Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Ғани

Ауғанстанның экс-президенті БАӘ-ге қазақстандық компанияның ұшағымен қашты БАҚ

733
(Жаңартылды 11:57 03.10.2021)
Ашраф Ғанимен бірге Кабулдан қашқан 53 адамның бірі жексенбі таңғы сегізден дүйсенбі кешке дейін не болғанын айтып берді

НҰР-СҰЛТАН, 3 қазан – Sputnik. Ауғанстанның бұрынғы басшысы Ашраф Ғани 15 тамызда Өзбекстан арқылы елден қашып, ол жақтан қазақстандық әуе компанияның лайнерімен Біріккен Араб Әмірліктеріне ұшып кетті. Бұл туралы Ауғанстанның Hasht e Subh Daily газеті Ашраф Ғанидың айналасындағы дереккөз бен Flightradar сервисінің деректеріне сүйеніп жазды.

15 тамызда Ашраф Ғанимен бірге Кабулдан қашқан 53 адамның бірі жексенбі таңғы сегізден 16 тамыз, дүйсенбі кешке дейін не болғанын айтып берді.

Дереккөздің айтуынша, елден қашу үшін президент сарайының аумағында шұғыл жағдайларға арналған бірнеше тікұшақ жұмылдырылды. Өзбекстанның Термез қаласына сол күні төрт тікұшақ қонған. Олардың ішінде ұшқыштар, екінші ұшқыштар және ӘӘК техникалары – 22 адам мен Ғанидың осынша күзетшісі болған. Олардың ешқайсысында төлқұжат болмапты.

Өзбекстанда Ғани мен оның адамдары бір тәуліктен астам уақыт тұрақтайды. Дереккөздің сөзінше, оларды өзбек әскерилері қадағалаған. Олар елге келген ауғандардың әр қимылын бақылап, тіпті бір-бірімен сөйлесуге де рұқсат бермеген. Кейін 16 тамыз, дүйсенбі түс кезінде 31 сағат бойы Термез әуежайында отырған қашқындарға шағын ақ ұшақ келген. Әуе кемесінің мемлекеттік немесе коммерциялық символикасы болмапты.

Flightradar сервисінің ақпаратынша, бұл жерде қазақстандық FlyJet әуе компаниясының ұшағы туралы сөз болып отыр. Лайнер Термезден Әбу-Дабиге рейс орындаған. Ашраф Ғани мен оның 53 серігі 16 тамыз сағат 23.00-де БАӘ-ге ұшып кеткен. Жол ұзақтығы 3,5 сағатты құрады. Ұшақ қонғаннан кейін, ауғандарға "бірнеше араб" келіп, Ғаниды қарсы алған. Дереккөз Өзбекстанда ауғандарға құрмет көрсетпесе де, Әбу-Дабиде жақсы қарсы алғанын атап өтті.

Ашраф Ғани әуежайдан шыққан сәттен бастап, дереккөз оны да, басқа ресми тұлғаларды да көрмегенін айтты. Дереккөздің сөзінше, БАӘ шенеуніктері оған және басқа да ауғандарға "бұл елде тұруға мүмкіндігі жоқ" екенін ескерткен.

Ауғанстан бір айдан астам уақыт бойы Талибан* қозғалысының бақылауында отыр. Бұл Қазақстанда, Ресейде және басқа да бірқатар елде тыйым салынған экстремистік діни ұйым. Көптеген ел өз азаматтарын эвакуациялады, оның ішінде Қазақстан да бар. Бұған дейін ҰҚШҰ елдері өз аумағында ауған босқындарын орналастырмайтынын мәлімдеді. Қазақстан Ауғанстанда тұратын этникалық қазақтарды ғана қабылдап жатыр.

Оқи отырыңыз: 

733
Кілт сөздер:
Ауғанстан, Ашраф Гани, ұшақ
Банкет

Қаралы күні банкет жасаған басшы жұмыстан қуылды

944
Сол отырыста болған адамдардың жүрегі жоқ шығар, деп жазды аймақ басшысы

НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Кемеров ауданының Прокопьев қаласының басшысы Вячеслав Старченко "Листвяжная" шахтасында қаза болғандарды аза тұту күні банкет жасағаны үшін қызметтен қуылды, деп хабарлады РИА Новости.

Кузбастағы шахтада болған апаттан көз жұмғандардың саны 51 адамға жетті, оның алтауы құтқарушылар. Кемеров ауданында 26-28 қараша аралығы қаралы күн болып жарияланды.

Сол күні Прокопьев қаласының мэрі қызметке тағайындалуына байланысты банкет өткізген. Ресторандағы отырыстың видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.

"Прокопевтің әкімшілігі жаңа басшы тағайындалуын атап өтпекші болған. Бүкіл Кузбасс тұрғындары апат туралы әр жаңалықты жүректері қан жылап қабылдап отырғанда олар осындай әрекетке барды", - деп жазды аймақ басшысы Сергей Цивилев Telegram-арнасында.

Губернатор бұл жағдайда сипаттауға айтарға сөз таба алмай отырғаны атап өтті.

