НҰР-СҰЛТАН, 23 ақпан – Sputnik. Коронавирустық инфекция пандемиясы 2022 жылдың басында аяқталады. Бұл туралы Данияның DR телеарнасына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық аймақтық бюросының басшысы Ханс Клюге мәлімдеді, деп хабарлайды aa.com.tr басылымы.
Халықаралық ұйым өкілінің айтуынша, бұл жыл да коронавируспен арпалысумен өтеді. Тек, келесі жылы ғана жағдайды еңсерудің мүмкіндіктері туады.
"Ең қиын кезеңдер артта қалды. Біз 2020 жылмен салыстырғанда вирус туралы көбірек білеміз және ол кездегіге қарағанда таралу белсенділігі төмендеп келеді", – деді Клюге.
Солай десек те, ол өзінің болжамын ғана айтып отырғанын және пандемияға байланысты жағдайдың қалай өрбитінін әлі ешкім болжай алмайтынын ескертті.
"Қалай болғанда да вирус қалады, бірақ шектеулер қажет емес деп ойлаймын. Бұл оптимистік хабарлама", – деп қосты ДДҰ өкілі.
ДДҰ мәліметтеріне сүйенсек, 22 ақпандағы жағдай бойынша бүкіл әлемде COVID-19 инфекциясын 110 974 862 адамның жұқтырғаны расталды. Індет салдарынан 2 460 792 науқас қайтыс болды. Олардың көпшілігі АҚШ пен Үндістан және Бразилияда тіркелді.
Оқи отырыңыз: ДДҰ коронавирусқа қарсы екінші қазақстандық вакцинаны тізімге енгізді
Ал Қазақстанда аталған індетке 208 809 адам шалдықса, 192 733 науқас жазылып шықты. 2 540 пациент қайтыс болды.
НҰР-СҰЛТАН, 6 наурыз — Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының еуропалық бөлімінің басшысы Ханс Клюге COVID-19 пандемиясының аяқталу уақытына қатысты болжам жасады.
"2021 жыл да коронавирус жылы болады. Алайда бұл жолы алдағы жағдайға болжам жасап, басқару мүмкіндігі жоғары. 2020 жылы terra incognita, яғни ғылыми, саяси белгісіздік жағдайын бастан кешірдік. Бір жылдан соң вирус жайлы біраз нәрсе білдік. Диагностикалық бағдарламалар мен вакцина бар", - деді ол Welt басылымының хабарлауынша.
Клюге бәрін алдын ала жоспарлау маңызды екенін атап өтті. Сондықтан келер жылдың басында пандемия аяқталуы мүмкін деп отыр.
"Бұл вирус жойылады деген сөз емес. Бірақ ол кезде ешбір араласу қажет болмайды", - деді ол.
Оның айтуынша, бай өңірлер ғана вакцина салдырып, өзгелері бұл науқаннан тыс қалып қоймауы керек деген ойда.
Сондай-ақ мемлекеттердің шектеуді алуына қатысты да пікір білдірді. Олар тым жылдам алынса, бастапқыдағы жағдай қайталануы ықтимал деген алаңдаушылығын жеткізді.
Еске сала кетсек, өткен жылдың 11 наурызында дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19-ды пандемия деп атады. Елдер қатаң карантин енгізді, шекаралар жабылды. Қазір жағдай біртіндеп жақсарып келеді.
НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз — Sputnik. Михаил Саакашвили украиналық үйлестіру кеңесінің құрамынан шығарылды. Украина президенті Владимир Зеленскийдің жарлығы ресми сайтында жарияланды.
Құжат күшіне енген.
Босаған орынға реформалар жөніндегі атқару комитетінің сарапшысы Георгий Цхакай келді.
Айта кетейік, 2013 жылы Михаил Саакашвили Грузиядан кетіп қалған. Сол кезде оған қатысты төрт қылмыстық іс қозғалған болатын. Оны сырттай соттап, қамауға алуға шешім шығарған.
2015 жылы Саакашвили Украинаға келді. Петр Порошенко оны Одесса облысының губернаторы қызметіне тағайындады. Алайда бір жылдан кейін бұл қызметтен алып тастады. Ал 2017 жылы Украина азаматтығын қайтарып алды.
2019 жылы 28 мамырда осы елдің жаңа президенті Владимир Зеленский Саакашвилиге қайтадан азаматтық беріп, реформалар жөніндегі ұлттық кеңестің атқарушы комитетінің басшылығына тағайындады.