар пайда болды. Сол кісілерге нақты жауап берейін: бұл – таза субъективті пікір, болжам. Аяжан өзінің негізгі жұмыс орнынан шығып, күдікті Төребековтің үйіне өлшем алуға барған. Сол жоспармен үйіне кірген, әрі қарай не болғаны тергеуге ғана мәлім", - деді адвокат.

Айтуынша, Аяжан жұмыстан 20:43-те шыққан, танысына бартер бойынша хабарлама жазған. Өзінің кездесіп жүрген жігітіне сағат 10-да негізгі жұмыс орны маңында болатынын айтқан.

"Егер Аяжан халық айтып жатқан арам ойымен баратын болса, біріншіден, бартер туралы айтпайтын еді. Екіншіден, өзінің кездесіп жүрген жігітіне сағат онда негізгі жұмыс істейтін салонның жанына кел деп айтпайтын еді. Ол ақылға салатын нәрсе. Арада сол кезде 1 сағат 17 минут қалады. Арам пиғылы бар кісілер мұндайға үлгермейді. Әрине, бұл – болжам. Нақтысын Аяжан мен Төребеков қана біледі. Өкінішке қарай Аяжанның жауабын ала алмаймыз, тек қана Төребековтің жауабын негіз етіп, өзіміздің қорғауымызды жалғастырамыз", - дейді адвокат Ғалымжанұлы.

Жәбірленуші тараптың қорғаушысы күдікті Төребековпен кездеспегенін айтты. Себебі қазірге дейін оған қажеттілік болмаған.

Адвокаттың айтуынша, прокуратура тергеу барысында зорлаудың болған-болмағаны, күдіктінің адам бөлшектерін сатуға қатысы, оның діни ағымдарда бар-жоғы, бұған дейін қандай іспен айналысқанын кешенді түрде қарастырып жатыр.

"Университетте алған білімін фундамент ретінде қолданып, оқудан шыққаннан кейін әрі қарай білімін шыңдап, осындай кәсіби деңгейде қылмыс жасаған деген пікірім бар. Діни көзқарасынан осындай әрекет жасады дегенге сене қоймаймын", - дейді адвокат.

Оның сөзінше, күдіктінің жанында басқа біреу болған деген нұсқа қарастырылып жатыр. Алайда нақты дәлел жоқ.

Күдіктінің пәтері қалай анықталды

Адвокат Қадыржан Ғалымжанұлының айтуынша, күдіктінің үйі еріктілер арқылы анықталған. Бірақ күдіктінің қай қабат, қай пәтерде тұратыны тергеу көмегімен анықталды.

Нұргүл Әбеутәліпова сіңілісін іздеу үшін сол күні еріктілерге байланысқа шыққан. Ал еріктілердің нөмірін полиция берген.

"Аяжанның жоғалып кеткені туралы ағасына 19 наурыз түнде айтқан. Ағасы оны маған таңертең айтты. Таңертең Талдықорғаннан Аяжанның әкесі екеуміз жиналып, жолға шығып кеттік. Қайдан екенін білмеймін бізге телефоны Алғабас ықшамауданында (қазіргі Нұркент ықшам ауданы) жоғалған деген ақпарат шықты. Көбінесе Алғабастағы жер үйлер жақтан іздедік. Әрбір жер үйге кіріп, сұрап, Аяжанның фотосын көрсеттік", - дейді әпкесі.

Содан кейін күдіктінің үйінің мекенжайы хабарланған. Алайда ол маңға барған кезде марқұмның туыстарына көліктен шығуға рұқсат берілмеген.

"Сол жерге полиция немесе еріктілердің қайсы бірінші келгенін айта алмаймын. Ол жерде Төребековті жедел жәрдем алып кеткенін өзім көрдім. "Қыздарыңыз ол жерде жоқ, іште ешкім жоқ" деп сендірді. Бізді пәтерге кіргізген жоқ. Біз сол жерден Аяжанға ештеңе болған жоқ деген үмітпен қайттық. Ертеңі тағы да өз бетімізше іздеп шықтық. Іздеп жүрген кезімізде Медеу ауданы полиция басқармасына келіңіздер деп хабарласты. Ол жерге барған соң Төребеков басқа ауданнан табылғанына байланысты ішкі істер басқармасына жіберді. Мен бірнеше күн ұйықтамай жүрген соң ішке кіре алмадым. Сіңілім мен бауырым ішке кіріп кетті. Олардың жауабын көлікте күтіп отырдым. Сағат 4-5 шамасында ғаламтор желісі арқылы білдік. Аяжанның әкесі қасымда болды, ол іштен естіп шықты", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Өте сенгіш болған

Әпкесінің сөзінше, Аяжан бір көрген адаммен тез араласып, бір сағатта туысқан секілді сөйлесіп кететін болған. Сондай-ақ оның өте сенгіш және адам жатырқамайтын мінезі болғанын айтты.

