Архивтегі фото

АҚШ парник газдарын шығарудан көш бастап тұр  

45
Өткен жылдың көрсеткіштері ақпанда жарияланады. Бірақ қазірдің өзінде АҚШ-та көмір өндіру артқаны белгілі болып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар – Sputnik. Америка көп көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Бірақ 2022 жылы ол ешкім күтпеген рейтингте бірінші орынға шықты. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдар қатты наразылық білдіруде: АҚШ экономиканы қалпына келтіруге және пандемиядан шығуға тырысып, декарбонизация бойынша мәлімдеген мақсаттарынан алшақтап барады, деп хабарлады РИА Новости.   

Өткен жылы Америкада парник газдарының барлық түрін ауаға шығару көлемі жеті процентке өскені анықталды, оған көмірсутекті қазба отыны, атап айтқанда, газ бен көмірдің рөлі күрт артуы себеп болған. Бұл алдын ала мәлімет, дегенмен АҚШ энергия теңгерімінде жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттырғанына қарамастан баламалы энергетиканы қолдаушылар үшін бұл көңіл түсіретін жайт болып отыр.  

Пандемиямен өткен екі жыл әлем экономикасын есеңгіретіп тастады, миллиардтаған адамның өмір сүру тәртібі өзгеріп, біршама қолайсыздық туғызды. Алайда жасыл экономиканы жақтаушылар үшін бұл нағыз бақытты кезеңге айналды. 2019-2020 жылдары АҚШ-та парниктік газдардың ауа шығарылу деңгейі тарихи минимумға жетіп, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған кездегі нәтижемен теңесті. Тіпті әлем экономикасын қалпына келтіруге белсенді кіріскен 2021 жылы да аса апатты бола қойған жоқ: жаһандық пандемия басталғанға дейінгі көрсеткіштен бес процентке төмен нәтиже тіркелді.

АҚШ тарихында алғаш рет баламалы генерацияның үлесі өндірістің бестен бір бөлігін құрады, яғни жылына шамамен 820 тераватт-сағат және ол көрсеткіш бойынша атом секторымен теңесті. Ал Америка әлемдегі ең атомды мемлекет саналады.

Өткен жылдың қазанындағы жағдай бойынша онда тоқсан үш реактор жұмыс істеп тұрды. Салыстыру үшін айтсақ: осы көрсеткіш бойынша екінші орында тұрған ел – Францияда екі есе аз, небәрі 56 энергоблок бар. Америкалықтар жаңартылатын энергия көзі сегментінде жел, күн және биомассамен бірге гидроэнергетикасын да қоса қарастыратынын ескеру керек. Америкалық су электр станциялары барлық электр энергиясының кем дегенде алты процентін өндіреді, ал мемлекеттік Energy Information Administration гидроэнергетика базасында өндіріс көлемі кем дегенде тағы бір процентке артады деген болжам жасады.

Жағымды жаңалықтар мұнымен бітпеді. Жел және күн станцияларының иелері 2022 және 2023 жылдары сәйкесінше 29 және 28 гигаватт өндіріс қуатын пайдалануға беруді жоспарлап отырғанын айтты. Шын мәнінде бұл әлеуетті мүмкіндіктерді екі есе арттыруды көздеп отыр. Алайда оң қарқын осымен аяқталады.

Егер энергетикалық ақпарат басқармасының көмірсутектен бас тартуды қарастыратын баяндамаларын зер салып оқысақ, онда олар жоспар, болжам мен үміт сипатында екенін көруге болады. Ал өндіру мен қазба отынды тұтынудың алдын ала саны әрбір үйге электр мен жылу түрінде кірген нақты көрсеткіш екені белгілі.

Өткен жылдың көрсеткіштері ақпанда жарияланады. Бірақ қазірдің өзінде АҚШ-та көмір өндіру артқаны белгілі. Америкалық кеншілер 2020 жылғыдан он процентке көп көмір өндірді. Яғни өндірудің таза өсімі шамамен 55-60 миллион тоннаны құрады.

Алынған қара алтын ауаға ыдырап кеткен жоқ. Біраз бұрын төмендеген көмір базасында электр өндірісі жақында ғана атом секторы және жаңартылатын энергия көзімен теңесті де, 1000 тераватт-сағат көрсеткішке жетті. Басым бөлігі Азияға, атап айтқанда Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапонияға жөнелтілген көмір экспортынның көрсеткіштері де шарықтады.

