Сирия президенті Башар Асад

Башар Асад: Сириядағы соғыс әлі тоқтаған жоқ

64
Сирия басшысы Таулы Қарабақтағы жағдайдың ушығу себептеріне қатысты өз көзқарасымен бөлісті, АҚШ-тағы президенттік сайлаудың болашағы мен Дональд Трамптың Нобель сыйлығына ұсынылуы мәселесіне де баға берді

НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. 30 қыркүйекте Ресейдің Қарулы күштері операциясының Сирияда басталғанына бес жыл толды. Осы күннің қарсаңында Сирия президенті Башар Асад РИА Новости агенттігіне сұқбат берді. Әңгіме барысында ол өз еліндегі соғыстың беталысы, Ресей әскери күштерінің іс-әрекеті өзіне қаншалықты әсер еткені, ұзаққа созылған шиеленіс қандай бетбұрыс алып келгені және екі елді әскери-техникалық ынтымақтастық тұрғысында не күтіп тұрғаны жайлы айтып берді. 

Сонымен қатар, Сирия лидері "америкалықтар оның өміріне қастандық жасауы мүмкін бе?" деген сауалға жауап берді. Ол соңғы уақыттың ең өткір тұрған тақырыбы – коронавирусқа тоқтала келе, ресейлік вакцинация мәселесін де қозғап өтті.

- Президент мырза, Сирияда Ресей операциясының басталғанына бес жыл толған кезде осы сұқбатқа келісім бергеніңіз үшін зор алғысымызды білдіреміз. Бес жыл өтті, сіз Сириядағы соғыс аяқталды деп айта аласыз ба?

- Жоқ. Лаңкестер біздің елдің кейбір аудандарын басып алып, түрлі қылмыстар жасап, кісі өлтіріп жатқан кезде, соғыс аяқталды деп айта алмаймын. Менің ойымша, олардың басшылары оның ұзақ уақытқа созылатынына күш салатын секілді. Бізге солай көрініп тұр.

- Ресейліктердің қандай ерліктерін еске алып, жүрегіңізде сақтап жүрсіз?  Олардың қандай әрекеттерін немерелеріңізге айтар едіңіз?

- Олар өте көп. Көпшілігі, әрине есімде. Сұрапыл соғыста Сирия мен Ресей армиялары арасындағы бес жылдық ынтымақтастықтан туындаған ерлік ұжымдық әрекетке айналуда. Еске түсіретіндей бірқатар ерлік оқиғасы бар. Мысалы, егер әскери ұшқыштар, әуе күштері туралы айтатын болсақ, онда ресейлік ұшқыштар күн сайын террористерге қарсы шабуылдарын жалғастырып, өз өмірін қатерге тікті, террористер бірнеше ұшағын атып түсірді. Егер басқа офицерлер туралы айтатын болсақ, олар Сирия армиясын тылда емес, алдыңғы шепте жүріп қолдап келеді, ал олардың кейбірі шейіт болды. Сондықтан мен бір күні немерелеріме тек ерлік туралы ғана емес, сонымен бірге бізді соғыс кезінде бауырлас еткен әскерлеріміздің ортақ құндылықтары туралы айтамын. Яғни, асыл құндылықтар, өз ісіне деген адалдық, бейбіт тұрғындарды қорғау, жазықсыздарды қорғау туралы айтамын деп ойлаймын. Бұл соғыс туралы көп дүние айтуға болады. 

- Бұл соғыста қандай сәт сіз үшін бетбұрыс болды?

- Соғыс басталғаннан бері 10 жылға жуық уақыт өтті, сондықтан мен бетбұрыс деп атауға болатын бір емес, бірнеше жәйтті айтар едім. Біріншісі, 2013 жылы біз көптеген аймақты "Ан-Нусрадан", әсіресе Сирияның орталық бөлігінде орналасқан аймақтарды азат ете бастаған кезде болды. Содан кейін, 2014 жылы ДАИШ содырлары Американың қолдауымен басқа бағыттан кенеттен пайда болып, бір уақытта Сирия мен Ирак аумағының өте маңызды бөлігін басып алды. Бұл кезде террористер басқа аймақтарды жаулап ала бастаған еді, ал ДАИШ САР армиясын елдің батыс бөлігін азат ету бағытындағы миссиясынан алшақтатып үлгерді. Осыдан кейін тағы бір бетбұрыс кезең бар. Оны 2015 жылы ресейліктердің Сирияға келуімен байланыстыруға болады. Осылайша, біз бірге көптеген аймақты азат ете бастадық. Ресейліктер Сирия армиясын қолдауға келгеннен кейін мен Алеппоның шығыс бөлігін азат етуді тағы бір бетбұрысты кезең деп айтар едім. Бұл – Сирияның басқа аудандарын азат ету басталған кезең. Алеппоның маңыздылығына байланысты, бұл территорияны үлкен ауқымда азат етудің бастамасы болатын. Кейінірек ол Дамаскіде, жақында Алеппоның қалған бөлігінде, сондай-ақ Сирияның шығысы мен оңтүстігіндегі басқа аудандарда жалғасты. Бұлардың бәрі – бетбұрыс кезеңдері. Оларды біріктіретін болсақ, барлығы стратегиялық тұрғыда маңызға ие болады. Себебі олардың әрқайсысы бұл соғыстың бағытын өзгертті.

- Енді өзекті мәселелерге ойыссақ. Біз қазір Ресейде Армения мен Әзербайжан арасындағы аймақтық жанжалды бақылап отырмыз. Әрине, бұл жерде Түркия маңызды рөл атқарып тұр. Мұны теріс немесе оң әрекет деп бағаламай-ақ қояйын. Дегенмен мен Түркия мен Ердоғанның саясаты туралы сауал қойғым келеді. Соңғы жылдары Түркия өзінің халықаралық ықпалын барынша арттыруға тырысып бағуда. Біз оның Ливияға, Сириядағы жағдайға араласуын, Грекиямен аумақтық дауларға араласқанын байқап келеміз. Енді, міне Әзербайжанға ашық қолдау танытып отыр. Түркия мен Ердоғанның бұл әрекеті туралы не ойлайсыз? Халықаралық қауымдастық осы неосмандық ұстанымға көбірек назар аударуы керек емес пе?

