коронавирус

Коронавирустан қайтыс болғандардың рекордтық көрсеткіші тіркелді - ДДҰ

1348
Әлем бойынша 96 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырды, дерттен қайтыс болғандардың саны 2 миллионнан асты

НҰР-СҰЛТАН, 20 қаңтар – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен аптада коронавирустан қайтыс болған адамдардың рекордтық көрсеткішін тіркеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Ресми мәліметке сәйкес, өткен аптаның ішінде коронавирустан 93 мың адам көз жұмған. Бұл рекордтық көрсеткіш болып саналады. Жалпы, 20 қаңтарға дейін әлем бойынша 96 миллионнан астам адам коронавирус жұқтырған. Ал осы диагноздан қайтыс болғандардың саны 2 миллионнан асты, деп хабарлайды РИА Новости.

2020 жылы 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 инфекциясының өршіп кетуіне байланысты пандемияның басталғанын жариялады. Джон Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, науқастардың басым бөлігі – 24,4 миллион адам АҚШ-та тіркелген. Одан кейін Үндістан (10,5 млн) және Бразилия (8,5 млн) тұр. 

Қазақстанда осы уақытқа дейін 171 мыңнан астам адамның сынамасы оң нәтиже көрсетті. Олардың басым бөлігі жазылып шыққан. Қазіргі кезде коронавирустан 25 038 науқас (13 404 КВИ+ және 11 643 КВИ-) емделіп жатыр. Оның ішінде 6 522 пациент стационарда, ал 18 516 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда.

Пациенттердің арасында 307 адамның жағдайы ауыр, 61-і хәл үстінде жатыр, 34 науқас жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Пандемия басталғалы бері елімізде коронавирустан 2 431 адам көз жұмды. Бұдан бөлек, ковидтік пневмониядан (КВИ-) 545 науқас қайтыс болды.

1348
Кілт сөздер:
коронавирус
Архивтегі фото

АҚШ пен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы шиеленісті ме?

24
Серіктестік екі тараптың да стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Алайда демократия мен адам құқықтары мәселесінде қос мемлекеттің жолы қақ айырылады

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Сауд Арабиясы мен АҚШ қарым-қатынасы күрделі кезеңнің алдында тұр. АҚШ-тың Ұлттық барлау қызметі 2018 жылы журналист Джамал Хашукджиді өлтіру туралы баяндаманы жариялағаннан кейін Ақ үй жаңа стратегия жариялады: америкалықтар Йемендегі соғысты тоқтатып, адам құқықтарын сақтауды талап етті, деп жазды РИА Новости.  

Мемлекеттік департамент басшысы Энтони Блинкен 76 саударабиялық азаматқа визалық шектеу енгізу туралы мәлімдеді. Блинкеннің ақпаратына сәйкес, бұл азаматтардың диссиденттерді қорқытып-үркітуге және Хашукджи өліміне қатысы бар көрінеді. Дербес санкциялар Жалпы барлау қызметінің басшысы Ахмад әл Асириге де қатысты болмақ. Барлау баяндамасында Сауд Арабиясы билігін өткір сынға алған The Washington Post газетінің авторын қинап өлтіруге мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салманның да қатысы бар екені айтылған. Ханзаданың мақұлдауынан кейін журналисті ұрлап әкетіп, оны мүшелеп өлтірген. СІМ бұл айыптауды толығымен жоққа шығарды. Әйтсе де, ханзадаға қатысты жеке шектеулер енгізілген жоқ. Бірақ жаңа президент Джо Байден Эр-Риядты қатаң жазалайтынын мәлімдеген болатын.

"Бір адаммен емес, бүкіл мемлекетпен арадағы қарым-қатынас әлдеқайда маңызды. Біз корольдікті қорғауға тырысамыз", - деген Блинкен Эр-Рияд әрекеттері АҚШ мақсаттары мен құндылықтарына сәйкес келуі маңызды екенін атап өтті.

Корольдіктің қорғанысын қамтамасыз еткені үшін америкалықтарға мұнайға қолжетімділік беру аталған екі мемлекеттің қарым-қатынасының негізі десе де болады. Оның үстіне Сауд Арабиясы Америка қару-жарағына ең ірі тапсырыс беруші. Серіктестік екі тараптың да стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Алайда демократия мен адам құқықтары мәселесінде қос мемлекеттің жолы қақ айырылады.