АҚШ БҰҰ-ның атом энергетикасын зиянсыз деп тану туралы шешіміне қатысты әзірше ешқандай пікір білдірген жоқ. Алайда жергілікті эккологтар мұны өз бетінше мойындауға дайын. Олардың өкінішіне қарай, Америкада атом реакторларының паркі қарқынды ескіріп жатыр және жаңа нысандарды іске қосу перспективасы жоқ. Конгрестің қос палатасы бекіткен Vogtle АЭС құрылысының соңғы жобасы 2012 жылы қабылданған. Бұл елде құрылыс сатысында тұрған жалғыз станция болып саналады. Бірақ жоба бойынша жаңалық жоқ.

Әйтсе де классикалық энергия көздерін жел диірмендері немесе панельдерге алмастыру әзірше мүмкін емес екені расталды. Мысалы, Американың Солтүстік Дакота штатында және Канаданың Альберта провинциясында қатты аяз салдарынан Keystone мұнай құбыры тоқтап қалды. Минус 35 градусқа дейін төмен ауа температурасы магистраль иелерін, TC Energy компаниясын мұнай өнімдерін айдауды тоқтатуға мәжбүрледі. Ал бұл нарықтағы тоқырау мен бензин және дизель бағасын қатты қымбаттатып жіберді.

Бірақ табиғи газ өндірісі мен тұтыну ауқымды өсім көрсетті. Соңғы он бес жылда оның халық қажеттілігі үшін электр өндірісіндегі үлесі АҚШ-та екі есе ұлғайды. Егер 2005 жылы табиғи газ негізінде өндіруші компаниялар 750 тераватт-сағат өндірсе, 2021 жылы оның үлесі 1600 тераватт-сағат деңгейінде болады деп жоспарланып отыр. Бұл атом және жасыл энергия беретін көрсеткішпен бірдей.

БҰҰ табиғи газды да қауіпсіз энергия көздері тізіміне қосуды ұйғарып отыр. Бірақ заманауи "жасылдар" бұл оймен түбегейлі келіспейді. Оған негіз жоқ емес. U.S. Environmental Protection Agency мәліметі бойынша, 2019 жылы газ, жанармай өндіру және тоқтаған ұңғымалар метан шығарындыларының үштен бірін құрады.

Сонымен қатар пандемия біршама әлсіреп, шектеулер жеңілдетілгеннен кейін АҚШ-та жеке және басқа да көлік саны арта түсті. Сондықтан өткен жыл автокөліктің парниктік және басқа да газдардың шығаруы бойынша рекордтық көрсеткішке жетті. Қарашада үкіметтің тиімді утилизациялау мақсатында атмосферадағы көміртекті тұту бойынша техникалық нысандар құрылысына рұқсат беретін заңды қабылдауы да ахуалға оң сипат бере алмады. Осы мақсатта бюджеттен үш жарым миллиард доллар бөлу қарастырылып жатыр.

2050 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу үшін адамзат ертеңнен бастап жылына кемінде 7,5 миллиард тонна газды, яғни адамзат өркениеті өндірген көлемнің кем дегенде бестен бірін тұтып, пайдалануға кірісуі керек деген есеп бар. Ал қазіргі уақытта, тіпті ең оптимистік болжам бойынша, атмосферадан 40 миллион тоннадан аспайтын көміртегі алынады, яғни шамамен 0,01 процент.

45
Сергей Лавров

Ресей Қазақстанды Одақтас мемлекетке мүшелікке шақырмайды Лавров

333
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров жылсайынғы баспасөз конференциясын өткізді

НҰР-СҰЛТАН, 14 қаңтар - Sputnik. Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров жылсайынғы баспасөз конференциясында АҚШ-пен қауіпсіздік кепілдігі бойынша келіссөздер қалай жүріп жатқанын, Батыс ҰҚШҰ туралы не ойлайтыны жайында айтып, Ресей Қазақстанды Одақтас мемлекетке мүшелікке шақыра ма, жоқ па деген сұраққа жауап берді, деп жазды РИА Новости.

Әлемдік геосаясаттағы күрделі жағдай туралы

"Жағдай жақсарып жатқан жоқ, қақтығыс әлеуеті артып келеді. Батыстағы әріптестер жағдайдың кері сипатта өрбуіне шешуші ықпал етуде, олар БҰҰ жарғысына негізделген халықаралық қатынастардың құрылымына нұқсан келтіру бағытын ұстанып, халықаралық құқықты өз ережелерімен алмастыруды көздеп отыр", - деді Ресей министрі 2021 жылдың қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында.

