Сергей Лавров

Лавров еуропалық лидерлермен байланысын үзуі мүмкін бе?

35
(Жаңартылды 17:44 16.10.2020)
Ресей мен батыс арасындағы қатынастар құлдыраудың жаңа деңгейіне көтерілді. Сыртқы істер министрі егер Еуропа қалыпты диалог жүргізуді қаламаса, онда Ресей де олардың басшыларымен мәмілеге келуді доғаруы мүмкін екенін ескертті, деп жазады РИА Новости

"Өткен жиырма жылда біз әрқашан өз қадір-қасиетіміздің бар екенін сезінетінбіз. Бірақ батыстың сыртқы саясатқа жауап беретін адамдары өзара сыйластықтың қажеттілігін түсінбей отыр. Мүмкін біз олармен диалогымызды біраз уақытқа тоқтатуымыз керек шығар. Урсула фон дер Ляйен (Еурокомиссияның төрағасы) Ресейдің қазіргі үкіметімен геосаяси серіктестік орнату мүмкін болмай тұр дейді. Егер олар соны қаласа, солай-ақ болсын", – деді Лавров.

Фон дер Ляйеннің "Ресейдің қазіргі үкіметінің Еуродақпен геосаяси серіктес болу мәртебесін қалпына келтіре алатындығы туралы илюзиядан бас тартудың маңызды екендігі" туралы мәлімдемесін Сергей Лавров "Еурокомиссияның ең жоғары лауазымды адамының аузынан шыққан өте маңызды мәлімдеме" деп атады. Бұл асырасілтеушілік емес: осы арқылы Еуропа Ресей басшылығына көңілі толмайтынын айқын аңғартып отыр. Оны еуропалық тұрғыдан дұрыс емес, Ресейдің ішкі саясатты жүргізуімен ("Навальныйды уландыру") және Еуропаның ішкі ісіне араласуымен ("Бундестаг серверін бұзды"), жалпы қарама-қайшы көзқарасқа негізделген ұстанатынымен байланыстырады.

Яғни, Еуропаның өзі мемлекеттік мүдделер мен мемлекетаралық қатынастарды Ресей билігіне бағытталған қарсылығымен алмастырып отыр. Сол арқылы Еуропа өзінің Ресейден артықшылығын көрсеткісі келетіндей. Батыстың бұл ұстанымы "біз сіздің түзелмейтініңізді түсіндік, енді сізді серіктес деп санағымыз келмейді" деген көзқарасқа саяды.

Дегенмен, Еуропаға Ресеймен мұндай қарым-қатынас орнату өте тиімсіз. Бірақ ақыл, не геосаяси еркіндік болмаса не істеуге болады? Ресей ЕО басшыларының миына өзара тиімді (Еуроодаққа да) әлемдік тәртіп орнату туралы өзінің түсінігі мен ой-пайымын салып бере алмайды. Алайда батыспен мұндай ауанда сөйлесе алмайтынын мәлімдей алады. Егер сыйластықпен тең дәрежеде қарым-қатынас орната алмасаңыз, онда мүлдем байланыс орнатпағанымыз жөн деуі мүмкін. 

Сергей Лавров бұл туралы сейсенбіде "Валдай" клубы есебінің таныстырылымында айтты. Ал сәрсенбіде ол үш ресейлік радиостанцияға (соның ішінде "Sputnik" радиосына) берген сұхбатында осы ойымен бөлісті. БАҚ өкілдері сонда қалай, біз байланысымызды тоқтатамыз ба, деп оның бір күн бұрын жасаған мәлімдемесін нақтылауға тырысты.

Өз кезегінде Лавров: "Еуроодақ Ресейге тек жоғарыдан қарамайды, менмендікпен қарайды. Бізден талап етеді. Олардың пайымынша, біз барлық "жасаған күнәларымыз" үшін жауап беруіміз керек. Ал мен біз ештеңеге қатысты есеп бермеуіміз керек деп есептеймін", – деді.

Бұл ретте әңгіме экономикалық қатынастар туралы болып отырған жоқ. Лавров оның бұзылатынына сенбейді де. Мәселе саяси диалогқа келіп тіреліп тұр. Бірақ саяси диалог тек орыс-еуропалық қатынастарға ғана емес, жалпы халықаралық істерге де, соның ішінде ең маңызды дағдарыс нүктелеріне де қатысты екені анық.

