Таулы Қарабақтағы соғыс

Қарабақтағы қарулы қақтығыс неге тоқтамай тұр?

53
Мәскеуде Армения мен Әзербайжан атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды, бірақ ұрыс қимылдары тоқтаған жоқ. Баку мен Ереван бітімгершілікті бұзуға қатысты бірін-бірі кінәлап отыр

Екі тарап та шығынға ұшырауда. Келіссөздер соғыс жағдайында жалғасып жатыр, деп жазады РИА Новости.

12 қазанда түстен кейін ұрыс қимылдары жаңаша қарқынмен өрши бастады. Әзербайжан әскері соққы беріп жатыр, деді әлем елдері мойындамаған Таулы Қарабақ республикасы президентінің өкілі Вахрам Погосян.

Ереван қақтығысқа Анкараның қатысы бар деп есептейді. "Армян әскері өзінен бірнеше есе ауқымды түрік-әзербайжан әскери күштерімен, барлау және басқа да жүйелермен, көптеген жалдамалы әскермен, террористермен және жеке әскери компаниялармен ауыр шайқастар жүргізуде", - деп жазды Армения қорғаныс министрлігінің баспасөз хатшысы Арцрун Ованнисян әлеуметтік желіде.

Баку Ереванды айыптауда. "Армения қарулы күштерінің гуманитарлық атысты тоқтату режиміне бағынбаған әскери бөлімдерінің жоғалған позицияларын қалпына келтіру үшін бірнеше рет шағын топпен Әзербайжан армиясының позицияларына шабуыл жасауға тырысты", - деп жазылған Әзербайжанның қорғаныс министрлігінің сайтында.

Әзербайжан бөлімшелері "бірнеше күн бұрын азат етілген" Гадрутты ұстап отыр және бұл қалаға тек шабуыл жасалып жатыр деген ақпарат "армян тарапының жалған млімдемесі" деп хабарлады Баку.

Жұмадан сенбіге қараған түні Мәскеуде өткен он сағаттық келіссөздерден кейін Армения мен Әзербайжан атысты тоқтату туралы келісімге қол қойды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров атап өткендей, бұл Ресей президенті Владимир Путиннің, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің және Армения премьер-министрі Никол Пашинянның күш-жігерінің арқасында мүмкін болған.

Тараптар біріншіден, халықаралық Қызыл Крест комитетінің ережелеріне және бітімгершілікке сәйкес, гуманитарлық мақсатта әскери тұтқындармен, қаза болған адамдармен және мәйіттермен алмасу үшін 10 қазан күні сағат 12:00-ден бастап атысты тоқтату туралы уағдаласты. Әскери әрекеттерді тоқтату шарттары кейінірек келісілуі керек.

Сонымен қатар, екі тарап Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Минск тобының тең төрағаларының көмегі арқылы "бейбітшілікке тез қол жеткізу үшін жанжалды реттеудің басты қағидаттары негізінде" мазмұнды келіссөздерді бастағанын мәлімдеді.

Дипломаттар ұстамдылық танытты, сарапшылар да аса сақтықпен сөз сөйлеп отырды. Әзербайжандық саясаттанушы Ахмед Алили бұл келісімді Ресей дипломатиясының жетістігі деп бағалады: "Егер Женевада ЕҚЫҰ-ның Минск тобының тең төрағалары тек Әзербайжан сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовты ғана көре алса, Мәскеу екі министрді де келіссөздер үстеліне отырғызып, осылайша Минск тобының басқа тең төрағаларынан бұрын (АҚШ пен Франция) бастама көтерді".

Алайда, ол мұндай бітімшершілік ұстанымының өз қиындығы бар екендігін де атап өтті, бұған келіссөздердің ұзаққа созылып кеткендігі дәлел болады.

Армян сарапшысы Нарек Галстян Түркияның Минск бітімгершілік тобына қосылуынан ешқандай нәтиже көрмейді. Бакуде осындай мәлімдеме жасалды. Галстянның пікірінше, Анкара Мәскеуге қарағанда, бейтараптылық ұстанымының қажетті деңгейін қамтамасыз ете алмайды.

Баку мен Ереван уақытша келісімді бұзғаны үшін бірін-бірі айыптап отыр. Мәселен, Әлиев Бакудың Ереванның жанжалды дипломатиялық жолмен шешуге деген ұмтылысы туралы үміті ақталмады деп қынжылады. "Өкінішке қарай, біз мұны көре алмадық: атысты тоқтату туралы режим күшіне енгеннен кейін армян тарапы бірден келісімді өрескел бұзды", - дейді Әзербайжан лидері. Оның айтуынша, армян әскерлері Әзербайжанның Гянджа қаласын зымырандық-артиллериялық соққыға алған, соның салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тауып, жарақат алған.