Сергей Лавров НАТО Украина мен скандинавиялық елдерді өз қатарына қосуға үндеп жатқанын мәлімдеді.

"Солтүстік Атлантикалық альянсқа құрамын жасанды түрде кеңейту, оған негізінен Украинаны тарту әрекеттері тыйылмай тұр. Жақында НАТО басшылығы Солтүстік Атлантикалық альянсқа кірмейтін Скандинавия елдерінің мүше болатыны туралы қызықты мәлімдеме жасады", - деді ол баспасөз конференциясында.

Бейсенбіде НАТО бас хатшысы Швеция мен Финляндия альянстың қорғаныс стандарттарына сай келетінін айтып, олардың саяси шешіміне қарай қос мемлекет НАТО-ға мүше бола алатынын айтты.

АҚШ Ресей ұсынысынан бас тартса не болады

Сергей Лавров Ресей қауіпсіздік кепілдігі жөнінде АҚШ пен НАТО-дан жауап күтіп отырған шақта оқиғаның кез келген сценарийіне дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жауап жазбаша күйде ұсынылуы керек.

"Егер біздің ұсынысымызды кері қайтарса, біз жағдайды бағалап, президентке баяндаймыз... Барлық факторды, ең алдымен өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету мүдделерін есепке алып шешім қабылдаймыз", - деді Лавров.

Оның айтуынша, НАТО бүгінде Ресей шекарасына тым жақын келді  және қазір альянс әскери жоспар бойынша территорияны белсенді игеріп жатыр, құрлықтағы күшті, авиацияны нығайтып, Қара теңіздегі оқу-жаттығулар ауқымын кеңейтуде.

ҰҚШҰ тиімділігі мен жинақталған тәжірибе туралы

"Бұл тәжірибені қолдануға енді қажеттілік болмайды деп үміттенемін. Бірақ мылтықты кезеулі күйде ұстауды ұмытпау қажет. Себебі мұндай жағдай алда-жалда тағы пайда болса қайтпек керек? Әрине, біз оның алдын алу үшін барлық қажетті шараны қабылдап, соның ішінде ҰҚШҰ-ның тиісті құрылымдары арқылы барлық іс-әрекетті жүзеге асырып жатырмыз", - деді ол баспасөз конференциясы барысында.

Қазақстандағы ҰҚШҰ бітімгерлеріне байланысты Батыс санкция енгізе ме

Қазақстанның өтініші бойынша ҰҚШҰ күштерінің жұмылдырылуына байланысты Батыс санкция енгізуі мүмкін. Сергей Лавров батыстағы әріптестерден барлығын күтуге болады дейді.

"Біз нақты мәселелер аясында жұмыс істейміз. Алайда батыстағы әріптестерімізден кез келген әрекетті күтуге болады. Бірақ жағдайдың түрлі бағытта өрбуіне дайынбыз", - деді Лавров.

Батыс ҰҚШҰ-ны таңырқап бақылап отырды

"Бітімгершілік күштерінің (ҰҚШҰ) әлеуеті өз қабілетін бүкіл әлемге дәлелдеді деп ойлаймын. Қазақстан президентінің өтініші бойынша осы елге көмек көрсету үшін ҰҚШҰ-ның барлық елінен жіберілген әскери бөлімшелерді орналастыру жылдамдығына Батыс таңғалды, барлығы жоғары бағалағанына күмәнім жоқ", – деді Лавров баспасөз конференциясында.

Лавров Қазақстанда қалыптасқан жағдай соңғы жылдары бітімгерлік әлеуетті дамыту бойынша ҰҚШҰ-да қабылданған шаралардың тиімділігін айғақтағанын айтты.

Ресей Қазақстанды Одақтас мемлекетке шақыра ма

РФ СІМ басшысы Сергей Лавров Ресей мен Беларусьтің Одақтас мемлекетіне мүше болуға Қазақстанды шақыру мүмкіндігі туралы алып-қашпа әңгімеге қатысты пікір білдірді.

"Біреуді мүшелікке шақыратын әдетіміз жоқ. Бір тарап өтініш білдірсе, ол өтінішті конструктивті тұрғыда қарастыратын рәсім бар. Мүшелікке шақыратын әдетті батыстағылардан көріп отырмыз. Олар бүкіл мемлекетті НАТО-ға кіруге шақырып жатыр. Бұл біздің әдіс емес", - деді Лавров.

333
НАТО

Батыс Ресей ұсынысынан бас тартты: енді не болады?