- Мәселенің ашығын айтайын. Ердоған Сириядағы, Ливиядағы лаңкестерді де қолдайды. Ол таяуда Әзербайжан мен Армения арасында басталған Таулы Қарабақ төңірегіндегі қақтығыстың негізгі қоздырушысы және бастамашысы болды. Жалпы, оның мінез-құлқы, іс-әрекеті қауіпті. Оны әр түрлі себептермен байланыстыруға болады. Біріншіден, бұдан "Мұсылман бауырлар" ағымының көрінісін байқауға болады, ал олар экстремистік, террористік топ. Екіншіден, ол Түркияның өз ішінде болып жатқан іс-әрекеттерден қоғамның назарын басқа жаққа аудару үшін әр түрлі аймақтарда соғыс өртін тұтандырады. Бұған әсіресе, оның  ДАИШ-пен Сириядағы жанжалға толы байланысын мысалға келтіруге болады. Барлығы ДАИШ-тың Сириядағы мұнайды АҚШ әскери-әуе күштерінің көмегімен Түркия арқылы сатқанын және әрине, мұнай саудасына түріктердің қатысқанын біледі. Оның мақсаттары сондай, яғни, қауіпті. Ал халықаралық қауымдастық бұл мәселені білуі керек пе, жоқ па деген мәселеге қатысты мынаны айтар едім. "Халықаралық қауымдастық" деген термин  шын мәнісінде, елдердің шағын тобын  -  үлкен державалар мен бай елдерді ғана айқындайтын ұғым іспетті. Олар – саяси аренадағы ықпалды елдер. Бұл халықаралық қауымдастыққа кіретін мемлекеттердің басым көпшілігі – терроризмді қолдап отырған Түркияның сыбайластары. Сондықтан олар Түркияның не істеп жатқанын біледі, оларға Түркияның әрбір іс-әрекеті ұнайды. Түркия - бұл елдердің осы аймақтағы саясаты мен идеяларын жүзеге асырушы құрал. Сондықтан біз халықаралық қауымдастыққа мүлдем сене алмаймыз. Халықаралық құқыққа сенуге болар еді, бірақ ол жоқ. Себебі, бұл заңның іс жүзінде қолданылуын қамтамасыз ететін институттар жоқ. Демек Сирия мәселесіне келгенде, бізге өзімізге және достарымыздың көмек-қолдауына ғана сенім арту ғана қалды.

- Таулы Қарабақтағы қақтығыс туралы тағы да қозғасақ, бұрын Сирияда соғысқан лаңкестер тобы Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс аймағына жіберіліп жатыр деген мәлімет бар. Сіз мұны растай аласыз ба? Сіздің қолыңызда Сириядан содырлардың жіберіліп жатқаны туралы туралы ақпарат бар ма?

-Біз мұны нақты түрде растай аламыз, бірақ қолымызда дәлелдер болғандықтан ғана емес. Кейде ешқандай дәлел болмағанымен, бұған тиісті нұсқаулардың берілетінін байқауға болады. Түркия Сирияда әртүрлі елдердің лаңкестерін пайдаланды. Ол Ливияда дәл осындай әдістерді қолданды - ол сол жерден Сириядағы, мүмкін басқа елдерден келген лаңкестердің әрекетін пайдаланды. Сондықтан оның Таулы Қарабақта да дәл осындай әрекетке баратыны дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Бұл әбден мүмкін. Өйткені мен жаңа ғана айтқанымдай, бұл мәселеге Түркия себеп болды, бұл қақтығысты сол бастап, қолдап, қуаттады. Түркия бір нәрсеге қол жеткізгісі келді, сол себепті осындай қадамға тағы да бармақ. Сондықтан біз Таулы Қарабақтағы қақтығысқа Сириядағы және басқа елдердің лаңкестерін пайдаланып жатқанын сеніммен айта аламыз.

- Енді елдеріміз арасындағы қарым-қатынас тақырыбына көшейік. Президент Путинмен қандай да бір байланыс орнатуды немесе кездесулер өткізуді жоспарлап отырсыз ба?

- Біз үнемі байланыстамыз, негізінен телефон арқылы. Бірдеңе болған жағдайда немесе әңгімелесуге қажеттілік туындаған кезде. Әрине, біз қарым-қатынасымызды әрі қарай да жалғастырамыз, болашақта кездесеміз, бірақ бұл Сириядағы саяси жағдайға байланысты болмақ. Өздеріңіз білетіндей, қазір бүкіл әлемді коронавирус пандемиясы шарлап кетті, сондықтан әзірге тек телефон арқылы сөйлесетін боламыз деп ойлаймын.

- Сіз Сирияға жаңа несиелер, жаңа қарыздар ұсыну мәселесін көтеруді жоспарлап отырсыз ба?

- Біздің қазіргі экономикалық жағдайымызға сәйкес, несие алу маңызды деп санаймын, бірақ кейін сол несиені төлеуге мүмкіндігің болмаса, мұндай қадамға барудың еш қажеті жоқ. Әйтпесе, бұл экономикаға ауыр салмақ түсіреді, сондықтан осындай аспектілерді ескеріп алу қажет. Біз несие туралы ойланып жатырмыз, мұны ресейлік әріптестерімізбен талқыладық, бірақ мұндай қадамға бармас бұрын оған байыпты түрде, тәжірибелік деңгейде дайындалу қажет.

- Жақында Сирияға Ресейден делегация барды, оның ішінде вице-премьер Борисов болды. Сирия С-400 сияқты зениттік жүйелерді сатып алуға мүдделі ме? Мүмкін С-300-ге қосымша мұқтаж шығар?

- Екі жыл бұрын біз өз армиямызды модернизациялау жоспарын жүзеге асыра бастадық және бұл модернизацияны Ресейдің қорғаныс министрлігімен бірлесіп жүзеге асыратынымыз анық, өйткені бірнеше онжылдықтар бойы біздің армия толығымен ресейлік қаруларға арқа сүйеп келеді. Бірақ бізде басымдықтар бар, бұл жерде әңгіме зымырандар туралы емес. Қазіргі уақытта "жердегі" күреске қатысты басқа басымдықтар бар болуы мүмкін. Біздің толық жоспарымыз бар, бірақ біз басым тетіктерге сәйкес әрекет етуіміз керек. Әдетте, біз әскери жоспарларымыздың егжей-тегжейі туралы айтпаймыз, бірақ тұтастай алғанда, бұл армияны барлық аспект бойынша жаңартуға қатысты болмақ.

- Сіз АҚШ президентінің сайлауалды кампаниясын бақылап отыратын шығарсыз. Американың жаңа президенті кім болатынына қарамастан, ол Сирияға қарсы санкциялар саясатын қайта қарайды деп үміттенесіз бе?

- Біз әдетте Америка сайлауларынан президенттің емес, корпорация басшысының сайлануын күтеміз, өйткені директорлар кеңесі бар, ал бұл директорлар кеңесі ірі корпорациялардың, мәселен банктер, қару-жарақ пен мұнай өндіруші компаниялар сияқты ірі корпорациялардың лоббистерінен және т.б. тұрады. Сондықтан корпорацияның басшысы сайланады, ал оның қандай-да бір шешімді қайта қарауға құқығы да, құзыры да болмайды, оларды тек орындау керек. Трамп президент болған кезде дәл осындай жағдай болды.

- Ол бұрын ұзақ жылдар бойы бас директор болған еді...