Мұндай риторика екінші тараптан да естіледі. "Баку атысты тоқтату туралы келісімді бұза отырып, Арцахқа (мойындалмаған ТҚР. – редакция ескертпесі) қарсы агрессиясын жалғастырып жатыр, Ереван сыртқы істер министрлердің Мәскеудегі кездесуі қорытындысы бойынша қол жеткізген келісімдерді орындап отыр", - деп атап өтті Армения премьер-министрі Никол Пашинянның бас кеңесшісі, бұрынғы қорғаныс министрі Вагаршак Арутюнян.

Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің сарапшысы Кирилл Семенов Әзербайжанның Мәскеумен өзара әрекеттесуге дайын екендігіне назар аударады. "Баку Ресей, Франция және АҚШ-тың бітімгершілігін көрсететін "Минск форматы" Әзербайжанды қолдаусыз қалдырады деп санайды. Сондықтан Әзербайжан тарапы Анкараны шақыруға Анкараның өзінен гөрі мүдделілік танытып отыр", - дейді ол. Сол кезде Түркия маңызды рөл атқаратын ливиялық немесе сириялық сценарий қайталануы ықтимал.

Ресейлік саясаткер Армен Асриян ішкі саясат Ереванның келіссөздер ұстанымына әсер ететіндігін атап өтті. Оның пікірінше, қазіргі премьер-министр билікке келгеннен кейін армян қоғамы ішіндегі қақтығыстар шиеленісе түскен, ал ұрыс қимылдарының қайта өршуі оларды әлсіретпеген. "Яғни, Әлиев агрессивті қоғамдық пікірмен, сонымен қатар сыртқы қысыммен күресуге мәжбүр", деп толықтырды өз сөзін сарапшы.

Анкара қазір дипломатиялық ойындар үшін мүмкіндіктер терезесі ашылды деп санайды, деп жалғастырды Асриян. Қарабақ қақтығысы мәселесінде барлық сыртқы күш өз проблемаларына көңіл бөліп отыр. Ал Түркия оқиғадан өзіне тиімді тұсты барынша қамтып қалуға тырысады.

Ресейлік кавказ ғалымы Нурали Гасымов тараптар белсенді ұрыс қимылдарын жүзеге асырып жатқан жоқ деп санайды. "Ол жақтан келіп түскен ақпаратты саралай отырып, оларды позициялық шайқастар деп есептеуге болады. Ал алдыңғы шептегі әскери қимылдар тараптарға келіссөздер жүргізуге ыңғайлы позицияларға жету үшін қажет. Шынайы көрініс екі-үш күнде белгілі болады деп ойлаймын", - деді РИА Новости агенттігіне сұхбат берген сарапшы.

Таулы Қарабақ: қақтығыстың ушығуына қатысты әлем елдері не дейді?
Ruptly, Sputnik, Әзербайжанның қорғаныс мнистрлігі
Алайда, оның пікірінше, Гадруттағы шайқастар туралы мәліметтер шынайы. "Бұл Қарабақтағы Шуша және Ходжавенд (Мартуни) сияқты елді мекендерге бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін негізгі нүкте, - деп түсіндірді ол. – Гадрутті басып алған немесе босатқан тарап Физулин аймағына бақылау жүргізу тізгінін өз қолына алады".

Сарапшының айтуынша, Қарабақ қақтығысы соғысқа ұласты, өйткені Армения мен Әзербайжанның ішкі саясатының ерекшеліктеріне байланысты бұл жерде дипломатия дәрменсіз болып шықты.

"Саясаткерлер мұны түсінеді. Армения лидері кез-келген жеңілдік ауыр қабылданатынын біледі, ал дұшпан мен сатқынның таңбасын жапсырып алу қашан да оңай. Әлиев Қарабақтағы соғыста жеңіліс тапқаны үшін биліктен айырылған Әзербайжанның бірінші президенттері Эльчибей мен Муталибовтың тағдырын жақсы біледі. Ұзақ жылдарға созылған, бірақ ешқандай нәтиже көрсетпеген келіссөздердің салдарынан Әзербайжан қоғамында қысым күшейе түсті", - деп түсіндіреді Гасымов.

Мәскеуде келіссөздер жүргізілмес бұрын Әзербайжан президенті жағдайдың басқаша екенін мәлімдеді. "Мен кво мәртебесін өзгерттім. Ұрыс даласында. Енді кво мәртебесі жоқ", - деді Әлиев өз азаматтарына қарата айтқан сөзінде.

