Китайцы

Қытайда әр отбасының үш балалы болуына рұқсат беріледі

1254
Қытай билігінің бұл шешімі халықтың жылдам қартаюына байланысты қабылданып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр - Sputnik. Қытайда демография саласында жаңа өзгеріс жоспарланып отыр. Әр отбасыға үш балалы болуға рұқсат етіледі, деп хабарлайды РИА Новости. Бұдан бұрын әр отбасыдағы бала саны екіден аспайтын.  

Осылайша, жарты ғасырдан бері демографиясын бақылауда ұстап отырған Қытай тұрғындарының "құрамын" өзгертуге ниетті. Атап айтқанда, қартайған тұрғындар санын азайтып, гендерлік теңгерімсіздікті қалпына келтірмекші.

1970 жылдардың аяғында Қытайда қала тұрғындары үшін "Бір отбасы - бір бала" деген қатаң қағида енгізілді. Ал ауыл тұрғындарына әсіресе бірінші баласы қыз болса, екі балаға рұқсат етілді.

Нәтижесінде халық саны көп болғанымен, қартайған халықтың үлес салмағы өсіп отырды. Қытай тұрғындарының орташа жасы - 38,8.

Оқи отырыңыз: Қытай халқы жылдам қартайып барады

Сонымен қатар қоғамда ерлер саны әйелдер санынан әлдеқайда басым түсіп, гендерлік теңгерімсіздік пайда болды.

2013 жылдан бері ерлі-зайыптылардың бірі әке-шешесінен жалғыз бала болған жағдайда, оларға екі балалы болуға рұқсат етілді. Енді кез-келген отбасы екі балалы бола алады.

Халықтың қартаюы салдарынан жұмысқа жарамды адамдар саны азаяды, отбасылардың егде жастағы адамдарды күтуге кететін шығыны мен уақыты артады және негізгі қоғамдық қызметтер жүйесіне қосымша қысым жасайды. Дегенмен Қытай билігі бұл жағдайдың оң әсерін де атап өтті. Бұл "күміс экономиканың дамуына", қарияларға арналған тауарлар мен қызметтердің көбеюіне және технологиялық прогресті ілгерілетуге түрткі болды.

1254
Кілт сөздер:
бала туу, демография, халық саны, Қытай
Сириядағы журналистер. Архивтегі фото

Халед әл-Хатыб атындағы халықаралық сыйлыққа өтінім қабылдау басталды

46
(Жаңартылды 21:39 30.07.2021)
Жүлде 2017 жылы Сирияда қаза тапқан журналист Халед әл-Хатыбты еске алу үшін тағайындалған

НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. RT телеарнасы журналистерге қақтығыс аймағында дайындаған үздік жұмысы үшін берілетін жыл сайынғы Khaled Alkhateb International Memorial Awards халықаралық сыйлығына өтінім қабылдауды бастады. 

Сыйлық 2017 жылы 30 шілдеде Сирияда қаза тапқан журналист Халед әл-Хатыбты еске алу үшін тағайындалған. Биыл бұл жүлде төртінші рет өткізіліп отыр.

Халед әл-Хатыб атындағы Халықаралық сыйлық төмендегі аталымдар бойынша беріледі:

  • "Қақтығыс аймағында дайындалған үздік жұмыс: мәтін";
  • "Қақтығыс аймағында дайындалған үздік жұмыс: видео";
  • "Соғыстан кейін: мәтін/видео" - соғысты бастан өткерген және бейбіт өмірге оралған адамдардың және тұтас халықтың тағдыры туралы. Номинация алғаш рет ұсынылып отыр.   

Khaled Alkhateb International Memorial Awards — 2021 жүлдесінің жеңімпаздары 200 мың рубль көлемінде ақшалай сыйлық алады.

https://award.rt.com сайтында өтінім беруге болады. Жеңімпаздар 30 қарашада анықталады.

Алғашқы жылы Ирак, Ирландия және Сингапурдан қатысқан журналистер марапатталды. Қазылар алқасының құрамында шетелдік және ресейлік журналистер, оның ішінде Ирада Зейналова мен Евгений Поддубный болды.

2019 жылы 25 елден жолданған жұмыстар қаралды.

Сириядағы, Ирактағы және Ливиядағы қақтығыстар туралы айтқан Ресей, АҚШ, Италия және Үндістанның өкілдері лауреат атанды. 2020 жылы RT сыйлығын Ресей, Сирия және Үндістанның әскери корреспонденттері алды.

RT телеарнасы RT Arabic-пен ынтымақтастық орнатқан 25 жастағы журналист Халед әл-Хатыбты еске алуға арналған Khaled Alkhateb International Memorial Awards сыйлығын тағайындады.