-Өте дұрыс! Ол солай болып қалды да. Трамп өзінің саясатын ұстанғысы, оны жүргізгісі келді және ол үшін жауап берді десе де болады: импичмент мәселесін еске түсіріңіз. Трамп сайлау алдында айтқан әрбір сөзін қайта "жұтып" қоюға тура келді. Сондықтан мен президент сайлауын күтудің қажеті жоқ дер едім, бұл жерде әңгіме бас директор туралы болып отыр. Егер сіз саясаттың өзгеруі туралы айтқыңыз келсе, онда директорлар кеңесі бар екенін, ал олар өз саясатын өзгертпейтінін ескеріңіз. Бас директор өзгеруі мүмкін, бірақ кеңес өзгеріссіз қалады, сондықтан артық ештеңе күтпеңіз.

- Осы "директорлар кеңесіне" кімдер кіреді? Ол адамдар кімдер?

Мен жаңа айтқанымдай, бұл кеңес лобби топтардан тұрады, олар өздері қалағандарын жасайды, олар конгрессті және басқаларды, соның ішінде БАҚ-ты және т.б. басқарады. Бұл альянс – АҚШ-та өздерінің жеке басының мүдделері үшін жұмыс істейтін әртүрлі корпорациялардың альянсы.

- Трамп америкалық күштерді Сириядан шығаруға уәде берді, бірақ оны орындай алмады. Енді ол Нобель сыйлығына ұсынылды. Ол америкалық сарбаздарды үйіне қайтара алса, Нобель сыйлығын алады деп ойлайсыз ба?

- Оны ұсынды ма?

- Иә.

- Білмеппін. Егер сіз бейбітшілік сыйлығы номинациясы туралы айтқыңыз келсе, онда бейбітшілік тек әскерлерді шығарумен ғана шектелмейді. Әрине, ол жақсы және қажетті қадам. Бірақ бейбітшілік  – сенің саясатың, жасаған іс-әрекетің. Ол – территорияны басып алуды тоқтату, сізді қолдамағаны үшін ғана қажетсіз деп таныған үкіметтерді құлатуды тоқтату, әртүрлі аймақтарда хаосты жүзеге асыруды тоқтату. Бейбітшілік - бұл халықаралық заңдар мен БҰҰ Жарғысын сақтау. Бейбітшілік дегеніміз – осы, Нобель сыйлығын міне, осы үшін беру керек. Обама алды, ол жай ғана сайланды және ештеңе жасамады. Оның сол кездегі жалғыз жетістігі, бәлкім, оның Ақ үйге қоныс аударуында болар. Сондықтан оған Нобель сыйлығы берілді. Менің ойымша, Трампқа да осыған ұқсас нәрсе үшін беруі мүмкін. Оның не үшін алатынын қазір білмеймін. Бірақ бейбітшілік үшін емес. Ол - анық.

- Жақында Трамп сіздің көзіңізді жоюға бұйрық бергісі келгенін мойындады, бірақ Пентагонның сол кездегі басшысы Мэттис бұлай жасамауға көндірген. Сіз бұл туралы білдіңіз бе? Қандай да бір шара қолданылды ма?

-Кісі өлтіру - бұл америкалық жұмыс тәсілі, жұмыс режимі, олар мұны ондаған жылдар бойы үнемі жүзеге асырып келеді. Барлық жерде, әлемнің әр бұрышында. Бұл жаңалық емес. Сондықтан мұндай жоспарлар әрдайым әрі әр түрлі себептерге байланысты болғанын ескеру қажет. Біз Сириядағы қақтығыс жағдайында, америкалықтардан осыған ұқсас нәрсені күтуіміз қажет. Олар біздің жерімізді басып алды, сондай-ақ террористерді қолдайды. Сондықтан олардан мұны әбден күтуге болады. Біздің қолымызда ондай ақпарат болмаса да, ол әбден айқын дүние. Мұның қалай алдын алуға болады? Әңгіме белгілі бір жағдай немесе қандай да бір адамның немесе президенттің іс-әрекеті мен құрған жоспары туралы емес. Әңгіме жалпы жүріс-тұрыс, іс-әрекетке қатысты болып отыр.  Егер халықаралық қарым-қатынаста АҚШ-тың өзі жасаған қылмыстары үшін жауапкершіліктен жалтарып кете алмайтындай тепе-теңдік болмаса, онда АҚШ-тың мұндай қатыгез әрекеттері мен шабуылдарын ештеңе тежей алмайды. Нәтижесінде мұндай әрекет әр түрлі аймақтарда осындай қылмыстардың көбеюіне әкеледі және оларды ештеңе тоқтата алмайды.

- Сіздің өміріңізге қауіп төндірген басқа жағдайлар болды ма?

- Мен белгілі бір нақты жағдайлар туралы білмеймін. Алайда мен бұған дейін  айтқанымдай, мұндай талпыныстардың, тіпті нақтырақ айтсақ, жоспарлардың бар екені анық.  Тек бұл жерде жалғыз ғана сауал туындайды. Мұндай жоспарлар әлі де өзекті ме, әлде, уақытша тоқтап тұр ма? Оны ешкім білмейді.

- Сириядағы жағдайға оралуға рұқсат етіңіз. 2021 жылы президенттік сайлауға тағы да түсесіз бе?

- Бұл туралы айту әлі ерте, алда бірнеше ай бар. Мен бұл мәселе бойынша келесі жылдың басында шешім қабылдай аламын.

- Сіз Александр Лукашенконы Беларусьтегі инаугурациясымен құттықтадыңыз. Мүмкін сіз Ұлыбритания мен АҚШ-тың Беларусь оппозициясын қолдау үшін қолданған саяси технологиялары мен Сирия мемлекетіне қарсы ақпараттық соғыста қолданылған әдіс-тәсілдер арасында қандай да бір ұқсастықты байқайтын шығарсыз?

- Мен президент Лукашенкоға өз құттықтауымды жолдадым, бұл заңдылық. Беларусьте болып жатқан оқиғаларға тоқталатын болсақ: екі ел – Сирия мен Беларусьтің ұқсастығына немесе айырмашылықтарына қарамастан, елде нақты немесе жасанды түрде құрылған қақтығыстың болуына қарамастан, Батыс өзінің бүкіл гегемониялық саясатын өзгертпейінше, ол әлемнің кез-келген бұрышындағы істерге араласа беретін болады. Егер сіздің еліңізде қандай ауқымда болмасын, белгілі бір проблема туындаса, Батыс бәрібір араласады. Егер бұл ішкі процесс болса, олар сіздің ісіңізге араласу үшін оны халықаралық сипатқа айналдырады. Егер сізде қиындықтар болмаса, олар проблема туындатып және халықаралық аренаға шығаруға тағы да барын салады. Бұл – олардың саясаты.