Баку үшін бұл ішкі саясатта қол жеткізген жеңіс. "Әлиев үшін кво мәртебесі және оның өзгермейтіндігі туралы мәселе өлімге тең еді, сондықтан ол үшін бұл үлкен жетістік", - деп санайды Гасымов.

Пашинян ел ішінде көп сынды тыңдауға мәжбүр болды, өйткені билікке келгеннен кейін ол популистік уәделерден бас тартқан жоқ. "Армения премьер-министрі бейбіт келісімдер үш тараптың - Бакудің, Ереванның және Степанакерттің көңілінен шығуы керектігін талап етті. Алайда ол үшін Минск тобы шеңберіндегі келіссөздер форматын бұзу керек, ондай жағдайда, келіссөздерге тек Армения мен Әзербайжан президенттері қатысады", - деп түсіндірді Гасымов.

Пашинян армян саясатындағы Қарабақ кланының ықпалын әлсірету үшін өзі жасаған мәлімдемесі кезінде барынша радикалды болуға мәжбүр болды. "Ал Баку өзінің позициясын ешқашан өзгерткен емес", деді кавказдық сарапшы.

Келіссөздер форматының өзгермейтіндігі туралы Мәскеуде өткен бірлескен мәлімдемеде айтылды. Дегенмен тараптар Минск тобы шеңберінде ортақ тіл табысу жолдарын іздейтіні анық.

53
АҚШ пен Қытай жалауы, иллюстративті фото

Қытай АҚШ-тың ұлттық қарызын сатуға дайын

46
(Жаңартылды 20:41 26.10.2020)
Қытай мен АҚШ арасындағы текетірес қайта өрши түсті: олардың сауда соғысы технологиялық соғысқа айналды

Вашингтон қытайлық жобаларды ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіп деп бұғаттаса, ҚХР өзінің басты қаруын еске салды: АҚШ мемлекеттік облигацияларының триллион долларлық портфелін сату – доллар бағамын да, бағалы қағаздар нарығын да төмендетуі мүмкін. Бұл бүкіл әлемдік экономика үшін өте қауіпті сценарий. Пекиннің қандай қадамға баруы мүмкін екенін РИА Новости зерделеп көрді.

Технологиялық соғыс

Қаңтарда әлемнің екі ірі экономикасы сауда соғысын тоқтатуға бағытталған маңызды қадам жасады, яғни бірінші кезең келісіміне қол қойды. Бірақ COVID-19 пандемиясы бәрін жоққа шығарды. Вашингтон Пекинді коронавирусты таратты деп айыптап, қаржылай өтемақы талап етті. Сонымен қатар, америкалықтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын (ДДҰ) Қытайға пәрмен берді деп сөгіп, одан шығатынын жариялады.

АҚШ президентін сайлау жақындаған сайын шиеленіс күшейе түсуде. Трамп қытайлық компаниялардың Америка экономикасына келтірген экономикалық залалын тағы да еске түсірді. Оның пайымынша, Қытай америкалықтардың өндірісін өздеріне "сүйреп" әкеліп, олардың технологиялық құпияларын ұрлаған.

Тамыз айында Вашингтон Бейжіңді сайлау науқанына интернет және әлеуметтік медиа арқылы араласып отыр деп айыптады. Бұл жерде назар қытайлық TikTok қосымшасына ауды. Оған тыйым салу қажет, әйтпесе ҚХР үкіметі бұл қызметті пайдаланатын америкалық азаматтардың деректеріне қол жеткізе алады, деп хабарлады Ақ үй.

TikTok иесін – Қытайдың ByteDance компаниясын бизнесті америкалық компанияларға сатуға мәжбүрлеп отыр. Мұны 12 қарашаға дейін жасау қажет. Ондай болмаған жағдайда, қызмет бұғатталып қалады, деп қорқытты Трамп.

Пекиннің бұған қалай жауап беретіні әзірге белгісіз. Сарапшылардың пікірінше, Қытай билігінің TikTok-қа ара түсуге айтарлықтай себебі жоқ. Өйткені олар оны "зиянды", "дөрекі контентті" таратады, "социализм құндылықтарына" сәйкес келмейді және қытай жастарының арасын ыдыратады деп есептейді.

Бірақ Вашингтон Қытайдың ең ірі технологиялық компанияларының бірі Huawei-ге де қысым жасауда. Пекин қазірдің өзінде "ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі" мүмкін деген шетелдік компанияларға стратегиялық материалдар мен технологияларды экспорттауға тыйым саламыз деп мәлімдеп отыр.