Корольдің жеке кеңесшісі Салман атап өткендей, Барак Обама президент болған соңғы жылдарда пікірлер қайшылығы туындады. Бұл көбіне Сауд Арабиясының басты қарсыласы – Иранға деген АҚШ-тың қарым-қатынасында байқалды. Екі елдің барлау қызметі қауіпсіздік саласында сәтті әріптестік орнатқанымен, арабтардың монархияны сынаушылармен күресу әдістері АҚШ-тың көңілінен шықпады. Оған Йемендегі проблемалар қосылды. Ақ үй Америка қару-жарағы қолданылған соғыс әрекеттерінің құрбандарына алаңдады.

Ақ үйге Дональд Трамп келгеннен кейін қарым-қатынас біршама жақсарды. Трамп президент қызметіне кіріскенге дейін корольдікті аса жақтырмағанымен, ол өзінің ең бірінші іссапарын дәл осы Эр-Риядтан бастады. Хашукджи өлімі туралы баяндама алдыңғы президент кезінде әзірленген. Бірақ құжат сол уақытта жарияланбады.

"Трамп Вашингтон міндеттерін азайту үшін одақтастарға инвестиция салды. Оның серіктестері, соның ішінде Сауд Арабиясы бұрынғыдан да көп қару-жарақ сатып алып, аймақтағы жағдайда өз бақылауына алуы керек болды. Есесіне АҚШ әәскери-саяси қолдау көрсетіп, одақтастары үшін маңызды бастамаларды мақұлдап отырды", - дейді Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты Халықаралық зерттеулер институты Перспективалы америкалық зерттеулер орталығының директоры Максим Сучков.

Жаңа президент сайлануымен қатар бұл бағдар өзгереді деп болжанған және алғашқы қадамдар жасалып қойды. Байден Йемендегі шабуылдау операцияларын қолдау тоқтатылатынын хабарлады. Оның ішінде қару-жарақ экспорты да бар. Бұл өткен жылдың желтоқсанында мақұлданған 290 миллион долларға дәлдігі жоғары үш мың GBU-39 бомбасы мен сомасы 478 миллион долларды құрайтын жеті мың Paveway IV бомбасын жеткізуге қатысты болып отыр. Вашингтон Йемендегі қақтығысты дипломатиялық жолмен шешетінін мәлімдеді. Оның үстіне ақпан айынан бастап хуситтерді террористік топтар тізімінен алып тастады.

Бірақ сарапшылар екі елдің қарым-қатынасы түбегейлі өзгереді деп күту орынсыз деп санайды. Яғни, стартегиялық жоспар сол күйінде қалады.

"Америкалықтар сонау Обама кезінен бері өз энергетикасы мәселесінде едәуір өсіп, мұнай өндірісінде әлемдегі жетекші орынға ие болды да, Сауд Арабиясына деген қажеттілік азайды. Аймақішілік динамикада көп мәселе ирандық ядро келісіміне тәуелді болып тұр. Эр-Рияд – Тегеранмен қарым-қатынастағы АҚШ-тың басты серіктестерінің бірі. Егер Сауд Арабиясына тым қатты қаталдық танытса, бұл Иран үшін тиімді болады. Хашукджиді өлтіргендерді жазалау үшін АҚШ бұл әрекетке бара қоймайды", - деп санайды Ресейдің халықаралық істер жөніндегі кеңесінің таяушығыстық жобалар менеджері Руслан Мамедов.

Таяу Шығыс жөніндегі маман Алексей Хлебников соңғы он жылда аймақта бірнеше жаңалық болғанын еске салды.

"Тунис пен Египеттегі көтеріліс, Мысырда төңкеріс болды және соның салдарынан америкалықтардың Каирге әскери көмегі тоқтатылды. Иранмен келісім тағы бар. Осының барлығы корольдіктерді, соның ішінде Сауд Арабиясын, дипломатиялық байланысты әртараптандыруға және Ресей мен Қытай сияқты басқа да ірі державалармен қарым-қатынасты нығайтуға итермеледі", - дейді саясаттанушы.