Әрине, Ресей мұндай диалогты жекелеген еуропалық елдермен бұдан кейін де жүргізе беретін болады, бірақ ол Еуроодақтан бас тарта алады. Еуроодақтың пайымынша, "Ресей Еуроодақтың геосаяси серіктесі болу деңгейіне көтерілген жоқ". Ал мұндай жағдайда өз-өзімізді төмендету абыройымызды түсіреді. Демек, батысқа біз туралы не айтар екен деп үнемі қарап отырудың қажеті жоқ деп есептеймін", – деді ол.

Батыс Ресейді қалай бағалайтынын басшылыққа алмауымыз керек деген ұстаным енді ғана пайда болған жоқ. Бұл елдің саяси басшылығы үшін де, қоғамдық пікір үшін де маңызды емес. Мұндағы мәселе басқада. Ресей өз егемендігін толығымен қалпына келтірді – әлемдік аренада ғана емес, сонымен қатар, өз ішінде де.

"Мәселе елдегі жағдайды тәртіпті реттеу және жұмыс істейтін билік вертикалын қалпына келтіру туралы ғана емес. Әңгіме тәуелсіз дүниетанымға, оның ішінде геосаяси көзқарасқа оралуға қатысты болып тұр. Біз яғни, сыртқы саясатты басқаратын адамдар ұлттық мүдделерді өз тарихымыз бен дәстүрімізге, құндылықтарымыз бен тәжірибемізге сүйене отырып түйсінеміз және тұжырымдаймыз. Бұл ұлы державаның ғана емес, тәуелсіз елдің басты белгісі", – дейді Лавров.

Бірақ Ресей өз мүдделерін дұрыс анықтамайды, өзін тым байсалды ұстайды, әрдайым халықаралық құқыққа жүгінеді. Мұндай сөгістер Ресейдің сыртқы саясаты мен оның авторларына қарсы жиі айтылып жүр. Сұхбат барысында Лавровқа батыс әлі де менменсісе, онда алдымен соққы жасайық, халықаралық құқық пен БҰҰ-ға жүгінуді тоқтатайық, қатал әрі ашық, агрессивті түрде әрекет етейік деген сынды ұсыныстар да айтылды.

Алайда Лавров "біз сыпайы адамдармыз" деп қарсылық білдірді.

"Біздің ұстаным бәрібір де халықаралық құқық шеңберінде қалуы керек деп ойлаймын", деді ол бұл ретте.

Әрине, күш болмаған кезде, құқық туралы айтады. Бірақ мықтылардың ғана құқығы бар. Дегенмен қазір мықтылардың ешқандай құқығы жоқ. Яғни ескі, батыс әлемі кетіп жатыр, АҚШ қазір өз мәртебесін сақтап қалатын күшін жоғалта бастады. Сондықтан Лавров күштердің ғаламдық тепе-теңдігін қайта бөлудің астарында барынша демократиялық, көпполярлы әлемдік тәртіпті қалыптастырудың объективті процесі жатқанын еске салады. Лавровтың пікірінше, бұл бүкіл дәуірді алады, оған ондаған жылдар кетеді.

Бірақ дәл осындай уақытта күрделі, көп деңгейлі ойынды ойнау, шытырман оқиғаларға ұрынбай, ойынның қалған қатысушыларына ерік-жігеріңізді міндеттеуге тырыспау, арандатушылыққа жол бермеу маңызды екені анық. Лавров та Путин сияқты мұны жақсы түсінеді.

"Олардың бұл жердегі түпкі ойы анық: бізді тепе-теңдігімізден айыру, оның ішінде Ресей Федерациясына барлық салада жөн-жосықсыз бәсекелестік, заңсыз санкциялар арқылы тікелей шабуылдар жасау, сонымен қатар шекара айналасындағы жағдайды теңгерімсіз ету арқылы ізгі істерге назар аударуымызға жол бермеу. Алайда біз халықаралық құқық ұстанымын негізге алуды жалғастыра беруіміз керек", – деді Лавров.

