Уагадугудегі конференц-зал. Каддафидің тапсырысы бойынша италиялықтар салған

Каддафиді не үшін өлтірді

164
18 наурызға қарай үкімет күштері Бенгазиге басып кіріп, бүлікті тоқтатуға дайындалып жатты. Алайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі алдағы қырғыннан қорқып, халықаралық қауымдастыққа Ливияда күш қолдануға рұқсат берді 

НҰР-СҰЛТАН, 20 наурыз – Sputnik. Жүздеген бомба мен зымыран, мыңдаған құрбан, батыстық әскери машинаның толық үстемдігі – осыдан он жыл бұрын, 2011 жылдың 19 наурызында НАТО елдерінің әскері Ливиядағы азаматтық соғысқа араласты. Каддафи басқарған әскер оларға қарсы тұра алмады. Альянс авиациясы кез келген қарсылықты бірден жаншып басып тастады. Операция 31 қазанда аяқталды. Салдарынан бір кездері гүлденген мемлекет болған Ливия біртұтастығынан айырылды. Ондағы соғыс әлі жалғасып жатыр, деп жазды РИА Новости.

2011 жылдың ақпанында наразылық білдірушілер Ливиядағы халық саны жағынан екінші орында тұрған Бенгази қаласының көшелеріне шықты. Олар билік тұтқындаған заңгер әрі құқық қорғаушы Фатхи Тербилді босатуды талап етті. Бір-екі күннен кейін бүкіл елде үкіметке қарсы ауқымды мәлімдемелер басталды. Бүгінгі күні көптеген маман осы солтүстікафрикалық мемлекеттегі азаматтық соғыстың нақты себебі Киренаика мен Триполитания тайпалары арасындағы қақтығыс деп санайды. Триполитания тумасы Муаммар Каддафидің елді 40 жыл бойы өзі басқаруы қарсы тайпа өкілдеріне ұнай қоймады.

Каддафидің қауіпсіздік күштері қару қолданды. Жаппай тәртіпсіздіктер көшедегі соғысқа ұласты. Құрбан болғандар саны бірнеше ондықтан асып кетті. Оппозиция бірнеше қару-жарақ қоймасы мен Бенгазиді басып алды.

Наурыз айының басында Каддафидің қарсыластары "Триполиге жорық" жариялады. Бес мыңға жуық жасақ астанаға шабуыл жасағанымен, олар жеңіліске ұшырады. Сол кезде Каддафидің армиясында танктер, артиллерия, айтарлықтай қуатты авиация болды. Ал оппозицияда тек кузовында пулемет орналасқан пикаптар болды. 18 наурызға қарай үкімет күштері Бенгазиге басып кіріп, бүлікті тоқтатуға дайындалып жатты. Алайда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі алдағы қырғыннан қорқып, халықаралық қауымдастыққа Ливияда күш қолдануға рұқсат берді. Алайда құрлықтағы әскерді қолдануға тыйым салды.

Батыс елдері үкіметі көптен бері Каддафиге тіс қайрап жүрген, кек алу мүмкіндігін қалт жібермеді. 1969 жылғы төңкерістен кейін Ливия Еуропа және АҚШ-пен жиі қақтығысқа түсті. Вашингтон Каддафиді халықаралық терроризмге қолдау көрсетті деп айыптады. Париж Триполидің 1970-1980 жылдары Чадтың бұрынғы француз колониясына басып кіргенін, ал Лондон ирландиялық сепаратистерге көмектескенін кешіре алмады. БҰҰ резолюциясынан кейін интервенция шешімін тапқан мәселеге айналды.

Алайда Каддафи отставкаға кетпеді. "Мен ешқашан Ливия жерінен кетпеймін, қасық қаным қалғанша шайқасамын және осы жерде ата-бабаларыммен бірге шейіт болып өлемін, - деп халыққа үндеу жолдады. – Мен отставкаға кететіндей президент емеспін. Мен революция көшбасшысымын".