Демек, мәселе Беларусьте нақты қандай жағдай болып жатқандығында емес. Кез-келген елдің - Сирияның, Беларусьтің, сіздің еліңіздің  өз проблемалары бар. Ал оларға Батыстың араласуға құқығы бар ма, жоқ па? Біз міне, осыған қарсы тұруымыз керек. Сонымен, сіздің сұрағыңызға қайта оралайық. Иә, бұл баяғы іс-әрекет, сол стратегия, сол тактика. Жалғыз айырмашылық - олардың қандай терминдерге сүйенетіндігінде, қандай тақырыптарды қолданатындығында. Олар кейбір тақырыптарды Ресей үшін, басқаларын Венесуэла үшін, тағы бірін Сирия үшін және т.б. қолданады. Яғни, әңгіме Беларусь туралы емес, Батыстың мінез-құлқы және оның болашақтағы стратегиясы туралы. Өйткені Батыс Ресейдің, Қытайдың және әлемдегі басқа да күштердің күшеюі оларға экзистенциалды қауіп төндіреді деп ойлайды және оған қарсы тұрудың жалғыз жолы - бүкіл әлемді хаосқа айналдыру деп есептейді.

- Сіз коронавирус туралы, оның бүкіл адамзатқа тигізетін зардаптары туралы айтып өттіңіз. Сирия үкіметінің ішінде бұл вируспен ауырған адам болды ма? Мүмкін сіздің өзіңіз?

- Құдайға шүкір, жоқ. Біздің үкіметтен бұл ауруды біреу жұқтырды деп ойламаймын.

- Бұл жақсы ғой. Сіз ресейлік вакцинаны салдырғыңыз келе ме?

- Әрине, қазіргі таңдағы қалыптасқан жағдайға байланысты әрбір адам бұл қауіпті вирусқа қарсы екпе алғысы келетіні белгілі.  Менің түсінуімше, бұл вакцина әлі халықаралық нарықта жоқ, бірақ біз Ресей билігімен оның Сирияға қашан келетінін талқыламақпыз. Бұл өте маңызды.

- Иә, Ресей вакцинаның өзінің халықаралық серіктестеріне қолжетімді болуы мүмкін екенін мәлімдеді ...

- Қараша айында қолжетімді болуы мүмкін деген еді.

- Сіз ресейлік вакцинаның жеткізілімін сұрайсыз ба?

- Әрине, иә. Бұл қазір қажет.

- Қанша мөлшерде?

- Бұл вакцинаның қанша мөлшерде қолжетімді болатынына байланысты.  Сондай-ақ, біз вакцинаның қанша мөлшерде қажет екенін Сирияның денсаулық сақтау органдарымен бірге талқылауымыз қажет.

- Демек, сіз Ресей билігімен егжей-тегжейлі келіссөз жүргізбексіз бе?

- Әрине. Міндетті түрде. Сирияда барлығы ресейлік вакцинаға және оның қашан қолжетімді болатынына қызығушылық танытып жатыр.

- Коронавирус өршіп тұрған кезде қоғамда конституциялық өзгеріс енгізу туралы мәселе әлі де көтеріле ме? Өйткені, пандемия әлемде және әрине, саясат саласында жаңа парадигманы тудырғаны белгілі. Бұл проблемалар мен Женевадағы келіссөздерге қатысты жағдай конституциялық өзгерістердің қажеттілігі төңірегінде күмән тудырғаны белгілі. Сіз бұл туралы не ойлайсыз?

- Жоқ, коронавирус пен конституция арасында ешқандай байланыс жоқ. Біз конституцияны 2012 жылы өзгерттік және енді оны Женевадағы келіссөздер барысында талқылайтын боламыз. Біз шамамен бір ай бұрын келіссөздер раундын жүргіздік. Пандемияға байланысты раундтар кейінге қалдырылды, бірақ тоқтаған жоқ.

Шын мәнісінде, Женева келіссөздері - бұл саяси ойын, ол сириялық қоғамның назарын аударып отырған мәселе емес. Сириялықтар конституция туралы ойламайды, ол туралы ешкім айтпайды да. Оларды біз іске қосатын реформалар және өз қажеттіліктерін өтеу үшін саясаттың өзгеруі толғандырады.  Біз қазір осыны талқылап жатырмыз, себебі бізді осы мәселе толғандырады. Үкімет өзінің барлық күшін осыған бағыттап отыр.

- Демек, сіз Женевадағы келіссөздерді жалғастыру керек, конституция мәселесі күн тәртібінде тұр және оған қатысты көп талқылау болуы қажет дегенді айтқыңыз келе ме?

- Иә, әрине. Біз оларды бастадық, алдағы бірнеше аптада әрі қарай жалғастырамыз.

- Сирия "Ақ дулығаға" қарсы сот ісін жүргізе ме? Сіздің ойыңызша, олардың қызметіне халықаралық тергеу қажет пе? Бәлкім, БҰҰ аясында?

- Қылмыс болған кезде пышақ немесе басқа бір қаруды емес, қылмыскерді соттайды. Ал бұл жағдайда "Ақ дулыға" терроризм қолданған құрал, қару ғана. Оларды Ұлыбритания билігі құрды, артынша АҚШ және, әрине, Франция және басқа да батыс елдері қолдады, ал Түркия тікелей қолданды. Бұл режимдердің барлығы – "Ақ дулығаны" "өмірге әкелушілер", сондықтан "Ақ дулығадан" бұрын әуелі олар жауап беру қажет.  Қазіргі мәселе мынада: халықаралық құқықта мұны жүзеге асыратын құралдар бар ма? Ондай құралдар жоқ. Әйтпесе, АҚШ, мысалы, Иракта, Йеменде және басқа жерлерде өзі жасаған қылмыстары үшін жазадан құтылып кетпес еді. Тек АҚШ қана емес. Сондай-ақ Франция, Ұлыбритания, басқа елдер, соның ішінде Сириядағы АҚШ. Бірақ мен бұған дейін айтқанымдай, тиісті заңдарды орындайтын институттар жоқ. Сондықтан біз кінәлілерге, шын кінәлілерге, олардың басында тұрған көшбасшыларға көбірек назар аударуымыз қажет. Ал олар – Батыс елдері және олардың аймақтардағы "қуыршақтары".

- Бірақ, "Ақ дулығаға" қатысты нақты қадам болуы керек шығар? Өйткені, олар әлі де өз қызметін жалғастырып келеді емес пе?

- Иә, әрине, олар қылмыскерлер. Мен басқа нәрсе туралы айтып отырған жоқпын. "Ақ дулыға" болғанға дейін олар "Ан-Нусра" болған. Бұл қылмыскерлердің видеолары мен суреттері бар. Оларды Сирияда соттау керек. Ал егер  сіз ұйым ретіндегі "Ақ дулығаны" айтып отырсаңыз, ол Батыста құрылды. Ондағы адамдар - қылмыскерлер, бірақ "Ақ дулыға" - бұл батыс институты, "Ан-Нусра" негізіндегі экстремистік террористік ұйым.