82
Батыс бірнеше ай бойы Ресей Украинаға шабуыл жасауға дайындалып жатыр деген дүрбелең ақпарат тудырып, жыл соңында оған өздері сеніп қалды

НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Ресей қауіпсіздігінің кепілдіктері бойынша Батыспен келіссөздің алғашқы кезеңі аяқталды: Женевада ресейлік-америкалық кездесу және Брюссельде НАТО-мен келіссөз өтті. 13 қаңтарда Венада ЕҚЫҰ форматында кезекті кездесу өтеді. Бірақ ол формалды сипатта болады, деп жазды РИА Новости.

Қатаң талаптарды қарастырған ресейлік ұсыныстарды АҚШ қабылдай қояды деп ешкім күткен жоқ. Себебі орыстар НАТО-ның шығысқа қарай (ең алдымен бұл Украинаға қатысты) кеңеюден бас тартуын талап етті. Ал бұл Мәскеуге альянстың кеңеюіне вето құқығын беретін еді. Сондықтан Вашингтон мұндай қадамға барғысы келсе де, бара алмайды. Бұл киевтік биліктің бүлінуіне және альянстың еуропалық мүшелері арасында бүлік шығаруына алып келеді.

Мұнда реакцияға олар альянсқа Украинаның мүше болуын немесе оны атлантизациялауды армандағаны себеп болмайды. Өйткені негізгі құрлықтық державаларға бұл қажет емес. Себеп – АҚШ-тың Мәскеумен келісімге келуі одақтастардың пікірін елемеуді білдіреді. "Бізбен есептеспейді, Ақ үйге Трамп қайта оралуы мүмкін, сонда Америка бізді тағдыр тәлкегіне қалдырып кете салады" деген пікір Еуропа елдері арасында жиі байқалады.

Сондықтан келіссөздің қалай аяқталатыны о баста белгілі еді: мемлекеттік хатшының орынбасары Шерман, бас хатшы Столтенберг те ресейлік өкілдермен кездесуден кейін орыстарға Украинаны НАТО-ға қабылдамау туралы ешқандай уәде берілмейтінін мәлімдеді.

"Одақтастардың барлығы альянстың басты ұстанымына қатысты бір пікірде: әрбір ел өз жолын таңдауда ерікті. Киев қашан альянс мүшесі болатынын Украина мен НАТО-ға мүше 30 ел ғана шеше алады. "Сендер бізге жақын тұрсыңдар, сондықтан ойларыңа келгенді істеуге жол бермейміз" деген секілді доң-айбаттың барлығы ықпал ету аясын кеңейтуге деген талпыныс. Бұл өте қауіпті жол".

НАТО агрессиясына қатысты пікірді Толтенберг жоққа шығарып, альянстың кеңеюінде ешқандай қауіп жоқ екенін, себебі осылайша демократия таралып жатқанын айтты. "Бірақ Еуропада әскери қақтығыс қаупі бар және ол Ресейден бастау алып отыр. Себебі Грузияда, Украина мен Молдовада Ресейдің қарулы күштері бар. Оларды ол жаққа ешкім шақырған жоқ болатын" деген бас хатшы Ресейді осы аталған елдерден өз әскерін алып кетуге шақырды.

Осылайша НАТО орыстардың агрессия туралы айыптауларын негізсіз деп, өздерінің демократияны насихаттап жатқанын және орыстар демократияны одан әрі, шығысқа қарай жеткізуге кедергі келтіріп жатқанын айтты.

Алайда тараптар келіссөзді жалғастыру туралы келісті: тоқтаусыз талқылауға негіз болатын қару-жарақты орналастыру мен тексеруге қатысты көптеген мәселе бар. Бірақ альянсты кеңейтпеуге кепілдік беруге қатысты басты мәселені шешпейінше, мұндай талқылаулар қандай да бір үлкен нәтиже беретіні екіталай. Ресейлік ұсынысқа "жоқ" деп нақты жауап берілді. Әйтсе де алдағы күні Мәскеу ұсынған келісімшарт жобасына Вашингтонның ресми жауабында бұл кезекті рет нақтыланады.

Онда о баста мұның барлығы не үшін қажет еді? Мәскеу "бізге тез арада кепілдік керек" деген оқиғаны неге бастады? Осының жауабын іздеп бас қатырғандар көп. Ал жауабы анық көрініп тұр.

Бір ай бұрын Владимир Путин АҚШ-тан қандай да бір ымыраны күткендіктен емес, жаһандық тәртіпті қайта құрастырудың жаңа тарауын бастайтын уақыт келгендіктен осы қадамға барды.