Операцияның бас кураторы және ұйымдастырушысы болған Пентагон Ливия жағалауларына қуатты күш, атап айтқанда, тұрақты дайындықтағы амфибия-десант тобының құрамындағы төрт мың теңіз жаяу әскерін, теңіз жаяу әскерінің 22-ші экспедициялық корпусын, "Арли Берк" типіндегі екі эсминецті, "Лос-Анджелес" көп нысанды екі атомдық сүңгуір қайықтарын, "Огайо" стратегиялық атомдық кемесін орналастырды. Сондай-ақ, америкалықтар соққы жасаушы және бомбалаушы ұшақтар дайындады. Интервенцияның ең белсенді қатысушылары болған француздар төрт фрегат пен "Шарль де Голль" авиатасымалдаушысын орналастырды. НАТО-ның басқа мүшелері де өз қару-жарағын қосты. Жалпы алғанда операцияға әлемнің 18 елінен әскери қызметші қатысты.

БҰҰ қарарында Ливияға ұшуға тыйым салынған режим ғана қарастырылғанымен, НАТО әуе кемесі алдымен жердегі нысандарға соққы берді. 19 наурызда француз әскери-әуе күштерінің 20-ға жуық ұшағы Бенгази маңында үкімет армиясының броньды машиналарына шабуыл жасады. Сол күні америкалық және британдық әскери-теңіз күштері Ливиядағы нысандарға 114 қанатты зымыран ұшырды. Триполидің айтуынша, бұл шабуылдардан 64 адам қаза тауып, 150 адам жарақат алған. НАТО авиациясы ондаған көпірді қиратып, жолдарды бүлдірді және көптеген азаматтық инфрақұрылымды қиратты.

Бомбалау келесі күндері де жалғасты. Елге түрлі калибрлі мыңдаған оқ-дәрі қарша борады. 23 наурызда Ұлыбритания әскери-әуе күштерінің қолбасшысы Грег Бэгвилл Ливия әуе күштері енді жоқ екенін жариялады. БҰҰ резолюциясына сәйкес Ливиядағы жағдайға араласу осымен аяқталуы керек еді. Алайда Батыс тоқтаған жоқ.

НАТО-ның шабуылдаушы авиациясы Каддафи армиясының құрал-жабдықтарын, жұмыс күшін және инфрақұрылымын әдістемелік тұрғыдан бұза бастады. Америкалықтар тіпті операцияда "ауыр кавалерия"  – В-1В және В-2 стратегиялық бомбалаушылары, сондай-ақ АЦ-130 "ұшатын батареясын" да қолданды. Ескірген Ливия әуе қорғаныс жүйесі НАТО-ның заманауи ұшақтарына төтеп бере алмады.

Ұшақтары мен тікұшақтарынан айырылған, дрон шабуылынан әуеде қорғану жүйелерінің барлығын жоғалтқан Ливияның құрлықтағы күштері қорғансыз болып қалды. 10 сәуірде Солтүстік Атлантика Альянсының ұшақтары бірден 25 ливиялық танктің көзін жойды. Мамыр айында НАТО ұшақтары Триполиді бомбалай бастады. Олар Муаммар Каддафидің резиденциясына бірнеше рет соққы жасады. Бірақ ол әркез жасырынып үлгеріп отырды.

Каддафи жасырынған орындардың бірі – елдің солтүстігіндегі Сирт қаласы. 2011 жылдың күзіне қарай бұл елді мекен әлі де Триполидің бақылауында болды. Қазан айының басында оппозициялық қарулы жасақ шабуылға шықты. Ауыспалы ұлттық кеңес жақтастары Каддафидің Сиртте жасырынып жатқанын біліп, оны қалай болғанда да қолға түсіруге тырысты.

Олар 20 қазанда Ливия басшысын қолға түсірді. Каддафиді қоршай жиналған жұрт оны ұрып, балағаттап, ауыр заттар лақтырды. Үш сағат бойы қорлық көрсетіп, содан кейін ғана көлікпен ауруханаға жеткізді. Бірақ ол уақытта Каддафи көз жұмған еді. Ал өз ойындағысын жүзеге асырған НАТО блогы 31 қазанда операцияны аяқтады.