Байыпты әңгіме

Сонымен қатар, Пекин ҚХР-да ықпал етудің едәуір маңызды тетіктері бар екенін еске салды. Бұл жердегі әңгіме триллион доллар болатын АҚШ мемлекеттік облигациясы туралы болып отыр.

АҚШ-пен болған сауда соғысының әсерінен Қытай бұл бағалы қағаздардан жоспарлы түрде құтыла бастады. 2014 жылдың қарашасында 1,32 триллион долларлық көрсеткіш шыңынан АҚШ-тың ұлттық қарызына салынған инвестиция 200 миллиардтан астам қаржыға төмендеді. Нәтижесінде 2019 жылдың маусымына қарай, шетелдік қазынашылар арасындағы көшбасшылық Жапонияға өтті: Токиода олар 1,12 триллионды құрайды.

АҚШ-тың қаржы минстрлігінің соңғы есебі көрсеткендей, қыркүйектің ортасына қарай Қытай портфелі 1,08 триллионға қысқарды. Бірінші жартыжылдықта Пекин қазынашылық облигацияларын 106 миллиардқа төмендетті. Бұл 2015 жылдан бергі сатылымның ең жылдам қарқынын көрсетеді.

Алайда, мәселе тек экономикалық текетірес туралы ғана емес. Қытайдың АҚШ үкіметінің қарызынан құтылуды жалғастыру себептерінің бірі – баспа машиналарының тынымсыз жұмысы нәтижесінде доллардың құлдырау қаупінің туындауы.

Қарыз да өсіп барады. Сегіз айда АҚШ 7,7 триллион болатын қазынашылық облигацияны шығарды, бұл – рекордтық көрсеткіш. Яғни, экономикаға тек қарыз алу арқылы қолдау көрсетіліп отыр.

Пекин Вашингтонның экономикалық проблемаларды баспа машиналарының көмегінсіз шеше алмайтынын көріп отыр, сондықтан америкалық мемлекеттік қарызға инвестиция салу өте қауіпті, деп атап өтеді қытайлық Global Times.

Үлкен сатылым

АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленістің күшеюі тек "америкалық экономиканың екінші ірі шетелдік несие берушісі бұған шыдамай, қазынаның кең ауқымды сатылымын ұйымдастыруы мүмкін" деген алаңдаушылығын үдетеді. Ал мұндай қадамның салдары сөзсіз, апатты болады. Мұндай бағалы қағаздарды жаппай шығару нарықта дүрбелең тудырады.

Алайда, бұл Қытайдың өзі үшін тиімсіз. Біріншіден, қысқа мерзімде 100-200 миллиард долларлық облигацияларды сату олардың бағаларын төмендететіні сөзсіз. Мұндай жағдайда, Қытайдың сыртқы активтері мен резервтерінің құны, сондай-ақ арзандаған бағалы қағаздарды сатудан түсетін түсімдер де айтарлықтай төмендейді.

Сонымен қатар, доллар құлдырайды, ал ол ҚХР-ға қажет емес. Америкалық валютаның әлсіреуі қытайлық экспортты қымбаттатады.

Сонымен қатар, АҚШ-тың қазынашылық міндеттемелерден шығуы, егер сауда соғысы түбегейлі бақылаудан шығып кетсе, Пекиннің юаньді бақылау мүмкіндігін айтарлықтай шектейді. Ал қазынашылық облигацияларын сатудан түскен доллар бір жерге салынуы қажет, ал бұл оңай емес.

Проблемалар тек Қытайда ғана туындамайды. Ол ешкімге оңай түспесі анық.

"Америкалық облигациялар пирамидасын құлату дегеніміз – бүкіл әлемді қаржылық хаос жағдайына түсіру дегенді білдіреді. Оны 1998 немесе 2008 жылдардағы дағдарыспен салыстырғанда – бұл баланың әңгімесі ғана. Сондықтан жақын аралықта мұндай нәрсенің болуы екіталай", – дейді Chatex криптовалюталық банктің басшысы Майкл Росс-Джонсон.

Доллар мен қазынашылықтан бас тарту кезең-кезеңмен жүруі мүмкін. Бұл процес соңғы бірнеше жылдан бері орын алып келеді. Қытайдың жетекші экономистерінің бірі, Шанхай қаржы және экономика университетінің профессоры Си Цзюньяннің бағалауы бойынша, "оқиғалар қалыпты түрде дамыған жағдайда" Пекин АҚШ-тың қазынашылық облигациялар портфелін шамамен 800 миллиард долларға дейін "біртіндеп қысқартады" деп есептейді. Алайда, күрделі жағдай кезінде ұсынылатын нұсқа әлі де алынып тасталған жоқ, мысалы, әскери қақтығыс жағдайында.