Батыс бірнеше ай бойы Ресей Украинаға шабуыл жасауға дайындалып жатыр деген дүрбелең ақпарат тудырып, жыл соңында оған өздері сеніп қалды. Алайда НАТО-ға Киевті қабылдау бойынша ешкім нақты мерзімді атаған жоқ: атлантшылар бұл Ресейді арандатудың нақты себебіне айналатынын жақсы түсінді. Сонымен қатар Украинаны ұзақ уақыт бойы өз ықпалында ұстап тұра алмайтынын және Ресейді тежеу және оған қысым көрсетудің құралы ретінде пайдалану қиындай беретінін де ұғынды.

Украина бағалы актив болып тұрғандықтан, одан көз жазып қалатын уақытты мейлінше шегеруге кірісу, Батыс жайдан-жай оны бере салмайтынына Кремльді сендіру қажет болды. Ал қалай сендіру керек? Ол үшін "орыстар шабуылы" төңірегінде жағдайды шиеленістіру қарастырылды.

Дәл осы тұста Путин бастаманы өз қолына алып, Ресейдің батыстағылардың шығысқа қарай кеңейіп жатқанына шыдамы таусылғанын мәлімдеп, қарсы қадам жасады. Путиннің Киевтен шегіну туралы Батыс алдына қойған талабы бастапқыда-ақ қабылдауға келмейтін ұсыныс болды. Бірақ бұл жаңа ақиқаттың басталғанын, іс-қимыл мен жоспардың өзгергенін білдірді. Енді Батыс Украинаға шабуыл жасамау туралы Ресейге талап қойып отырған жоқ, керісінше, Мәскеу Батысқа жоспардың түбегейлі өзгергенін аңғартты.

Ресей өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық әрекетке баратынына енді батыс таңғалмауы керек. Алдағы күндері Батыс Путин ұсыныстарынан ресми түрде бас тартқаннан кейін орыстар әлемде жаңа тәртіп орнатуды басқа геосаяси ақиқатта жүзеге асыруға кіріседі. Сол кезде Батыс та Ресеймен қарым-қатынасты жаңа ереже талаптарына сәйкес қалыптастыруға мәжбүр болады.

82
Кілт сөздер:
Ресей, АҚШ
Аурухана, науқас

Алматыда тәртіпсіздіктерден кейін 110 адам ауруханада жатыр

0
15 қаңтарда Бас прокуратура бүлік кезінде Қазақстан бойынша 225 адамның көз жұмғанын мәлімдеген болатын

АЛМАТЫ, 17 қаңтар – Sputnik. Алматыда тәртіпсіздіктерден кейін мыңнан аса адам медициналық көмекке жүгінді, оның ішінде қазір 110 адам ауруханада жатыр.

Бұл туралы Алматының тыныс-тіршілігін қалпына келтіру жөніндегі қалалық штаб отырысында қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Тәртіпсіздіктер кезінде 1 259 науқас медициналық көмекке жүгінді, қазір стационарларда 110 науқас жатыр. Ішінде 8 адам жансақтау бөлімінде. Науқастардың жағдайы қалыпты", - деді Сұлтанғазиева.

Айтуынша, өткен аптада 3 науқас басқа денсаулық сақтау мекемелеріне ауыстырылды.

"Бір бала №2 балалар ауруханасынан жедел емдеу мақсатында Педиатрия институтына ауыстырылды. Екінші ота жасалды, баланың жағдайы қалыпты, жансақтау бөлімінде жатыр. Екінші бала қалалық жедел көмек көрсету ауруханасынан шұғыл көмек көрсетілетін балалар ауруханасына ауыстырылды", - деді Светлана Сұлтанғазиева.

Айта кетері, 15 қаңтарда Бас прокуратура Қазақстан бойынша бүлік кезінде 225 адамның көз жұмғанын мәлімдеді.

0
Кілт сөздер:
Алматы, тәртіпсіздік, аурухана, адам
Тақырып:
Терроризмге қарсы арнайы операция
Тақырып бойынша
Алматыдағы бүлік шығыны 112 миллиард теңгеден асады
Алматыда бүлікке қатысы бар 2,6 мың адам ұсталды
Алматы облысында мамандандырылған ХҚКО-лар ашылды
Талдықорғандық кәсіпкер қоршауда қалған әскерилер мен полицейлерге тамақ тасыған
Алматыда тәртіпсіздіктер кезінде 37 пәтер зақымдалды