164
Газодобывающее предприятие, архивное фото

Еуропаға газды кім жеткізеді: Ресей ме, АҚШ па?

29
Осы жылы алыс шетелге газ экспорттаудан "Газпром" табысы 1,7 есе, яғни 42 миллиард долларға дейін ұлғаяды, деп жазды VYGON Consulting

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Ұзаққа созылған қыс еуропаның газ қоймаларын бос қалдырды. Газ қорының үштен бір бөлігі ғана қалды. Америкалықтар осы мүмкіндікті пайдаланып, көп көлемде сұйылтылған газ ұсынды. Алайда коронавирус дағдарысы Еуропаға мұхиттың арғы жағынан келетін қымбат газға шығындалуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан ресейлік шикізатты сатып алуға тура келіп отыр, деп жазды РИА Новости.

Күзде және қыста еуропалықтар 65 миллиард текше метрден астам газ тұтынды. Бұл он жылдық максимумға тең. Бұл туралы Газпром GasInfrastructureEurope-ке сілтеме жасап хабарлады. Алдыңғы жоғары көрсеткіш 2018 жылы болған. Ол кезде ақпан-наурызда Еуропаны қалыптан тыс аяз бен қар жауып қалды.

Ауа райы биыл да тосын мінез көрсетті. Қаңтарда Газпромға аяз құрсауында қалған Еуропаға жеткізілімдерді шұғыл көбейтуіне тура келді. Компания Германияға 32,4 процентке, Францияға 77,3 процентке, Нидерландыға 21,2 процентке, Италияға 100 процентке әдеттегіден артық газ жіберді.

Сонымен қатар суықтың беті қайтпаған Азияға да экспорт артты. Нәтижесінде нарықта тапшылық пайда болып, бұл споттық бағаның шарықтауына алып келді. Ол бойынша тауарлар, бағалы қағаздар немесе валюта шұғыл жеткізу шарты бойынша сатылады.

Мысалы, Азияда баға кесімі мың текше метр үшін 1 000 доллардан асқан сәт болды. Кейбір мәмілелер 1400 бағасы бойынша жасалды. Еуропада баға 300 доллар болып белгіленді. Ал "Газпромның" 2021 жылға арналған бюджетінде 170 деген баға көрсетілген.

Нәтижесінде алыс шетелге жөнелтілген ресейлік экспорт 19,5 миллиард текше метрге дейін артты. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 46 процентке көп.

Ақпан айында да ауа райы қуанта қоймады. Осы айда үш күн қатарынан еуропалық қоймалар тәулігіне миллиард текше метр жіберіп отырды. 25 наурызға қарай қоймадағы газ қорының көрсеткіші 29 процентке дейін түсті. Германия мен Автрияда – 26, Нидерландыда – 23, Францияда – 17.

Алдағы қыста суықтан қорғану үшін еуропалықтарға өткен жылғыдан 57,3 процентке артық газ өндіру қажет. Бұл 2020 жылы Франция мен Нидерландыға жеткізілген экспорт көлеміне тең. Қоймаларды толтыру бойынша басталған газ өндіру науқаны 2011 жылғыдан кейінгі ең ауқымды шараға айналмақ.

Еуропа нарығындағы ресейлік шикізаттың үлесі 2020 жылы шамамен 33 процентті құрады. Бұл жөнінде "Газпром экспорт" бас директоры Елена Бурмистрова мәлімдеді. Оның айтуынша, "үшінші тоқсанда-ақ экспорт көлемі дағдарысқа дейінгі көрсеткіштен асып түсті". Импорттаушылар алдындағы барлық міндет толық орындалды. Жыл соңына қарай келісімшарт бойынша баға еуропалық хабтардағы споттық бағадан төмен болды. Бұл да қосымша жеткізулерді орындауға ықпал етті.