"Сол отырыста болған адамдардың жүрегі жоқ шығар. Вячеслав Старченко отставкаға жіберілді", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, "Листвяжная" шахтасындағы трагедия 25 қарашада таңғы уақытта болған. Жер астында метан жарылып, шахтаны көк түтін алып кетті. Сол кезде 285 адам жұмыс істеп жатқан.

Оқи отырыңыз:

944
Кілт сөздер:
Ресей, аза тұту, басшы, шахта, апат
Мәскеу муфтиі Ильдар Аляутдинов

Мәскеудің бас мүфтиі ҚМДБ-ның ұсынысына қатысты өз ойын айтты

71
"Қара" деген сөз жаман ойға жетелейді. Осы тұрғыда Қазақстан мүфтиятының ұсынысы орынды , деді Ильдар Аляутдинов

НҰР-СҰЛТАН, 26 қараша – Sputnik. Мәскеу мұсылмандары діни басқармасының басшысы Ильдар Аляутдинов "қара жұма" атауына қатысты пікір білдірді.

Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай Қажы Тағанұлы сауда орталықтары мен кәсіпкерлерді жаппай сатылымға арналған "қара жұма" атауын "жомарт жұмаға" ауыстыруды ұсынды. Себебі мұсылмандар үшін "жұма" сөзі қасиетті, қастерлі ұғымды білдіреді. Ал "жомарт жұма" жүрекке жылы тиеді. Халқымыздың ұғымына да сай келеді. Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ.

"Мұсылман қауымы үшін жұма қасиетті күн болғандықтан, "қара жұманы" "жомарт жұма" деп өзгертсек, бұл Ислам дінін ұстанатын халқымызға көрсетілген құрмет болмақ. Осылайша кәсіпкер азаматтарымыз ізгі ниетінің арқасында "жомарт жұма" акциясын өткізіп, қаншама жанның алғысына бөленер еді", - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Оқи отырыңыз: Бас мүфти "қара жұма" атауын өзгертуді ұсынды 

Мәскеу мұсылмандары діни басқармасының басшысы Ильдар Аляутдиновтың ойынша, "қара жұма" тіркесі жаман мағынаны білдірмейді. Өйткені сол күні дүкендер мен компаниялар халыққа барынша жеңілдік жасайды. Дегенмен "қара" сөзін көп жағдайда жаман нәрсемен байланыстырып жатады.

"Қара" деген сөз жаман ойға жетелейді, лас, қорқынышты, қара күштермен байланыстырып жатады. Осы тұрғыда Қазақстан мүфтиятының ұсынысы орынды. Болашақта, шынымен де осы атауды өзгертуге болады", - деді Аляутдинов РИА Новости порталына берген сұхбатында.

Айта кетері, АҚШ тұрғындары қарашаның соңында жылдың басты мейрамы – Алғыс айту күнін тойлайды. Осы күннен кейінгі жұманы "қара жұма" деп атап кеткен. Себебі сол күні сауда орталықтары үлкен жеңілдіктер жасайды. Биыл "қара жұма" 26 қарашаға келіп тұр.

71
Кілт сөздер:
ҚМДБ, Бас мүфти, қасиетті жұма
коронавирус

Оқушыларды ата-ана келісімінсіз вакциналау туралы бұйрық шыққаны рас па

0
Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарды әлеуметтік желілерде тараған күмәнді ақпаратқа сенбеуге шақырды

НҰР-СҰЛТАН, 27 қараша – Sputnik. Әлеуметтік желілерде 1-11 сынып оқушыларын ата-ана келісімінсіз COVID-19-ға қарсы вакциналау туралы бұйрық шыққаны туралы хабарлама тарады. Бұл ақпаратты Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды, деп хабарлайды StopFake.

Ведомствоның хабарлауынша, мұндай бұйрық ешқашан болмаған.

"Осы жарияланымға қатысты кез келген профилактикалық егу, соның ішінде коронавирусқа қарсы вакциналау да ата-аналардың ақпараттандырылған келісімімен ғана жүргізілетінін хабарлаймыз. Вакциналауға жататын жасөспірімдердің тізімін жоспарлау және жасау процесінде келісім алдын ала жиналады. Осыған байланысты алдын ала жасалған тізім бойынша вакциналауға ата-анасы қол қойған келісімі бар балалар және ата-анасының қатысуымен ғана екпе салдыруға шақырылады", – деп түсіндірді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.

Оқи отырыңыз: Цой ақылы вакцинация қашан басталатынын айтты

Оның айтуынша, мектептерде мәжбүрлі вакциналау жүргізіліп жатқан жоқ. Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің № 36 қаулысына сәйкес оқу мекемелерінде күн сайын кіру кезінде тексеру жүргізіледі. Мектептің барлық қызметкері термометриядан өтіп, кіреберісте қолын санитайзермен өңдеуге міндетті. Сабақ кестесі оқушылар бір-бірімен барынша аз байланыста болатындай етіп жасалады.

Ержан Байтанаев қазақстандықтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тараған күмәнді ақпаратқа сенбеуге шақырды. Шынайы ақпарат алу үшін комитеттің ресми интернет-ресурсына, "COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК" телеграмм-арнасы сияқты ресми дереккөздерге және Facebook, Instagram және YouTube әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарға жүгінуге немесе комитетке жазбаша сауал жолдауға болады.

0