Әлем

"Қызметтен кетуге дайынмын": Қырғызстан президенті өз шарттарын атады

© Photo : Сайт президента КыргызстанаСооронбай Жээнбеков
Сооронбай Жээнбеков - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Сооронбай Жээнбеков елдегі құқықтық жағдайды қалпына келтіріп, Қырғызстан басшылығындағы болып жатқан өзгерістерді бейбіт жолмен заңдастыруға шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков кеше түнде республика халқына тағы бір үндеу жасады.

Жээнбеков отандастарына жүгініп, елдегі саяси ахуалдың күрделі деңгейге жеткенін мәлімдеді және оны шешудің қадамдарын атады.

Парламенттік сайлауды қайта өткізу

"Жогорку Кенешке сайлаудың нәтижелері жойылды. Енді жаңа парламенттік сайлау тағайындалуы керек. Бұл мәселе бойынша шешімді Орталық сайлау комиссиясы қабылдайды. Бұл шаралар қазіргі саяси шиеленісті азайтады", – деді Жээнбеков.

Үкіметтің отставкасы туралы

Қырғызстан басшысы дағдарысқа дейін жұмыс істеген премьер-министр мен үкімет мүшелерін қызметінен босату қажеттігін атап өтті.

"Бұл жаңа тағайындаулардың құқықтық негізін жасайды", – деді ол.

Жаңа премьер-министр мен үкімет мүшелерін тағайындауды заңдастыру үшін Жогорку Кенештің қаулысы мен президенттің жарлығы қажет.

"Мен тиісті жарлыққа қол қоюға дайынмын және Жогорку Кенештің қаулысын күтемін", – деді Жээнбеков.

Депутаттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек

Парламентарийлер өз міндеттерін орындауы үшін құқық қорғау органдары Жогорку Кенеш депутаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек, деп атап өтті мемлекет басшысы.

"Лауазым мемлекеттік мүдделерден жоғары емес"

"Құрметті отандастар, мен бұған дейін айтқанымдай, жүргізіліп жатқан кадрлық өзгерістерді заңдастыруға ниеттімін. Мен үшін ешқандай ұстаным мемлекеттің тұтастығынан, халықтың бірлігі мен қоғамның тыныштығынан жоғары емес", – деді Жээнбеков.

"Президенттік қызметтен кетуге дайынмын"

Ол қазіргі жағдайды тез арада заңды арнаға қайтару қажет екенін баса айтты.

"Атқарушы билік органдарының заңды басшылары бекітіліп, ел заңдылық жолға түскен соң, Қырғыз Республикасының президенті қызметінен кетуге дайынмын", – деп атап өтті Қырғызстан басшысы.

Ол барлық саяси күштерді елдегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтауға, халықты бөлуге және қоғамды екіге жармауға шақырды.

"Құдай Тағала барлық саяси күштерге даналық пен сабыр берсін!" – деп түйіндеді Жээнбеков.

Қырғызстандағы тәртіпсіздік

5 қазанда Бішкекте парламенттік сайлаудың нәтижелеріне наразы митингілерден кейін тәртіпсіздіктер басталды. Жеңіліс тапқан партиялардың жақтаушылары президент әкімшілігі мен Жогорку Кенештің бір палаталы парламенті орналасқан "Ақ үй" ғимаратын басып алды. Ғимарат бүлініп, өрт шыққан. 

Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен экс-премьер-министр Сапар Исаков және депутат Садыр Жапаров түрмеден босатылды.

Содан кейін бүкіл елде тәртіпсіздіктер басталды. Ел астанасындағы ірі өндірістік кәсіпорындар мен шетелдік компанияларды тартып алуға әрекет жасалды.

Алайда, ел президенті төтенше жағдай режимін енгізбеуге және қауіпсіздік қызметкерлеріне "қан төкпеуге" бұйрық берді.

Оқи отырыңыз: Қырғыз ақыны президенттің алдында елді жемқорлық жайлағанын айтты – видео

Жаппай наразылық басталған күннің ертеңінде премьер-министр Құбатбек Боронов отставкаға кетті. Оның орнына оппозиция "Құмтөр" алтын кеніндегі наразылық акциялары кезінде кепілге алды деген айыппен сотталған Садыр Жапаровтың кандидатурасын ұсынды.

Ал елдің қазіргі президенті Бороновтың отставкасын қабылдамайтынын мәлімдеді.

Жаңалықтар
0