Еуроодаққа көгілдір отын Ресейден бөлек Норвегия, Катар, Алжир, АҚШ пен Нигериядан жеткізіледі. Басты тұтынушылар – Германия, Ұлыбритания және Италия. Немістер мен ағылшындар ресейлік газды "Солтүстік ағын" құбыры арқылы алып отыр. Басқа амал жоқ. Әрине сұйылтылған табиғи газға ауысуға болар еді. Бірақ ол тым қымбат. Сонымен қатар ол үшін арнайы терминалдар керек. Ал Германияда мұндай техника қарастырылмаған. Сұйылтылған табиғи газ ол елге Бельгия мен Нидерланды арқылы жеткізіледі.

Италия мен Ұлыбританияда қажетті терминал бар. Бірақ олар да құбыржол газынан бас тартуға асығар емес. Сол себепті ресейлік энергия ресурсын сатып алушылар АҚШ-тың "Солтүстік ағын – 2" жобасына қарсы ашқан соғысын қолдамай отыр. Жалпы ресейлік жобаның қарсыластары аз емес. Олардың қатарында Чехия, Польша, Венгрия, Словакия, Румыния, Хорватия бар.

Жалпы Варшава 2022 жылға қарай Ресей газынан бас тартуға дайын екенін бұған дейін мәлімдеген болатын. Поляктар Солтүстік теңізде норвегиялық қайраңдағы Baltic Pipe құбырына үміт артып отыр.

Жалпы дағдарыстың беті әлі қайта қойған жоқ. Ал сұйылтылған табиғи газ баяғыдай құбыржол газынан қымбат болып тұр. Оның үстіне "Газпром" бәсекелестеріне қарағанда өндіріс көлемі мен тәуліктік жеткізу көлемін өте жылдам арттыра алады.

Г.В.Плеханов атындағы РЭУ доценті Александр Тимофеев "Солтүстік ағын" жобасының өзін-өзі ақтауы әлі де нақты болмағандықтан, батысеуропалық бағыт басымдықта тұр деп санайды.

"Ұзаққа созылған қыс сұранысты арттырды. Бұл күзге қарай бағаның қымбаттауына алып келеді", - дейді ол.

Ресей ЖЭК даму мәселелері жөніндегі тәуелсіз кеңесшісі VYGONConsulting пікірінше, осы жылы "Газпром" алыс шетелге жөнелтетін экспорт көлемін 210 миллиард текше метрге дейін арттыра алады. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 17 процентке, коронавирус дағдарысына дейінгі 2019 жылғыдан 5,5 процентке артық.

Осылайша бірінші тоқсанда "Газпромның" экспорты 30,7 процентке өсті.

"Бұған дейін жабдықтаушы бюджетке мың текше метр газ үшін 170 доллар көлеміндегі бағаны көрсеткенін ескеру керек. Бірақ содан кейін жоспарлар қайта қаралды. Енді орташа жылдық баға 200 доллар деп болжануда. Себебі ұзақ мерзімді келісімшарттар көбіне еуропалық споттық бағаларға тәуелді. Оның үстіне газ бағасы тікелей тәуелді мұнай бағасы да шарықтап кетті. Сондықтан "Газпром" өз тұтынушыларын жоспарының негізді екеніне сендіре алуы әбден мүмкін", - дейді TeleTrade ақпараттық-талдау орталығының бас экономисі Марк Гойхман.

Жалпы газ бағасы жылыту маусымы аяқталғаннан кейін де қымбаттай берді. Қазір нидерландтық TTF (Title Transfer Facility Natural Gas Price Index) хабындағы спотта мың текше метр газ бағасы 252 доллар. Бұл 2018 жылдан бері ең жоғарғы көрсеткіш.

Нәтижесінде осы жылы алыс шетелге газ экспорттаудан "Газпром" табысы 1,7 есе, яғни 42 миллиард долларға дейін ұлғаяды, деп жазды VYGON Consulting. Ал бұл Ресейдің мемлекеттік бюджетіне майдай жағады.