Мұндағы халықаралық құқық ұғымын "сабырлылық сақтау, стратегиялық тұрғыда ойлау, өз сызығыңды белгілеу" деген сөздермен алмастыруға болады.

"Барлығын егжей-тегжейлі айтуға құқығым жоқ. Бірақ менің ойымша, соңғы жылдары біз мұндай ұстанымды бірнеше жағдайда қолданып келе жатқан сияқтымыз", – деді Лавров өз сөзінде.

Сергей Лавровты да, Владимир Путинді де әлсіз геосаяси ойыншылар, не шындықтан алшақ кеткен арманшылдар деп атауға болмайды. Олар қайта құрылып жатқан қазіргі әлемде Ресейдің өз орнын айқын белгілеуіне жол ашатын сыртқы саясатты мықтап ұстанып келеді.

 

35
Мәскеудегі АҚШ елшілігі

Ресей елшілігі АҚШ-та алты азаматының айыпталуына қатысты түсініктеме берді

3
Вашингтондағы Ресей елшілігі АҚШ-тың бүкіл әлемдегі хакерлік және тұрақсыздандыру әрекеттеріне қатысы бар деg Ресей азаматтарына таққан айыптарын жоққа шығарады

Бұған дейін АҚШ-тың әділет министрлігі мен федералды тергеу бюросы басқа елдердің инфрақұрылымына шабуыл жасау мақсатында хакерлік шабуылдарға және зиянды бағдарламалардың таралуына қатысы бар деg бес ресейлікті айыптағаны белгілі. Атап айтқанда, оларға 2017 жылы NotPetya вирусының таралғаны үшін айып тағылуда, деп мәлімдеді дипломатиялық миссияның өкілі РИА Новости агенттігіне.

АҚШ-тың болжамынша, бұл адамдар бас барлау басқармасының қызметкерлері және олар Оңтүстік Кореядағы Олимпиадаға кибершабуылдарды ұйымдастырған. Өз кезегінде Ұлыбритания да Ресей барлау қызметі Токидағы Олимпиада ойындарын кейінге қалдырғанға дейін ұйымдастырушыларға кибершабуыл жасауды жоспарлағанын мәлімдеді.

"Мұндай жаңалықтардың шындыққа жанаспайтындығы және америкалық қоғамда көңіл-күйді қоздыруға, тыңшылардың ізіне түсуге бағытталғандығы анық. Мұның бәрі бірнеше жылдан бері Вашингтонның саяси өмірінің айрықша сипатына айналып келеді. АҚШ билігі бір кездердегі прагматикалық Ресей-АҚШ қарым-қатынасын бұзып, өз тұрғындарына Ресейге және онымен байланысты барлық дүниеге қатысты теріс түсінікті жасанды түрде таңып отыр", - деп түсіндірді бұл туралы елшілік өкілі.

Агенттікке сұқбат беруші Ресейдің бүкіл әлемді "тұрақсыздандыратын операцияларға" қатысуға деген ниетінің жоқтығын және болмағанын атап өтті.

"Бұл біздің сыртқы саясатымызға, ұлттық мүдделерімізге, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың қалай құрылатындығы жөніндегі таным-түсінігімізге сәйкес келмейді. Ресей басқа елдердің егемендігін құрметтейді және олардың ішкі ісіне араласпайды", - деп толықтырды ол сөзін. 

АҚШ пен Ұлыбританияның ресейлік хакерлерді түрлі шабуылдар, оның ішінде Токио Олимпиадасының ұйымдастырушыларына қатысты әрекетке айыптауы негізсіз екенін және оның ішкі аудиторияға бағытталғанын мәлімдеді.

3
ту

"Тым болмағанда тырысып көру қажет": СНВ-3-ті ұзарту туралы сарапшы пікір білдірді

12
Кремль АҚШ-тың стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты шектеу және қысқартуға (СНВ-3) қатысты мәлімдемесіне түсініктеме бере келе, Вашингтонмен стратегиялық тұрақтылық төңірегіндегі байланысы жалғаса беретінін жеткізді

Sputnik радиосының эфирінде саясаттанушы Константин Блохин кіммен келіссөздер жүргізу оңай болатынын айтты.