Туыстарының сөзінше, Аяжан Еділова Алматыға қайтыс боларынан екі ай бұрын келген. Оған дейін карантин кезінде Талдықорған қаласында туыстарының жанында болған. Алматыдағы сән салоны мен тігін цехына жұмысқа орналасқанына да бір айдай болған.

"Осы жолы Алматыға жібермей қойдым. Коронавирустың күйіп тұрған кезі еді. Біреуге жақын отырып тырнақ жасайсың, "сен маған аман-есен керексің" деп айттым. Ортаға апасын салып, әкесін салып жүріп, бой бермей, кетті. Әйтпесе үйде байлап ұстап отырғанмын. Үйде отырып күйзеліске түсті. Жұмыс істеп, жүріп үйреніп қалған қыз ғой. Бір күні жұмыстан келсем, жылап-жылап көзі ісіп кетіпті. "Менің өлгім келмейді, өмір сүргім келеді" деп айтты", - дейді әпкесі Аяжанның коронавирус жұқтырып алудан қорыққанын айтып.

Содан қалада жұмыс істеп жүрген Аяжан ең соңғы рет жақындарымен телефон арқылы сөйлескен кезде наурыз мерекесіне үйіне баратынын айтқан.

"Ең соңғы рет анасына видео арқылы хабарласып, наурыз мерекесіне келетінін айтты. Жұмыстарын айтып, соларды бітірген соң 4 күн демалысқа келемін деді. "Сағынып кеттім" деп қоштасқандай еркелегені есімде. Анасы жолға қарап, әлі күтетін сияқты. "Келемін" деп айтқаннан кейін олар күтіп жүрді. Мұндай хабар келеді деп күткен жоқ. Шешесі әлі күтіп жүр. Аяжан оқуда жүрген сияқты сезімдеміз", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Айтуынша, Аяжанның анасы біраз уақытқа дейін істің мән-жайын білмеген. Тек қайтыс болғанын естіген.

"Ата-анасының жағдайы өте ауыр, олар күйзелістен әлі шыға алған жоқ. Стрессте жүр. Күліп отырып жылай салуы мүмкін, жылап отырып күле салуы мүмкін", - дейді әпкесі.

Күдіктінің туыстары кешірім сұрамаған

Аяжанның туыстарының айтуынша, күдіктінің туыстары кешірім сұрап бармаған.

"Келмей-ақ қойса екен деп ойлаймын. Аяжанның ержеткен ағасы бар. Ашуланып кетеді. Бірдеңе жасап қоя ма деп қорқамын", - дейді Нұргүл Әбеутәліпова.

Адвокаттың айтуынша, Төребековтың туыстары, ата-анасы ол жігіттен бас тартқан болуы да мүмкін. Себебі оған мемлекет тарапынан қорғаушы тағайындалған, туыстары адвокат қарастырмаған.

"Адами тұрғыдан ол кісілерге де ауыр. Өздері тәрбиелеген бала осындай қылмыс жасап отыр. Енді қай бетімізбен барамыз деп келмей отырған шығар. Жалпы бас тартқаннан кейін өз мәселесін өзі шешсін, бізді онсыз да қарабет қылды деп жүрген шығар", - дейді адвокат.

Ал қылмыстық істің қай уақытта аяқталып, сотқа қашан жолданатыны әлі белгісіз. Себебі ол үшін барлық сараптама нәтижесі дайын болуы керек.

Аяжан Еділованың өлімі

Алматыда 19 жастағы Аяжан Еділова 19 наурызда жоғалып кетті. Оны соңғы рет жұмыста көрген. Қызды іздеу бірнеше күнге созылды. Оның көз жұмғаны 22 наурызда белгілі болды. Оның бөлшектенген денесі Нұркент ықшам ауданындағы пәтерлердің бірінен табылды.

Оқи отырыңыз: Аяжан Еділованың сүйегі жер қойнына тапсырылды

Қылмысқа күдікті ретінде Түркістан облысының 28 жастағы тұрғыны ұсталды. Полиция оның үйінің есігін бұзып кіргенде күдікті қолына пышақ алып, өз мойнын тіліп үлгерген. Дәрігерлер оны құтқарып қалды.

"Араларында жанжал шыққан. Жанжалдың нәтижесінде ол қыз баланы өлтіріп, қылмыстың іздерін жасыру мақсатында оның денесін бөлшектеген. Қылмыс аса қатыгездікпен, жауыздықпен жасалған", - дейді Алматы қаласы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.

0
Кілт сөздер:
Алматы, қатыгездік, қыз, өлім
Тақырып бойынша
Аяжан Еділованың өлімі: оқу орнындағылар күдікті жайлы не дейді – видео
Алматыда денесі бөлшектелген қыздың ағасы: Тісін қағып алып, тырнағын кескен
Аяжан Еділованың күдіктімен жолыққан кезі түсірілген видео жарияланды
Аяжан Еділованың өлімі: күдіктіге қатысты желіде тараған ақпарат расталмады
Аяжан Еділованың өлімі: марқұмның ұстаздары мен құрбылары пікір білдірді