Мәскеу де Эр-Риядқа қару-жарақ сатады. Алғашқы партияларды жеткізу 2019 жылы басталды. Содан кейін корольдік Ресеймен ауыр отшашар жүйелері, танкке қарсы кешендер, гранатометтер мен автоматтар сатып алу туралы меморандумға қол қойды. 2021 жылдың басында саудтықтар орыстың С-400 зениттік-зымыран кешендері мен Су-35 жойғыштарын сатып алуы ықтимал екені хабарланды.

"Мәскеу мен Эр-Рияд қарым-қатынасында ОПЕК+ мәмілелерінің де маңызы зор. Бұл екі тараптың да табыс көзін арттыруына септігіни тигізді", - дейді Руслан Мамедов.

Оның айтуынша, Эр-Риядтың Вашингтоннан теріс айналып, оған көптеген проблема туындату мүмкіндігі бар. Бірақ бұл екі мемлекеттің бір-бірі үшін маңызы жоғары.

"Сауд Арабиясы АҚШ-пен қарым-қатынас Ақ үйде қай президент отырғанына байланысты өзгермейді. Себебі екі елдің байланысы бірнеше онжылдық бұрын қалыптасқан. Оны онша-мұнша дүрбелеңдер бұза алмайды", - деп санайды сарапшы.

Онжылдықтарға созылған серіктестік көп салада нәтиже берді. Мысалы, Сауд Арабиясы элитасының басым бөлігі АҚШ-та білім алған, саудтық риал долларға жіпсіз байланып тұр, ал қару-жарақ пен әскери дайындық негізінен америкалықтар тарапынан орындалып жатыр. Мұны өзгерту үшін көп жыл қажет. Сондықтан сыртқы саяси байланыстарды әртараптандыру көпполярлы жаңа әлемнің талаптарына жауап беретін тактикалық қадам.

24
и песчаными дюнами

Ресей Аралды құтқару қорын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеп жатыр

30
(Жаңартылды 22:12 02.03.2021)
Қазақстан мен Ресейдің сарапшылары Жайық өзенінің экожүйесін сақтау бойынша ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды, Ертіс өзені бойынша да осындай келісімдер жасалды

НҰР-СҰЛТАН, 2 наурыз – Sputnik. Ресей Федерациясында Аралды құтқару халықаралық қорына қолдау көрсету бойынша арнайы бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл туралы Ресейдің Қазақстандағы елшілігі хабарлады.

Бұл бағыттан бөлек, жоба су шаруашылығын дамытуға және 2021-2030 жылдары Орталық Азия елдерінің климаттық  тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

"Бұл Ресейдің тиісті өңірлік жобаларды іске асыруға қатысу арқылы Қазақстанмен экология саласындағы диалогты одан әрі кеңейтуге мүдделі екендігін білдіреді", - делінген елшіліктің сайтында жарияланған хабарламада.  

Сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасында экология және қоршаған ортаны қорғау саласында сындарлы диалог құрылғаны аталып өткен.

"Біздің елдеріміздің президенттері екіжақты ынтымақтастықтың осы бағытына ерекше назар аударады. Салалық ведомстволар тұрақты байланыс орнатқан, қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі Ресей-Қазақстан аралас комиссиясы, Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі Ресей-Қазақстан комиссиясы табысты жұмыс істеп жатыр", - делінген хабарламада.

Күн тәртібінде трансшекаралық өзендердің бассейндерін жақсарту, ақбөкен мен Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау, жасанды қорғаныш орман белдеулерін құру, өрт сөндіру ұйымдарының бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу, ауру ошақтарының алдын алу мен жою бойынша өзара іс-қимыл мәселелері тұр.    

Сонымен қатар, 2020 жылдың желтоқсан айының соңында 2021-2024 жылдарға арналған Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау және қалпына келтіру бойынша Ресей-Қазақстан ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.

Құжат экожүйені қалпына келтіру, ластану көздерін анықтау, су өткізгіштерді қайта құру, су объектілерін тазарту және қалпына келтіру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеуді көздейді.  

"Ертіс өзені бойынша да осындай келісімдер жасалды, сарапшылар бассейннің гидрохимиялық және гидрологиялық жағдайыне талдау жасайды. Бұл бағдарламаларға қол қою Ресей-Қазақстан қатынастарының маңызды кезеңі деп санаймыз", - деп мәлімдеді дипломатиялық миссия.

30