- Сіз Сирияда америкалық және түрік әскерлерінің болуы заңға қайшы дегенді айттыңыз. Оны тоқтату үшін не істейсіз?

- Бұл – басып алу. Демек, біз бұл жағдайдан екі нәрсе жасауымыз керек: біріншіден - олардың басып алу үшін қолданатын сылтауынан, яғни террористерден, бұл жағдайда – "Ислам мемлекетінен" құтылу керек. Әлемнің көп бөлігі ИМ-ді америкалықтар құрғанын және олар тарапынан қолдауға ие болатынын біледі, олар кез-келген басқа америкалық күштер сияқты ИМ-ге тапсырма береді. Біз осы сылтаудан құтылуымыз керек, сондықтан Сириядағы террористерді жою – біздің басты міндетіміз. Егер америкалықтар мен түріктер осыдан кейін де кетпесе, онда әрине, халықтық қарсылық басталады. Бұл – жалғыз жол. Олар пікірталастар немесе халықаралық заңдар арқылы кетуге мәжбүр болмайды, өйткені ондай дүние жоқ. Демек, қарсылық көрсетуден басқа жол жоқ,  Иракта міне, осындай жағдай болған. 2007 жылы америкалықтарды кетуге не мәжбүр етті? Ол – Ирак халқының қарсылығының нәтижесі.

- АҚШ пен сириялық күрдтер арасындағы мұнай өндіру туралы келісім туралы не айтасыз? Осыған байланысты қандай да бір шара қолданасыз ба?

- Бұл – тонау, оны тоқтатудың жалғыз жолы - аумағымызды азат ету. Егер мұны жасай алмасақ, оларды ешқандай шара тоқтата алмайды, өйткені олар – қарақшылар. Сіз ұрыны түрмеге қамамайынша немесе оны тонамақ болған жерден оқшаулап, ұстамайынша тоқтата алмайсыз. Дәл осындай тәсілді бұл ұрыларға да қолдану керек. Оларды аймақтан қуып шығу керек, бұл - жалғыз жол. Сирия үкіметі жағдайдың қалыпқа келуі үшін Сирияның барлық бөлігін бақылауы қажет.

- Идлибтегі жағдайды қалай бағалайсыз? Сирия сол жерден террористерді шығару мәселесін қалай шешпек? Сіздің есебіңіз бойынша, қазір олардың саны қанша?

- 2013 жылдан бастап біз террористер бейбіт тұрғындардың немесе қалалардың көп бөлігін бақылап отырған аймақтарға қатысты белгілі бір жұмыс әдістемесін қабылдадық. Біз оларға үкіметтен рақымшылық алу үшін қаруларын тастауға мүмкіндік береміз. Бұл тәсіл Сирияның көптеген аймағында іске асты. Ал егер олар татуласуға ұмтылмаса, біз мәселені әскери жолмен шешуге мәжбүр боламыз, 2013 жылдан бері біз азат еткен барлық аудандарда осылай болды. Бұл әдістеме ұлттық татуласу орын алған және содырлар сириялықтар болған жерлерде қолданылды. Алайда Идлиб – басқа жағдай: дәл сол жерде Сириядағы шетелдік террористердің көп бөлігі шоғырланған, сондықтан олар не Түркияға кетуі керек, себебі олар Сирияға сол жақтан немесе соның аумағы арқылы келген немесе өз елдеріне оралуы немесе Сирияда өлтірілуі керек.

- Еуропаға оралып жатыр ма?

- Негізінен Еуропаға. Олардың кейбіреулері Ресейден, араб елдерінен, әлемнің көптеген елінен келген. Осы жиһадшылардың барлығы – Сирияға соғысу үшін келгендер.

- Қазір бұл аймақ ресейліктердің, түркиялықтардың, кейде америкалықтардың бірлескен операцияларының бақылауында тұр деуге болатындай. Сіздің ойыңызша, бұл ынтымақтастық тиімді ме? Болашақта бұл тәжірибені қалай пайдалануға болады?

- Жоқ, мен мұны бір қарапайым себеп бойынша тиімді деп есептемеймін: егер ол тиімді болса, біз жақында Алеппо мен Идлибтің көптеген ауданында ұрыс қимылдарын бастауға мәжбүр болмас едік, өйткені түрік режимі террористерді осы аймақтан кетуге көндіруі және  Сирия армиясын, Сирия үкіметі мен мекемелерін  оны бақылауда ұстауына мүмкіндік беруі тиіс еді, бірақ олар оны орындай алмады. Әр кезде олар өздеріне бір-біріне ұқсас міндеттеме алады, бірақ олар өздерінің уәделері мен міндеттемелерін орындаған жоқ. Сондықтан мен бұл ынтымақтастық тиімді болды деп айтпас едім. Бірақ көрейік. Олардың террористерге Идлибтегі M4 трассасы арқылы солтүстіктен шығу үшін қысым жасау мүмкіндігі бар. Бұл олардың Ресей тарапымен жасалған келісім бойынша соңғы міндеттемесі, бірақ олар оны да орындаған жоқ. Күте тұрайық.

- Сіз ұрыс қимылдарын тоқтату тұрғысында Израильмен келіссөздер жүргізу мүмкіндігін қарастырасыз ба? Болашақта Сирия кейбір араб елдері жасағандай, Израильмен дипломатиялық қатынастар орнатуы мүмкін бе?

- Біздің бұл мәселеге қатысты ұстанымымыз тоқсаныншы жылдардағы бейбіт келіссөздердің басында, яғни, шамамен 30 жыл бұрын Сирия үшін бейбітшілік біздің құқығымыз екенін айтқаннан бері айқын көрінген еді. Біздің құқығымыз - біздің жеріміз. Біздің жеріміз өзімізге қайтарылғанда ғана  Израильмен қалыпты қарым-қатынаста орната аламыз. Барлығы өте қарапайым. Бұл Израиль дайын болған кезде мүмкін болады, бірақ ол дайын емес. Ол ешқашан дайын болған емес: біз Израиль режимінен бейбітшілікке бір қадам болса да жақындауға дайын тұрған шенеунікті ешқашан көрген емеспіз. Сондықтан теориялық тұрғыдан, иә, бірақ іс жүзінде емес.

- Маған басқа араб елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалыпқа келуі туралы жаңалықтар Сирия мен Израиль арасындағы келіссөздерді бастауға түрткі болатын сияқты көрініп еді.  Сонда мұндай келіссөздер жоқ па?

- Жоқ, келіссөздер мүлдем жоқ.

- Сіз өз қарулы күштеріңізді нығайту туралы айтып өттіңіз. Бұған қандай да бір кедергі бар ма?