Ол 2017 жылы Сирияның Хомс провинциясындағы содырлардың зымыран шабуылы салдарынан қаза тапты. Халед өз репортаждарында Сирияның үкіметтік күштерінің террористермен соғысын көрсетті.

46
Ақ үй

АҚШ сенаторлары Ақ үйге ультиматум қойды - саясаттанушы пікірі

94
Америкалық 12 республикашыл сенатор АҚШ қаржы министрлігі мен Ақ үйге ультиматум қойды

НҰР-СҰЛТАН, 29 шілде — Sputnik. Американың бір топ сенаторы ресейлік "Солтүстік ағын - 2" жобасы тоқтатылмаса, АҚШ-тың қаржы министрлігіндегі тағайындауларға бұғаттау енгіземіз деп қысым көрсетті. Sputnik радиосының эфирінде саясаттанушы, заманауи мемлекеттік даму институтының директоры Дмитрий Солонников осы жағдайға қатысты өз ойын бөлісті.

Америкалық 12 республикашыл сенатор АҚШ қаржы министрлігі мен Ақ үйге ультиматум қойды. Олар "Солтүстік ағын – 2" жобасына жаңа санкциялар енгізуді талап етіп отыр.

Олар ұсынған хаттан үзіндіні Bloomberg агенттігі жариялады.

"Солтүстік ағын – 2" газ құбыры Америка Құрама Штаттары мен оның одақтастары және серіктестерінің ұлттық қауіпсіздік мүддесіне тікелей зиян келтіріп отыр. Бұл жоба аяқталатын болса, онда РФ президенті Владимир Путиннің Еуропаға ықпалы артып, Украинаның қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және ресейлік агрессияның артуына алып келеді", - деп жазылған хатта.

Ақ үй әкімшілігі "газ құбырына қатысты өз позициясын өзгертіп, жаңа санкциялар енгізбесе", сенаторлар қаржы министрлігіндегі екі қызметтік тағайындауға тосқауыл болуды көздеп отыр.

Күні кеше Nord Stream2 AG газ құбырының операторы аталған жоба 99 процентке дайын екенін жариялады.

Sputnik радиосының эфирінде саясаттанушы, Заманауи мемлекеттік даму институтының директоры Дмитрий Солонников ресейлік жобаға қарсы тұру ішкі саяси күрес құралына айналғанын айтты.

"Бұл ұзаққа созылатын ойын. Қазір демократтар мен республикашылдардың орны ауысқанын көріп отырмыз: енді демократтар өз ұстанымдарын қорғап, Кремльмен еш байланысы жоқ екенін дәлелдеп жатыр. Жалпы АҚШ ішінде түрлі позициялар бар екенін, елдің ешбір президенті өз бетінше мемлекет болашағын шеше алмайтыны бұрыннан белгілі. Аталған позициялардың авторлары түрлі қысым көрсетуді жалғастыра береді. Бұл "Солтүстік ағын – 2" жобасы іске қосылғанша жалғаса береді. Алайда газ құбыры жақында іске қосылады. Ал қаржы министрлігіндегі тағайындауды созбақтау жалғасады. Бұл АҚШ-тағы ықпал үшін күрес", - деп санайды Дмитрий Солонников.

94
солдат

Отставкадағы генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов өмірден озды

0
Қорғаныс министрлігінің басшылығы мен қарулы күштердің жеке құрамы Құрбан Сәкенұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстарына көңіл айтты

НҰР-СҰЛТАН, 31 шілде – Sputnik. 64 жасына қараған шағында отставкадағы генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов коронавирус инфекциясынан қайтыс болды, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.

Генерал-лейтенант в отставке Курбан Каражанов
© Photo : министерство обороны Республики Казахстан
Құрбан Қаражанов

Құрбан Қаражановтың 31 шілдеде қайтыс болғаны хабарланды.

"Генерал-лейтенант Құрбан Қаражанов абыройлы, ерік-жігері мықты, нағыз патриот болатын. Ол ұдайы күрделі қызметтерді атқарды. Бүкіл ғұмырын елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға арнады", - делінген хабарламада.

Генерал-лейтенант Құрбан Сәкенұлы Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищені бітірген. Әскери мансабын 1979 жылы мотоатқыштар взводының командирі қызметінен бастады.

Қазақстан армиясы құрылған сәттен бастап әр жылдары еліміздің қарулы күштерінде жауапты қызметтер атқарды. ІІ дәрежелі "Данқ" орденімен марапатталған.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінің басшылығы мен қарулы күштерінің жеке құрамы Құрбан Сәкенұлының мезгілсіз қайтыс болуына байланысты туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.

0