46
Кілт сөздер:
АҚШ, қытай
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев, архивтегі сурет

Алмазбек Атамбаев аштық жариялады

101
Саясаткер 5-6 қазанда уақытша босатылғанға дейін бір жылдан астам уақыт МҰҚК-тің тергеу изоляторында отырды. 10 қазан күні ол қайта ұсталды

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Алмазбек Атамбаев Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторынан №1 тергеу изоляторына ауыстырылды. Қырғызстанның экс-президентінің адвокаты Сергей Слесарев оның аштық жариялағанын мәлімдеді.

Саясаткерді не үшін басқа изоляторға ауыстырғаны әзірге белгісіз, мемлекеттік жазаны орындау қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.

"Біз медициналық қызмет алу үшін Алмазбек Шаршенұлын № 47 колонияға ауыстыруын сұраған едік. Бірақ, оны СИЗО–1-ге, жертөленің орын-жайына ауыстырды, ол жерде бұрын өлім жазасына кесілгендерді ұстайтын. Кәріз жүйесі жұмыс істемейді, камераның есіктері ашық, жылу жақында ғана қосылды. Осыған байланысты бүгін менің қорғалушым аштық жариялады", - деді Слесарев.

Қырғызстандағы оқиға

5 қазан күні Бішкекте Жогорку Кенеш сайлауының нәтижелеріне қарсы митинг өтті. Кешке таман наразылық білдіргендер мен милиция арасында қақтығыс басталып, мыңдаған адам зардап шекті, біреуі көз жұмды. Түнде митингке шыққандар парламент ғимаратын басып алды, кейін Алмазбек Атамбаев пен оның жақтастарын, Садыр Жапаров пен түрмеде отырған басқа да саясаткерлерді босатты.

10 қазанда Алмазбек Атамбаев пен босатылғандардың бір бөлігі қайта ұсталды.

Бұған дейін ол қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батукаевты заңсыз босатқаны үшін сотталған еді. Сот Қой-Таш оқиғалары бойынша қозғалған қылмыстық істі де қарап жатыр.

101
Кілт сөздер:
Қырғызстан, Алмазбек Атамбаев
Тақырып бойынша
Атамбаев 11 қарашаға дейін үйқамаққа алынды
Қырғызстанның экс-президенті Атамбаев ауруханаға түсті
Қашықтан оқу

Ақтөбе облыстық білім басқармасының былығы ашылды

0
Ақтөбе облысының білім басқармасы 5 000 ноутбуктың әрбіреуін 250 000 теңгеге сатып алған. Алайда ол кезде оның нарықтық бағасы 149 000 теңге болған  

НҰР-СҰЛТАН, 26 қазан – Sputnik. Ақтөбе облыстық білім басқармасының жұмысын тексерген арнайы бақылау тобы оқушыларға арналған ноутбуктерді жоғары бағамен сатып алу фактісін анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Ақтөбе - адалдық алаңы" жобалық кеңсесіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сәйкес, осыдан екі жыл бұрын облыстық білім басқармасы мен жекеменшік компания арасында компьютерлік техниканың 5 000 данасын жеткізу туралы келісімшарт рәсімделген. Сол кезде әрбір компьютердің бағасы 149 мың теңге болған.

"Алайда білім басқармасы әрбір компьютерді  250 мың теңгеден қабылдапты. Барлық лот бойынша келісімшарттардың жалпы сомасы 1 миллиард 250 миллион теңгеден асып кеткен. Компьютерлердің конфигурациясы әлсіз болған. Оған қоса, сервистік қызмет көрсетілмеген. Ал пандемия кезінде ондай қызметтің болғаны маңызды", - дейді мамандар.

Оқи отырыңыз: Шымкентте білім саласындағы бірқатар басшы істі болды 

Сонымен қатар, техникалық сипаттама бойынша барлық компьютерде үш жылдық сервистік қызмет көрсетуге кепілдік болған. Соған қарамастан, білім басқармасы қажет болған жағдайда техникаға қызмет көрсету үшін тағы бюджеттен ақша бөлген.   

0
Кілт сөздер:
Ақтөбе облысы, білім күні
Тақырып бойынша
Әжетханаға камера орнатқан: Павлодар білім басқармасының басшысы өз әрекетін түсіндірді
Оқушыларға берілген роутердің интернет трафигі неге тез таусылып қалады