- Егер үлкен жобалар туралы айтатын болсақ, сіздің алдыңыздан әрдайым кедергілер шығады. Бірақ сіз оларды жеңе аласыз. Мүмкін емес нәрсе жоқ. Кейде бұл қаржылық кедергілерге, кейде басымдықтарға, ал енді бірде аумақтағы жағдайларға қатысты болуы мүмкін. Бұл – жалғыз кедергі. Әйтпесе, бізде басқа ешқандай кедергі жоқ. Біз осы бағытта алға жылжып келеміз, алайда бұл уақытты қажет етеді. Демек, бұл – алдағы уақыттың еншісіндегі мәселе, басқа ештеңе емес.

- Кейбір халықаралық ойыншылар көптеген батыс үкіметтері мен бәлкім кәсіпкерлер үшін Иранның Сириядан кетуі елдің экономикалық тұрғыдан қалпына келуі мен Сирия үкіметімен ынтымақтастық орнатудың алғышарты дейді. Сирия мұнымен келісе ме? Дамаск Ираннан елден кетуін сұрай ма, егер олай болса, қашан?

- Біріншіден, бізде ирандық күштер жоқ және бұл өте айқын дүние. Олар Сирияны қолдайды, аумақтағы біздің әскерлермен жұмыс жасайтын әскери сарапшыларды жібереді, Сирия армиясының жанында жүр. Бірақ нақты бір мысалға назар аударайық: шамамен бір жыл бұрын америкалықтар ресейліктерге "израильдіктер басып алған Голан шыңындағы шекарадан 80 шақырым қашықтықта ирандықтарды жылжытуға сендіру" қажеттігін айтқан еді. Ол жерде ирандық әскерлер болмағанына қарамастан, ирандықтар өздерін өте икемді етіп көрсетті, олар: "жарайды, бұл шептің оңтүстігіне қарай ирандық кадрлар болмайды" деді. Америкалықтар бұл мәселеде келісім болса, Сирияның Иракпен шекаралас жердегі ат-Танф деп аталатын басып алынған аймақтың шығыс бөлігінен әскерді шығара бастайтынын айтты. Бірақ ештеңе болған жоқ, олар (америкалықтар) кеткен жоқ. Демек, Иран мәселесі – Сирия жерін басып алуға және террористерді қолдауға сылтау. Бұл олардың шын ниеттерін бүркемелеу үшін бетперде ретінде қолданылады. Олар өз айтқандарын бір жағдайда ғана орындайды. Ол үшін Сирия АҚШ-тың қуыршақ мемлекетіне айналуы керек.  Олар басқаны емес, осыны қалап отыр. Олардың айтқан қалған әңгімелері тегіс өтірік, жалған айып. Сондықтан менің ойымша,америкалықтар өздерінің әс-әрекеттерін өзгертуі керек, мәселенің бұдан басқа нақты шешімі жоқ.

- Соңғы сұрақ. Сіз мақтан тұтатын дүние бар ма? Өзіңіздің қандай әрекеттеріңізге немесе жүзеге асырмаған істеріңізге өкінесіз?

- Соғыс кезіндегі ме?

- Сіз президент болған кезден бері.

-Бұл жерде саясат пен оны жүзеге асыру арасындағы айырмашылықты көре білу керек. Саясат тұрғысынан алғанда, біз Сирия халқына құлақ асатынымызды әуел бастан айтқанбыз, сондықтан 2012 жылы конституцияны реформаладық. Біз террористермен күресеміз дедік, он жылдан бері күресті жалғастырып келеміз. Біз өз тәуелсіздігімізді, ұлттық тәуелсіздігімізді сақтауымыз керек дедік. Біз осы  үшін күресіп келе жатырмыз, ол үшін достарымызбен одақ құруымыз қажет. Бұл саясатқа келетін болсақ, біздікі дұрыс болды деп ойлаймын. Батысқа деген сенімсіздік туралы айтсақ, біз көптеген майданда дұрыс көзқарасты ұстандық. Саясатты жүзеге асыруға келетін болсақ, онда тактика, басқа да көптеген дүние, оларда кеткен қателіктер туралы айтуға болады. Мысалы, татуласу әрекеттері дұрыс жасалды ма? Мұны айтып отырған себебім, бірқатар аудандарда рақымшылыққа ұшыраған адамдар заң бойынша өмір сүргісі келмеді. Сондықтан сіз мұны дұрыс емес деп айтуыңыз мүмкін, дегенмен, іс жүзінде татуласу өте маңызды қадам болды. Біз саяси тұрғыда қателік жібердік деп ойламаймын. Ал оны жүзеге асыру кезінде барлық жерде, кейде күн сайын көптеген қателікке жол беріліп жатады.

- Президент мырза, ашық сұхбат бергеніңіз үшін тағы да алғыс білдіреміз!

- Рахмет! Сирияға келгеніңізге рахмет.

- Сізге көп рақмет. 

64
Ли Гон Хи

Әлемге әйгілі компанияның бас директоры қайтыс болды

7
(Жаңартылды 13:15 25.10.2020)
Ол 1987 жылы өзінің әкесі мен компанияның негізін қалаушы Ли Бен Чхолдың орнына Samsung-тің екінші төрағасы атанған болатын

НҰР-СҰЛТАН, 25 қазан – Sputnik. Әлемге әйгілі Samsung компаниясының төрағасы Ли Гон Хи 25 қазанда 79 жасқа қараған шағында Сеул ауруханасында көз жұмды. Кәсіпкердің мұрасына Оңтүстік Корея прокуратурасы алаяқтық жасады деп күдіктенген оның ұлы Ли Чжэ Ен ие болды.

Атақты кәсіпкердің өлімі туралы Ренхап агенттігі хабарлады.

Өлімнің себебі нақтыланбаған.

Ли Гон Хи 1942 жылы дүниеге келген. Ол 1987 жылы өзінің әкесі мен компанияның негізін қалаушы Ли Бен Чхолдың орнына Samsung-тің екінші төрағасы атанған.

2014 жылы Ли Гон Хи жүрек талмасына ұшырады. Содан кейін корпорацияны бақылау іс жүзінде оның ұлы мен топтың еншілес компаниясы – Samsung Electronics-тің вице-президенті Ли Чжэ Енға өтті. Өйткені, ол компанияның мұрагері саналатын.

Оқи отырыңыз: "Тірідей өртейді": әйгілі француз актрисасы Тоқаевқа хат жазды

Алайда оңтүстіккореялық ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, Ли Чжэ Ен концернде билікке қол жеткізу мақсатында корпорация құрамындағы компанияларды біріктіруде заңсыз алаяқтыққа барғаны туралы прокуратура тарапынан күдікке ілінген.

Айта кетейік, Ли Гон Хидің Ли Чжэ Еннан басқа Ли Бу Чжин және Ли Со Хен есімді екі қызы бар. Тағы бір қызы Ли Юн Хен 2005 жылы өзіне қол жұмсап, қайтыс болған.

