Әлем

Шотландия тұрғыны жағалаудан қызықты олжа тауып алды

© Photo : CC0 / Antonio DoumasБөтелкедегі хат
Бөтелкедегі хат - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.03.2021
Жазылу
Жергілікті тұрғындардың пайымдауынша, Дэвид бұл хатты жыл сайын өтетін "бөтелкелер жарысы" кезінде суға жіберген болуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 9 наурыз – Sputnik. Шотландияның Сандей аралының тұрғыны 1994 жылы теңізге лақтырылған бөтелкедегі хатты тауып алды, деп хабарлайды жергілікті John O"Groat Journal басылымы.

Йоханна Гилберт жағалауда итімен бірге серуендеп жүріп, тастардың арасында жатқан пластик бөтелкені көзі шалып қалады. Ішіне хат салынған бөтелкені толқын жағаға шығарып жіберген. Бөтелке ішіндегі қағаз екіге бөлінгенімен, Йоханна онда не жазылғанын оқи алған.

Хатта: "Бұл жазбаны Дэвид Бремнерге қайтаруыңызды өтінемін. Мейн-стрит 9, Лайбстер, Кейтнесс, Шотландия. 27 қазан, 1994 жыл" деп жазылған.

Отыз жылға жуық уақыт ішінде бөтелке небәрі 160 километр қашықтыққа ұзаған.

Йоханна көрсетілген мекенжайда хат авторының анасы тұрып жатқанын анықтаған. Ал Дэвидтің өзі Шотландияның басқа қаласына көшіп кеткен.

"Мені іздеп тауып, хатты тапсырғаны үшін Йоханна Гилбертке алғыс айтамын. Осындай ұзақ уақыт ішінде бөтелкенің аз ғана қашықтықты жүріп өткені қызық. Мен бөтелке жайлы ұмытып кетіппін", – дейді Дэвид Бремнер.

Ол хатты 13 жасында жазғаны белгілі болды.

Жергілікті тұрғындардың пайымдауынша, Дэвид бұл хатты жыл сайын өтетін "бөтелкелер жарысы" кезінде суға жіберген болуы мүмкін. Сондай-ақ жасөспірім осы әдіс арқылы өзіне жақын дос тапқысы келген.

Оқи отырыңыз: "Бүгін тағы түсіме кірдің...": түрмеден жазылған хат елдің жүрегін елжіретті

Жаңалықтар
0