Мәскеу Вашингтонмен арадағы стратегиялық тұрақтылық төңірегіндегі байланыс америкалық тараптың Ресей президенті Владимир Путиннің СНВ-3-ті бір жылға ұзарту туралы ұсынысынан бас тартқанына қарамастан жалғасады деп үміттенеді, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.

Бұған дейін Ақ үй Путиннің қазіргі келісімшартты бір жылға алғышартсыз ұзарту туралы ұсынысынан бас тартатынын мәлімдеген еді.

"Біз америкалық тараппен байланыс кез-келген жағдайда жалғасады деген үміттеміз. Жалпы алғанда, әрине, президент айтқандай, келісімшарттың ұзартылуы уақытты ұта тұруға, қару-жарақты бақылау бойынша маңызды және байыпты келіссөздерге қажетті 12 айға қол жеткізуге мүмкіндік беретін еді", - деді Песков.

Ол сондай-ақ, бүкіл әлемді осы "жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізін қалаушы тастан" айырудың кері салдары орасан болатынын атап өтті.

"Сондықтан, әрине, біз америкалық серіктестерімізден бұл құжатты ұзартуға дайын екендігін естігіміз келеді", - деді президенттің баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, әзірге ешқандай нәтиже байқалмайды. Алайда, бұл жағдай "байланыстарды толығымен тоқтату керек" дегенді білдірмейді.

Sputnik радиосының эфирінде РҒА-ның қауіпсіздік мәселелерін зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері, саясаттанушы Константин Блохин келісімшарттың тағдыры көп жағдайда, АҚШ-тағы президент сайлауында кімнің жеңіске жететініне байланысты болатынын айтты.

"Республикалық партияның төрағасы Дональд Трамп, біріншіден, Қытайды жек көреді және СНВ-3-ті Қытаймен байланыстырады. Екіншіден, республикалық партия дәстүрлі түрде қару-жараққа бақылауды жоюға тырысып отыр. Бұл жерде кіші Джордж Буштың әкімшілігі кезінде америкалықтардың зымыранға қарсы қорғаныс келісімшартынан шыққанын еске түсіруге болады. Трамптың өзі аралық және қысқа қашықтықтағы зымырандар туралы шарттан және "Ашық аспан" келісімшартынан шықты. Егер ол сайлауда жеңіске жетсе, СНВ-3-тен шығу ықтималдығы өте жоғары", - деп есептейді Блохин.

Егер демократтардың өкілі Джо Байден жеңіске жетсе, онда америкалықтың айтуынша, келісімді ұзарту мүмкіндігі бар.

"Демократиялық партия әдеттегідей ресейліктермен стратегиялық тұрақтылық туралы келіссөздер жүргізуді қолдайды. Естеріңізге сала кетейін, Барак Обаманың әкімшілігі Дмитрий Медведевпен бірге қазіргі келісімшартты ұзартқан еді. Алайда, кім жеңсе де, бірнеше айда жаңа келісімшартты жасау мүмкін емес. Сондықтан, бір жыл ішінде жаңа келісімшартты жасау үшін, ең болмағанда, қазіргі келісімшартты ұзартуға тырысу қажет. Бұл идея анағұрлым қызықты көрінеді", - деп атап өтті ол.

СНВ-3 – Ресей мен АҚШ арасындағы қару-жарақты шектеу және қысқарту туралы қазіргі қолданыстағы жалғыз келісімшарт. Бұл келісімнің мерзімі 2021 жылдың 5 ақпанында аяқталады, ал егер оны ұзартпаса, әлемде ең ірі ядролық державалардың арсеналын шектейтін құралдар қалмайды.

Стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты шектеу және қысқарту туралы келесімшарт 2011 жылдың 5 ақпанында күшіне енді. Онда әр тараптың өз ядролық арсеналдарын қысқартуы қарастырылған. Сонда жеті жыл ішінде және одан кейінгі жылдары қару-жарақтың жалпы саны 700 құрлықаралық баллистикалық зымыраннан, суасты қайықтарындағы баллистикалық зымыраннан және ауыр бомбалаушыдан, сондай-ақ, 1550 оқтұмсықтан және 800 ұшыру қондырғыларынан аспайтын болады.

12