7
Тақырып бойынша
Димаш Құдайберген әлемге әйгілі екі әншімен бірге өнер көрсетті - видео
Әлемге әйгілі футболшы қамауға алынды
"Әлемнің халық әртісі": Димаш Ресейдің әйгілі әншілерін гүлсіз қалдырды - видео
Әйгілі Голливуд актері әйелі екеуі коронавирус жұқтырғанын мәлімдеді
Әлемге әйгілі әнші карантиннің қандай пайдасы бар екенін айтты
Дмитрий Медведев

БҰҰ-ның 75 жылдығы: ескі проблема, жаңа сын-қатер және ғаламдық шешімдер

51
(Жаңартылды 21:02 24.10.2020)
Мерейтойлық мақалада әлем БҰҰ-ның арқасында қалыптасқан дағдарыстар кезеңінде үшінші дүниежүзілік соғыс тұңғиығына түсіп кетпегені және қазіргі жүйенің өткір мәселелері оңтайлы шешілгені айтылады

Жыл сайын 24 қазанда – 1947 жылы қазанда жарияланған United Nations Day – Біріккен Ұлттар Ұйымының күні (БҰҰ) аталып өтеді. Осы жылы БҰҰ құрылғанына 75 жыл толады. Мерейтойға орай Ресей Федерациясы қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев арнайы мақала жазды деп хабарлайды RT.

Назарларыңызға мақала мәтінін ұсынамыз.

24 қазан – Біріккен Ұлттар Ұйымының күні ретінде дәстүрлі түрде аталып өтеді. Әлемдегі ең беделді ұйымның құрылғанына биыл 75 жыл толып отыр.

Осы жылдар ішінде БҰҰ мен оның мүше-мемлекеттері ұйым жарғысында көрсетілген халықаралық құқықтық және саяси тетіктердің арқасында үшінші дүниежүзілік соғыстың тұңғиығына түсіп кетуден аман қалды дегенге келіспей болмас. Тіпті, жаһандық масштабта кездескен барлық проблемалар мен дағдарыстарға қарамастан, планетадағы қазіргі күнгі көптеген өткір мәселелері оңтайлы шешілді.

Өкінішке қарай, біз ХХ және ХХІ ғасырда кездестірген мәселелерден әрдайым дұрыс сабақ ала алмадық. Естеріңізге сала кетейін, негізін қалаушы мемлекеттер БҰҰ құрылған кезде, соның ішінде КСРО өз миссиясын айқындады. Ол үш қағидадан тұрады – тұрақты және қауіпсіз әлемге ұмтылу, адам құқығы идеясын алға тарту және әділетті әлемдік тәртіпті құру.

Ұйым құрылғаннан кейінгі жылы-ақ бірнеше ұлтқа бостандық әкелген антигитлерлік коалициядағы кешегі одақтастар ауық-ауық қырғи қабақ соғыс баррикадаларының екі жағында болды. Ал қазір 40 жылға жуық уақыт бойы біз ядролық соғыс қатері мен адамзаттың өзі жойылу қаупі жағдайында өмір сүрдік деп елестету мүмкін емес сияқты көрінеді.

БҰҰ құрылымдары жанжалды жағдайларды реттеу мен заңнамалық негізде жұмыс істеуі үшін көптеген жұмыстар атқарды. БҰҰ-ның сондай маңызды міндеттерінің бірі – қарусыздандыру, жаппай қырып-жоятын қарудың барлық қорларын азайту және жою болатын. 1978 жылы БҰҰ Бас ассамблеясындағы бірінші арнайы сессиясының шешімімен құрылған қарусыздану жөніндегі конференция алаңында ұлттар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, халықаралық шиеленісті бәсеңдетуге және ядролық қару-жарақ саласындағы мемлекеттер арасындағы сенімділікті арттыруға бағытталған бірқатар іргелі халықаралық келісімдер әзірленді және қабылданды. Бұл үдерісте КСРО ерекше рөл атқарды. Бүгін біз бұл саладағы жұмысты жедел түрде жалғастыруымыз керек.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі "ядролық бестік" елдерінің жеке саммитінде Ресей ұсынған адамзаттың өткір мәселелері талқыланады деп сенеміз. Стратегиялық шабуыл қаруын (СНВ-III) одан әрі қысқарту және шектеу шаралары туралы Шартты ұзарту мәселесі де жедел шешімді талап етеді. Сондай-ақ, біз осы маңызды құжатты кеңейту туралы тұжырымдамалар жасадық.

Сонымен қатар, қолданыстағы қару-жарақтың қысқаруын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар жаңа қауіп-қатердің пайда болу қаупін барынша азайту қажет. Осы тұрғыда Ресей Еуропада және басқа аймақтарда жаңа зымырандық жүйелерді орналастыруға мораторий жариялады. Батыстық серіктестердің өзара қадамдарына сенім арта отырып, біз ғарыш кеңістігін милитаризациялауға жан-жақты тыйым салу туралы барлық ғарыштық державалардың заңды күшіне ие келісімін жасауды қолдаймыз. Мұндай тәсілді жүзеге асырудың мақсаттылығы мен Ресейдің ғарыш кеңістігінде қаруланудың алдын алу және оның кеңістігін халықаралық заңнамаға сәйкес пайдалану туралы ұсыныстарын БҰҰ Бас ассамблеясы мақұлдап, растады.

Бейбітшілікті сақтау бойынша жүргізіліп жатқан күш-жігерге қарамастан, өкінішке қарай, біз біржақты агрессивті әрекеттерді, егемен мемлекеттердің ішкі істеріне, әсіресе АҚШ пен оның НАТО одақтастары қабылдаған өрескел әрекеттерге араласу әрекеттерінің куәсі болып отырмыз.

Әлемнің көптеген нүктесінде қарулы қақтығыстар өршіп, күн сайын адамдар өліп жатыр. Әдетте, БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің белгілі бір жағдайға келісілген заңды бағасы ғана кімнің дұрыс және бұрыс екенін, кімнің агрессор және кімнің агрессия құрбаны екенін түсінуге мүмкіндік береді. Олай болмаған жағдайда ақпараттық ағын, фактілерді бұрмалау, гибридтік соғыс әдістері аясында қара түс ақ болып, заңсыздық заңды болып өзгеріп, шындықтың тек теледидар немесе әлеуметтік желілердегі жазбалардың артында жасырыну қаупі туындайды.

БҰҰ Бас ассамблеясының 73-сессиясында халықаралық ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін шешудің келіссөздер механизмін құруды қажет ететін ресейлік қарар басым дауыспен қабылданды. Бұл шешім трансшекаралық проблемаларды бүкіл халықаралық қоғамдастықтың белсенді қатысуымен ғана тиімді шешуге болатындығын көрсетті. БҰҰ құрылымдары халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына негізделген және ақпарат саласында ортақ мүдделерге жауап беретін әмбебап халықаралық шартты қабылдау алаңы бола алады. Мұндай құрал халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға және технологияларды халықаралық заңдарға сәйкес келмейтін мақсаттарда пайдалануға жол бермеуге көмектесуі керек.