29
Архивное фото силуэта женщины на фоне окна

Құлақ көлінің жағасынан 4 адамның мәйіті табылды

2062
(Жаңартылды 14:43 12.04.2021)
Тәжікстандағы Құлақ көлінің жағасынан төрт адамның мәйіті табылды. Төртеуі де ағашқа асылып өлген

НҰР-СҰЛТАН, 12 сәуір — Sputnik. Тәжікстанда үш баланың анасы үйдегі жанжалдан кейін жантүршігерлік қылмысқа барды. Ол алдымен балаларын орамалға асып өлтірген, артынан өз-өзіне қол салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Centralasia.media порталына сілтеме жасап.

Демалыс күндері Пенджикент ауданындағы Некнот ауылының тұрғындары Құлақ көлінің бойында төрт адамның мәйітін тапты. Төртеуі де ағашқа асылып өлген. Біреуі 32 жастағы Шахло Шәріпова, үшеуі – балалары. Олар: 6 жасар Мухаммаджон, 4 жасар Шахноза бен сегіз айлық Әмина. Алдын ала болжамға сәйкес, келіншек алдымен өз балаларын асып өлтірген. Одан кейін өз-өзіне қол салды.

"10 сәуірде Некнотта той болған. Осы жиыннан кейін бір топ балалар Құлақ көлінің жағасына барды. Ол жерде үлкен бақ бар. Соған кірген бойда ағашқа асылып тұрған үш баланы және олардың анасын көрген. Төртеуі де алма ағашына орамалға асылып өлген", - дейді жергілікті тұрғындар.

Алма бағы марқұмдардың үйінен 300 метр жерде орналасқан. Өткен аптада ғана отағасы Лазиз Джураев ұлымен бірге 300 түп алма ағашын отырғызған болатын. Тура сол жерде төрт адамның мәйіті табылды.

Ал ішкі істер органдары таратқан мәліметке сәйкес, Шахло Шәріпова үйдегі жанжалдан кейін балаларын өлтіріп, артынан өз-өзіне қол салған.

Оқи отырыңыз: Таңертең үйіне келген әйел үш немересінің мәйітін тапты

"10 сәуірде 20.12.1988 жылы туған Некнот ауылының тұрғыны Шахло Шәріпова отбасындағы жанжалдан кейін өз-өзіне қол саламын және балаларын өлтіремін деген ниетпен бәрін "Боги Ниёз" деген жерге алып барған. Сол жерде оларды орамалмен орап, ағашқа асып өлтірген. Осыдан кейін өзі асылып өлді", - делінген ресми хабарламада. 

Ауылдық кеңесінің басшысы Дониёр Ортиковтың айтуынша, қайғылы оқиға туралы ақпарат түстен кейін тараған.

"Шынымды айтсам, адамдардың айтқанына сене алмадым. Бірақ артынан өз көзімен көрдім. Біз марқұмның қайын атасымен және ауылдастармен бірге барып, мәйіттерді ағаштан түсіріп алдық", - дейді ол.

Қазіргі кезде тергеу шаралары басталды. Сот-медициналық сараптаманы өткізу үшін мәйіттерді Пенджикент қаласына жеткізді.

Ал Некноттың тұрғындары Шахло Шәріпованың бірнеше жыл бұрын Душанбеден келгенін және  Джураевқа тұрмысқа шыққанын айтты.

"Қарапайым отбасы, бір аулада бірнеше жанұя тұрған. Бұрын Джураевтар малшылықпен айналысқан. Артынан егіншілікке ауысып кетті. Үйдегі жанжалдар немесе зорлық-зомбылық әрекеттері туралы естіген емеспіз ", - деді тұрғындар.

2062
Кілт сөздер:
бала өлімі, қылмыс
Тақырып бойынша
Шамалғанда 57 жастағы тұрғынның мәйіті өз үйінен табылды - полиция әйелін ұстады
Шығыс Қазақстанда 2 жасар баланың мәйіті табылды
Анасы көршінің үйінде болған: 2 жасар баланың өліміне қатысты тың ақпарат шықты
"Мәйітті қорада жасырған": ауыл тұрғындары мұғалімнің жұмысқа шығуына қарсылық білдірді