Бірде-бір халықаралық ұйым, әсіресе, әскери одақтар БҰҰ-ның жарғылық органдарының әлемдік қауымдастықтың ерік білдіруіне қатысты монополиясын шайқалта алмайды. Жаһандық қауіпсіздік үшін жауапкершіліктің бұлыңғырлығы мен әртүрлі ұйымдар және жекелеген державаларға мемлекеттік немесе үкіметтік мәртебелер жапсыруға тырысуы әлем тағдырын шешуде бізді ондаған жылға кері тартады.

Мемлекеттердің ішкі ісіне заңсыз араласудың типтік сценарийінің қайталануы жалғасуда: қоғамға жік салу, қазіргі билікті құлату үшін оппозицияны демократиялық құндылықтарға ресми сілтеме жасай отырып қолдау және қаруландыру. 2003 жылы құрамында бірқатар НАТО елдері бар АҚШ бастаған халықаралық коалиция Иракқа басып кірді. Халықаралық терроризмге қарсы күрес және жаппай қырып-жоятын қаруды іздеу сылтауымен елдің заңды президенті Саддам Хусейн құлатылып, атылды. "Авторитарлық мемлекет" жойылып, "шынайы демократиялық" мемлекет құрылды. Бұдан не шықты – бәрі біледі. Тағы бір мысал, 2012 жылдан бастап АҚШ НАТО елдерімен ынтымақтастықта Сириядағы көтерілісшілерге жасырын әскери қолдау көрсетіп келеді. Бұл тек осы елде жаппай қантөгіске және ішкі дағдарысқа әкелді.

БҰҰ-ның рөлін төмендету және оның орнына өзіндік "демократиялық ұлттар қауымдастығын (клубын)" құру әрекеттері де ерекше алаңдаушылық тудырады. Мұндай идеялар адамзатты біріктірмейді, керісінше екіге бөледі. Халықаралық шиеленістің өршуіне ықпал етеді және сайып келгенде тікелей қақтығыстарға әкеледі. БҰҰ мемлекеттердің әртүрлі саладағы ынтымақтастығына гуманистік бағыт бере отырып, адам құқығы тұжырымдамасының дамуы аясында құрылды. Адам құқықтары туралы идеялар БҰҰ құрылымдарының назарында болған барлық дерлік тақырыптарға енеді: қоршаған орта мен жеке деректерді қорғаудан бастап, киберқауіпсіздік пен биотехнологияға дейін.

Бүгінгі таңда әр мемлекеттің құқықтық жүйесі кемсітушілікке, азаптауға, адамгершілікке жатпайтын қатынасқа және жеке өмірге қол сұғуға тыйым салады.

Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар мен азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактілерімен адам құқықтарын халықаралық танудың негізі болып табылады. Осы құжаттарда қамтылған құқықтарды алға жылжыту және қорғау БҰҰ жұмысының жетекші принципіне айналған. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын жасаушылардың бірі ретінде Нобель сыйлығының лауреаты Рене Кассен: "...Декларацияға тән ерекшелік оның әмбебаптығы: ол барлық адамдарға ешқандай кемсітусіз қолданылады; тіпті, олардың экономикалық және саяси режиміне қарамастан барлық территорияларға да қатысты" деп атап көрсеткен.

Мойындаудан бөлек түрлі санаттағы адам құқықтарының тепе-теңдігін қамтамасыз ету бірінші кезектегі мәселе. Сондықтан да Дүниежүзілік декларацияны әзірлеу кезінде Кеңес Одағы кең ауқымды әлеуметтік және экономикалық құқықтарды шоғырландыру қажеттігін көрсетті. Бұл тезис бүгінде өзінің маңыздылығын айқын табуда. Жаһандық пандемиядан туындаған қазіргі жаһандық экономикалық құлдырау мемлекеттерді құндылықтар туралы ойлануға, адам өмірі мен оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін адам құқықтарын қорғауға басымдық беруге мәжбүр етеді.

COVID-19 эпидемиясы саяси бостандық адамдар өмірін құтқара алмайтындығын айқын көрсетті. Бұл медициналық көмек пен әлеуметтік қорғаудың тиімді және қолжетімді жүйесін, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жалпыұлттық бағдарламаларды және мемлекеттік биліктің барлық деңгейлеріндегі күш-жігерді барынша үйлестіруді қажет етеді. Пандемияға қарсы тұру үшін экономика мен саяси институттарды жедел жұмылдыруға қабілетті, күшті мемлекеттер оның салдарын жеңіп, миллиондаған адамдардың өмірін сақтап қалды.

БҰҰ-ның бірегей архитектурасы мен мүдделерді және ұлттық ерекшеліктерін құрметтеуді ескере отырып, оларды сақтау қазіргі кезде де маңызды. Сонымен бірге ынтымақтастық пен өзара көмекке, ынтымақтастыққа деген шынайы ниет БҰҰ жарғысында көзделген мақсаттарға жетуге ықпал етеді. 2020 жылы тамызда Бейруттағы жарылысқа байланысты Ресейлік құтқарушылар зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ливанға дереу жетті. Пандемия кезінде Ресей Венесуэлаға, Иранға және басқа да бірқатар елдерге медициналық құрал-жабдықтар мен жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіп, ауқымды қолдау көрсетті. Ресейлік әскери қызметкерлер Италияда медициналық көмек көрсетуге тартылды, Сирияда гуманитарлық шаралар жалғасуда. Ресей ррезиденті Владимир Путин БҰҰ Бас ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзінде БҰҰ-ның барлық қызметкерлеріне ресейлік Sputnik V коронавирус вакцинасын тегін алуды ұсынды.

Жаһандық эпидемия жағдайында зардап шеккен аймақтарға азық-түлікпен, жабдықтармен және технологиялармен кедергісіз жеткізуді қамтамасыз ету қажет. Ресей гуманитарлық жеткізілімге сауданы және қаржылық шектеулерді қолданудан жалпы бас тарту туралы ұсыныстармен үнемі алға шығады. Адамдардың өмірін сақтап қалу үшін ынтымақтастыққа ешқандай саяси ойлар кедергі бола алмайды.

Біз БҰҰ ең өткір жаһандық проблемалардың шешімін іздеп, бейбітшілік пен қауіпсіздік мүдделерін күзететін ұйым ретінде құрылғанын ұмытпауымыз керек. Ол кейінгі ұрпақты соғыс апатынан құтқаруға, адамның негізгі құқықтарына деген сенімділікті растауға, халықаралық құқықтың сақталуын қамтамасыз етуге және адамдардың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға арналған. Сайып келгенде, Біріккен Ұлттар Ұйымы осы биік мұраттарға жету үшін құрылды.

51
Кілт сөздер:
Дмитрий Медведев, БҰҰ